«Ұйымның болашағы бұлыңғыр». Депутат «Атамекеннің» жұмысын сынады

0
Астанада «Атамекен» ҰКП-ның Х съезі өтті.
Мәжіліс депутаты Еділ Жаңбыршин «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының жұмысына көңілі толмайтынын айтты.
Оның айтуынша, қаңтар оқиғасынан кейін кәсіпкерлер палатасына жаңа басшылық келгенде ол ұйымда жақсы өзгерістер болады деп күткен.

Бүгінгі съезд баяғы партия съездерінің форматында өтіп жатыр. Кілең шеті жоқ есеп. Дискуссия жоқтың қасы. У-шу. Райымбек Баталов («Атамекен» ҰКП төралқасы төрағасы) ұлттық палатаны трансформациялау жөнінде баяндама жасады. Өз басым күткендей жүйелі өзгерісті естіген жоқпын. Баяндама тек басқа тілде жасалып, онда негізінен ағымдағы, ұйымдық, ұсақ мәселелер айтылды. Ауыл кәсібі жөнінде бір сөз айтылған жоқ, –  деп жазды Еділ Жаңбыршин Facebook-те.

Депутат төралқасы төрағасының баяндамасынан нақты индикаторлар мен цифрларды көрмегенін айтты.
«Мысалы, Қазақстан жылына 41 млрд долларға импорттық тауарларды алып отыр. Оны қалай азайтамыз? 2030 жылы шағын және орта бизнестің Қазақстанның ішкі жалпы өнімдегі (ВВП) үлесін 40% қалай жеткіземіз? Қайта өңдеу өндірісті қалай дамытамыз? Азық-түліктің дефицитін қалай шешеміз? Кәсіпкерлерге арзан несиені қайдан тауып береміз?», –  деді ол.
Еділ Жаңбыршин «Атамекенге» трансформацияның керектігін ескертті.

Экономикамызды дамыту үшін бизнесті біріктіретін ұйымға трансформация керек. Бірақ мен өз басым өзгерістерге апаратын нақты конструктивті ұсыныстарды көре алмадым. Бұл бағытпен кететін болсақ, «Атамекеннің» болашағы бұлыңғырлау, –  деп түйіндеді сөзін депутат.

Айта кетейік, елордада өткен «Атамекен» ҰКП-ның Х съезінде мына мәселелер талқыланды:
  • Абай, Жетісу, Ұлытау облыстарының өңірлік палаталарын құру;
  • ҰКП басқармасының өкілеттік мерзімін бекіту;
  • ҰКП-ның 3 жылға арналған индикативті (2023-2025 жылдар) бюджетті бекіту;
  • ҰКП Тексеру комиссиясының жылдық есебін бекіту.
  • Тексеру комиссиясының төрағасы мен мүшелерін сайлау.
  • ҰКП 2021 жылғы қызметінің қорытындылары туралы жыл сайынғы есепті бекіту және тағы басқа.