Тарихи сериалды діни тұрғыдан түсіруге қарсымын – Қанат Рамазан
Жуырда «Қазақстан» ұлттық телеарнасы 4 бөлімнен тұратын «Мағжан. Мен жастарға сенемін!» сериалын көрерменге ұсынған болатын. Айтулы ақынға арналған туынды көпшіліктің көңілінен шығып, жылы қабылданып жатыр. «Қазақстан тарихы» порталы аталған сериалдың сценариін жазған Қанат Рамазанмен сұхбаттасқан еді.
Қанеке, Мағжан Жұмабайға арналған «Мағжан. Мен жастарға сенемін!» сериалы көрермен тарапынан жылы бағасын алып жатыр. Жалпы тарихи тұлғаға қатысты сценарий жазу аса жауапты іс қой. Осы сериалдың сценариін жазуға қалай кірістіңіз? Әңгімемізді осыдан бастасақ…
– Негізі менің әртүрлі жанрдағы туындыларға сценарий жазып жүргеніме 12-13 жылдай болды. Ең алғаш сценарий жаза бастағанда әріптестерім «Қандай арманың бар?» деп сұрағанда «Мұқағали Мақатаев пен Мағжан Жұмабайға арналған фильмге сценарий жазғым келеді» деп жауап беретінмін. Құдай оңынан келтіріп, қос тұлғаға қатысты туындының сценариін жазуды нәсіп етті. Себебі қазақтың зиялылар қауымының ішінде Мағжан мен Мұқағали ойып орын алатын айрықша тұлға. Сценарий жазғанда ең алдымен тұлғаны жан-жақты зерттейсің ғой. Маған «Мұқағалиды жаз» деп хабарласқан кезде тарихи тұлға туралы жазуға жүрексіндім. Оның алдында «Қазақстан» ұлттық телеарнасының тапсырысы бойынша түсірілген Табылды Досымовқа арналған «Жаным менің» сериалының сценариін жазған болатынмын. Алайда Мұқағалиға қатысты сериалдың сценариін жазатын кезде алаңдадым. Біріншіден, ақынның көзін көрген адамдар арамызда бар, екіншіден, Мұқағали әртүрлі пікір айтылатын күрделі тұлға. Мәселен біреулер қисық өлеңдерін жаттап алып, «Осының бәрін Мұқағали жазған» немесе «Ол ішіп алып өлең шығарған екен» деп айтады. Бір сөзбен айтқанда «рамкаға» сыймай кеткен ақын ғой. Сол себепті «Бұ қалай болар екен?» деп жүрексіндім. Бірақ ақынды зерттегеннен кейін ондай адамдардың «гениальный» болатынына көзім жетті.
Негізі продюцерлер тарапынан тапсырыстар келіп жатқанда жазатын тұлғаның кім екеніне назар аударамын. Мысалы маған «Мағжанды жазасың ба?» деп шыққанда мен еш ойланбастан «Иә» деп бірден келісім бердім. Әдетте біз сценарий жазған кезде нарықтың жағдайына байланысты қаламақысына назар аударамыз ғой. Бірақ Мағжанға келген кезде қаржылық жағына мән бермей, бірден келістім. Себебі мектеп жасымыздан бастап ақынның жырларын оқып келеміз және оның қандай терең сұрапыл ақын екенін жақсы білеміз. Ең маңыздысы Мағжанның поэзиясы менің жаныма өте жақын. Мағжан сол ХХ ғасырдағы өзімен үзеңгілес болған ақындардан өзгеше болды. Өлең жазу стилі мен сол заманды түсінуі мүлде басқа болды. Өз заманынан әлдеқайда ерте туып қоятын ақындар болады. Мәселен біз Абайды өз заманынан ерте туған ақын деп айтамыз. Мағжанда тап Абай секілді өз заманынан 50 жыл ерте туылған ақын. Осы тұрғыдан келгенде маған Мағжан тақырыбы қызық болды.
Өкінішке қарай біздің телеарналдардың тапсырыс беру мауысымы тым қысқа. Бізде бір туындыны толық түсіріп біту үшін небәрі 4 ай уақыт береді. Жобаны алғаннан кейін сценаристі іздеп тауып, оған жаздыруыңнан бастап кастинг ұйымдастыру секілді мың сан жұмыстарға 4-ақ ай беріледі. Осы 4 айдың ішінде ең көп дегенде бір ай сценарий жазуға беріледі. Ал Мағжан секілді тұлғаға бір ай өте аз. Осы бір айдың ішінде өзі небәрі 4 серианың ішіне Мағжан секілді тұлғаның қырын ашуға тырсасың. Өйткені Мағжан секілді телегей теңіз дария тұлғаға қатысты материал өте көп. Оның бірін назардан тыс қалдырсаң жылағың келеді. Мәселен ақын өміріне қатысты киноға сұранып тұрған айшықты оқиға болады. Оны біздің қазіргі идеологияға сәйкестендіріп сәл түзеп жіберіп беретін миллион сәт болды. Алайда оның бәрін бірдей қамти алмайсың. Себебі сериалдың көлемі 4 бөлімнен тұрады. Осы тұрғыдан келгенде Мағжанды жазған кезде материалды екшеу жағы қиын болды. Қазір ойлап отырсам Мағжанды 4 серияға сыйдыру деген ерлік екен.
– Сериалда Мағжан мен Гүлсімнің арасындағы махаббат тақырыбы ең басты назарға алынады. Кейбір адамдар күйеуі бар әйелдің ақынмен арадағы қарым-қатынасын түсінбей жатыр. Бірақ ақын туралы сериалды махаббатсыз елестетуі тіпті мүмкін емес секілді…
– «Мағжан. Мен жастарға сенемін!» телехикаясындағы Гүлсімнің образы өмірде болған. Негізі Мағжан өлеңдерінің көпшілігін махаббат тақырыбында жазған лирик ақын. Махаббатты Мағжан басқалар секілді сырттан жазбай, ішіне кіріп жазады. Басқа ақындар махаббатты қол жетпейтін арман секілді бейнелесе, Мағжан қазақша айтқанда махаббаттың бөлме-бөлмелерін аралап кетеді. Мағжанды өзіне ғашық еткен Гүлсім башқұрт көпесі Бичуринның әйелі. Мағжанның лирикалық, махаббат тақырыбындағы өлеңдерінің 70-80 пайызы Гүлсімге арналған. Ашығын айтсақ Мағжанның өлеңдерінің ішінде көркемдік немесе стилистикалық жағынан сәл кемшін түсетін шығармалар бар. Бірақ бір қызығы ол өлеңдер Гүлсімге арналмаған. Тап осы Гүлсімге арналған өлеңдер шегіне жеткен, былайша айтқанда жүректің қылын қағып тұрған ең әдемі шығармалар.
Бір сөзбен айтқанда екеуінің арасында керемет махаббат болған. Біз оны неге ашып көрсетпейміз? Мәселен Америка мен Ресейдің киноларында қызықты оқиғалар жоқ болса да, бар қылып өз жанынан қосады. Ал ақын өмірінде тарихи дайын материал тұр. Сондықтан біз Мағжан мен Гүлсімнің арасындағы махаббат оқиғасын басшылыққа алдық. Біреулер «Мағжанның әйелі Зылиқаның оқиғасын неге қоспадыңдар?» десе, енді біреулер «Мағжанның әкесі 18 жасында атастырып қойған қызды неге алмадыңдар?» деп айтады. Бірақ ең алдымен бұл тарих болғанымен кино ретінде көркем дүние ғой. Көркем дүние жасау үшін ішіндегі материалда көркем болу керек. Осы тұрғыдан алған кезде Мағжан мен Гүлсімнің образы ең бірінші жастарға ұнайтынына сендік. Сондықтан да тапсырыс берушілерге «Қос ғашықтың арасындағы оқиғаны жазамын» деп бірден ескерттім.
Негізі тарихи оқиғаларды кино мен идеология үшін сәл бұрмаладық. Біз Мағжан мен Гүлсімді Омбы қаласынан таныс етіп жасадық. Омбыда екеуінің ортасында сезім орнайды да Бичуринның әйелі болғаннан кейін барып мұғалімдер семинариясында қайта жолыққан кезде Мағжан оған ғашық болады. Бірақ біз сериалда ақынның Гүлсімді Бичуринның әйелі екенін білмейтіндей етіп бердік. Өйткені біз Мағжанды Бичуринның әйелімен байланысы болғандай етіп берсек, одан ешкім ұтпайды. Оның үстіне біздің көздеп отырған аудиториямыз жастар болды. Қазір жастардың бәрі Мағжан Жұмабайды танығанымен оның бірде-бір өлеңін жатқа білмейді. Ол қандай ақын, не үшін күресті, мақсат-мұраты не болды? Осы дүниелерді түсіндіру үшін махаббат арқылы келу керек болды. Осы тұрғыдан алғанда тарихи оқиғаларды сәл бұрмалауға тура келді. Алайда ақынның жүретін негізгі жолын назарда ұстадық.
Шынайы тарихта Мағжан мұғалімдер мектебінде директор болып жүргенде Гүлсім сол жерге математика пәнінен сабақ беретін ұстаз болып келеді. Осыдан бастап екеуінің арасында сезім орнайды және ол ұзаққа жалғасады. Біз енді оны өте қысқа және тез үзіліп қалатын нұсқада бердік. Ең негізгісі Мағжанның әдемі өлеңдерін көрсеттік. Кейіннен Бичурин әйелі мен Мағжанның арасындағы қарым-қатынасты біліп қойып, ақынға екі рет қастандық жасамақшы болған. Бірақ бұл жерде әйелдің ақылдылығын айтып өткен жөн. Гүлсім өзі қазақтың ұлы ақыны деп санайтын Мағжан Жұмабайға зияным тимесін деп күйеуін көндіріп басқа қалаға көшіп кетеді. Осымен Мағжан мен Гүлсімнің арасындағы махаббат оқиғасы аяқталады.
– Сериалда Мағжан мен Сәкен Сейфуллин немесе Сәбит Мұхановтың арасындағы қарым-қатынас бірде тату, бірде қайшылықты нұсқада беріледі. Негізі тарихи тұлғалардың арасындағы байланысты шынайы түрде көрсетуіміз керек пе, жоқ әлде бүркемелеп беру керек пе?
– Мұның екі жағы бар. Мұндай оқиғаларды қолдайтын немесе қолдамайтын екі лагер болады. Негізі мен тұлғалардың арасындағы қарым-қатынасты бүркемелеп беру керек деп есептеймін. Бұл не үшін керек? Мәселен Мағжан мен Сәкеннің арасында қаншама қарама-қайшы оқиғалар болған. Осыны сәл жасырып, екеуінің ортақ мүддесін Алаштың жолына салып жіберіп көрсету керек секілді. Жастар екеуінің арасындағы қасқыр секілді ырылдасқан оқиғаларын білмей-ақ қойса деген ойдамын. Бірақ кейбір алаштанушы ғалымдар тарих ақиқатты сүйетінін ескеріп, ақты ақ, қараны қара деп көрсету керек деген пікір ұстанады. Бұл пікірдің де жаны бар. Мағжан мен Сәкеннің арасындағы қаншама қарама-қайшы оқиғалардың болғаны рас. Біз «Мағжан. Мен жастарға сенемін!» сериалында осыны көрсетуге тырыстық. Екеуінің арасы бір-бірінен неге ажырады деген сұрақты «Қазақ» газеті мен «Айқап» журналы, бай мен кедей арасындағы қайшылықтар арқылы көрсетуге тырыстық.
Оның үстіне Мағжан Жұмабайдың кітабы Сәкен Сейфуллиннен бірінші шығып қояды. Қай жерге барса да Мағжанның ақындығы Сәкеннен бұрын мақталатын болады. Бұл енді тарихи факті. Қай ортада жүрсе де Мағжанның өлеңдерін сол кездегі әдеби сыншылар Сәкеннен қарағанда жоғары бағалайды. Сол бақталастық екеуінің арасына от жақты деп ойлаймын. Өкінішке қарай өмірінің соңына дейін бақталастық болғаны рас. Бірақ оны шынайы көрсете беруден ешкім ұтпайды деп ойлаймын. 1936 жылы Мағжан айдалып келгеннен кейін Сәкен Сейфуллин оны үйіне қонаққа шақырып, күткен. Сол кезде қос ақын ұзақ уақыт құшақтасып тұрып, Сәкен Мағжаннан кешірім сұраған екен деген тарихи деректер айтылады. Осыған қарағанда өмірінің соңында бірін-бірі кешірген ғой. Бірақ әдеби және саяси жолда бір-біріне қас болған.
– Қателеспесем сериалда 1922 жылға дейінгі кезең қамтылады. Одан кейінгі жылдары аталған тұлғалардың арасында өте өткір қайшылықтар болды. Әрине елдің бірлігін көрсету үшін тұлғалардың арасындағы тартысты жариялай берудің қажеті жоқ секілді. Бірақ сериалда Сәкен мен Сәбиттің жағымсыз тұстары назардан тыс қалмағанын байқауға болады. Мысалы Сәбит қару кезенген адамдарды берілсе, оларға тиіспейтінін айтады. Алайда кейін тұтындарды қызыл әскер ұрып жатқан кезде Сәбиттің терезеден қарап тұруы арқылы оның образын ашуға тырысқан секілдісіздер…
– Кинода образды көрсетудің екі жолы болады. Біреуі тікелей, екіншісі жұмсақ көрсету деген секілді. Біз осының екінші нұқасын таңдап алдық. Негізі Сәбиттің екі қазаққа «кешірім бергіземін» деп алдап қолына түсіріп, артынан оларды қамшымен сабап жазалатуы тікелей берсең ол өте қорқынышты көрініс. Біз оны музыкамен және Сәбиттің көзқарасымен бердік. Ол жерде көрерменге Сәбит сатқын ретінде көрінгенімен жұмсақ берілді. Оның көзқарасы мен әйнектің ар жағынан қарап тұрғанынан «Әй, осы іске бекер бел шешіп кірістім-ау. Осы арқылы қазақтың екі азаматын жылатып алдым-ау» деген сияқты Сәбиттің ішіндегі алай-дүлей сапыранды көрсеткіміз келді. Сондықтан бұл көріністі екі жақтан қарастыруға болады.
– Болашақта тарихи тақырыптарға тереңдей түсетініміз анық. Біз сол кезде ақты ақ, қараны қара деп көрсетуіміз керек пе, жоқ әлде бүркемелеп отыруымыз керек пе?
– Бұл енді қазіргі геосаяси жағдайға байланысты. «Мағжан. Мен жастарға сенемін!» сериалының сценариі алты рет өзгерді. Ең алғашқы мен жазып шыққан нұсқасы мүлде бөлек болатын. Алғашқы сценариден кейінгі шыққан туындының шамамен жартысы өзгеріп кетті. Ол жерде Алаштың қайраткерлерінің саяси салмағын көрсеттік. Мағжанның саяси қайраткерлігі қандай жағдайда ашылады? Мағжан кіммен күресіп, басын бәйгеге не үшін тікті деген секілді ақынның қайраткерлік жағы сериалда сәл ашылмай қалды. Қырсық бір айналдырса шыр айналдырады демекші, тура біз сериал түсіретін кезде Ресей мен Украина арасында қырғын басталды да кетті. Осыдан кейін әу баста сценариге енген маңызды детальдар қиылып қалды. Омбының тарихына арналған үлкен оқиғаларды астарлап берген көріністер бар еді.
Орынбордың уыстан шығып бара жатқаны туралы Сәкен Сейфуллин мен Нығмет Нұрмақовтың әңгімелесіп, оған Мағжанды тартпақшы болған тұстары болды. Өкінішке қарай геосаяи жағдайға байланысты осындай маңызды тұстар қиылып қалды. Мағжан кіммен күресті дегенге келетін болсақ, ол сол кездегі қызылдармен күресті. Алаш пен Алашордаға кім қарсы болса, соның бәріне Мағжан қарсы болды. Міржақым Дулатұлының жеке нұсқауымен, Әлихан Бөкейхан мен Ахмет Байтұрсынұлының жолымен Мағжан Алаш үшін ең соңына дейін күресті. Ал Әлихан Бөкейхан бастаған Алаш арыстары отаршыл Совет үкіметімен күресті. Осы мақсатты сериалда көрсете алмай қалдық. Сондықтан біз Мағжан мен Гүлсімнің арасындағы романтикалық махаббатқа баса мән беріп кеттік.
Бірақ менің ұстанымым бойынша Алаш арыстарының саяси қызметі ашық көрсетілу керек. Өйткені геосаяси жағдайда бір орында тұрмайды ғой. Егер Мағжанды қайта түсіретін күн туса, оның саяси қызметіне көп көңіл бөлер едім. Өкінішке қарай ақынның арман-мұратын толық жеткізе алмай қалдық. Сценарист ретінде бір қайнауым ішімде қалып қойды. Адамдар сериалды жақсы қабылдаса да өзімді әлі күнге дейін кінәлі сезініп жүрмін. Өйткені Мағжанды Мағжан қылып көрсету үшін бұл сериалдың мүмкіндігі жетпеді.
– Бұған дейін түсірілген «Тар заман» сериалында барлық тарихи оқиғаны қамтимыз деп шын мәнісінде оқиғаны шашыратып алған секілді. Негізі тарихи тұлғаның бір қырын алып, соны көпшілікке ұсынған дұрыс па деп ойлаймын…
– Биографиялық фильмдердің уақыт аралығы деген бір қиындығы бар. Мысалы ең алғаш тапсырыс болған кезде «Мағжан өмірінің үлкен бөлігін алсаңыздар» деген ұсыныс болған. Нақтырақ айтсам әу баста 4 сериаға Мағжанның ғұмырын сыйдырып жіберсеңдер деген ниет болды. Мен бірден «Ол мүмкін емес» деп айттым. Қазір Нетфликс секілді компаниялар биографиялық фильмдерді көп түсіріп жатыр. Олар тұлғаны зерттеген кезде белгілі бір кезеңді алады. Біз Мағжанның 1915 жылдан 1921 жылдың аяғына дейінгі Түркістанға жиналып жатқан кезеңін алдық. Орынбор мен Омбы уыстан шығып кеткеннен кейін Түркістанда бүкіл қазақтың зиялылары бас қосады. Алаш арыстары Түркістанның орталығы Ташкент қаласына барып келесі күресін бастайды және оның бел ортасында Мағжан жүреді. Ташкенттен Мәскеуге кетеді, одан кейін Алматыға келгеннен кейін Сәбит оны ұстап береді. Оның бәрін қамтитын болсақ сериал болмай қалады. Биографиялық фильмде ары кетсе 10 жыл қамтылуы керек.
– Бізде тарихи тұлғаларды түсірген кезде қаржы және уақыт тапшылығы кездеседі. Небәрі 4 айдың ішінде бір тұлғаның өмір тарихы туралы туынды түсіру өте қиын. Соңғы кездері «Қазақстан» ұлттық телеарнасы бірнеше тұлғаға байланысты сериал түсірді. Ондаған тұлғаға арналған сериал түсірген дұрыс па, жоқ әлде бір тұлғаға арналған шедевр туынды түсірген жөн бе?
– Ол енді берілген тапсырмаға байланысты. Қазір әлемдік кино өндірісі сериалға көшіп кетті. Бұрын сериалдарды халық қарай қоймайтын. Нетфликс секілді платформалар пайда болғаннан бастап, сериалға сұраныс артты. Тарихи тұлға немесе елеулі оқиғаны фильмнен қарағанда сериал арқылы түсіру пайдалы бола бастады. Осы тұрғыдан алған кезде бізде сериалға мән беруіміз керек. Бірақ оның көлемі 4 сериямен шектелмеуі керек. Мәселен Мағжан секілді тұлғаға 14 бөлім берсеңде көп емес. Екінші бір мәселе қаржы тапшылығын айтпай кету мүмкін емес. Жалпы сценарист болғаннан кейін Қазақстанның кино нарығына қанша қаржы бөлінетінін жақсы білеміз. Ал шын мәнісінде тарихи тұлғаларға бөлінетін қаржы өте көп болуы керек. «Қазақстан» ұлттық телеарнасының басқа арналардан бір артықшылығы тарихи тұлғаларға көңіл бөліп жатыр. Өкінішке қарай өзге телеарналар маңызды іске мәнде бермей отыр. «Қазақстан» арнасы жыл сайын 6-7 тарихи тұлғаның жарыққа шығуына ұйытқы болып, қаржы бөліп жатыр. Бұл басқа телеарналар мен кино саласында жүрген мамандарға «сигнал» деп ойлаймын.
– Сериалға түскен актерлар құрамына көрермен тарапынан жылы пікір айтылып жатыр. Мағжан, Гүлсім, Сәкен және Сәбиттің рөліне таңдалған актерлар сәтті таңдалған екен. Актерларды таңдаған кезде қандай ерекшелікке мән бердіңіздер?
– «Мағжанжы түсіреміз» деген күннен бастап бірден аталған сериалдың продюцері Назгүл Қарабалина ақын рөлін сомдайтын актер іздей бастады. Шынымды айтсам ақынның рөлін сомдауға 200-ден астам актер үмітті болды-ау деймін. Бірақ Алматыға арнайы келген үміткерлер кастингтен өте алмады. Сырттан «Видеопроба» жібергендердің ішінде Мейірғаттың Мағжан рөліне лайықты екені байқалды. Оның өлең оқығаны мен өзін-өзі ұстауынан Мағжанды көрдік. Телехикаяның режиссеры Дархан Сәркеновке Мейірғаттың кандидатурасы бірден ұнады. Екінші, үшінді пробаны жібергізгеннен кейін шақырып алдық.
Мейірғатты таңдағаннан кейін біздің сценаридің нобайыда белгілі болып қалды. Сәкен, Сәбит секілді тұлғаларымыз бен қосымша кейіпкерлерді сомдайтын актерларды таңдауға кірісіп кеттік. Сәкеннің рөліне де үлкен талас болды. Қуаныш Құдайберген «Сәлем соушл» жобасының заманауи сериалдарына түсіп жүрген актер екен. Бір қызығы ол іштей Сәкен Сейфуллиннің рөлін ойнауды армандап, тіпті өзін Сәкенге ұқсатады екен. Сәкеннің серілігі мен сұлулығын және жүріс-тұрысын өзіне сіңіріп жүрген азамат болып шықты. Сол арманына дөп түсті. Сәбиттің рөлінде ойнаған Талғат Кеңестің түрі жазушының бейнесіне сәйкес келді. Өкінішке қарай тіл жағынан келген кезде кемшін түсетін жерлер болды. Оны барынша түзеуге тырыстық. Бірақ бәрі бірде сериалда білінеді ғой. Негізі ол заманауи жастарды фильмдерінде ойнап жүрген жігіт.
Гүлсім рөлінде ойнаған Ғазиза видео арқылы таңдалды. Жалпы кино өнерінде өмірде басқаша көрінетін, камерада мүлде басқа болатын адамдардың типажы болады. Қазіргі заманауи кинода өте әдемі қыздарды іздейді. Ал біз Гүлсімнің рөлін сомдайтын актисаның қылықты болғанын қаладық. Мағжанның жүрегін оята алатын нәрсе беттің сұлулығы ғана емес, сонымен қатар іштің сұлулығы болуы керек. Ол қыздың қаншалықты қылықты және оны камераның алдында көрсете алатыны Мағжанның жүрегін оята алады деп есептедік. Осы жағынан қарасақ Ғазизаға жететін қыз болған жоқ. Ғазиза өзінің рөлін жоғары деңгейде алып шықты деп ойлаймын.
– Тарихи фильм түсірген кезде декарация таңдау өте қиын. Біздің елде ХХ ғасырдың кескін келбетін беретін ғимараттар бар ма?
– «Мағжан. Мен жастарға сенемін!» сериалының қоюшы режиссеры Олжас Әлменов бастаған азаматтар өте жақсы жұмыс істеді. Бірақ олардың жұмысы басқа тарихи сериалдарға қарағанда жеңілірек болды. Себебі Қызылжарда біз Мағжанды түсіруге арналған қазақша айтқанда мұрты бұзылмаған ғимараттар тауып алдық. Ол жерде Мағжан өмір сүрген заманның көзіндей болып тұрған ғимараттар көп екен. Қазіргі заманға сай реставрация жасағанмен өткен ғасырға тән әдемілігін сақтап қалғаны қуантты. Біздің қоюшы суретшілер соны сәл ғана өзгертіп, пайдалануға ұсынды. Осы тұрғыдан алғанда бізге оңай болды. Былайша айтқанда 60-70 пайыз локацияны мұрты бұзылмаған күйде пайдаландық. Болашақта Алашқа қатысты туынды түсіру үшін тарихи ғимараттарды сақтап қою керек екен. Белгілі актер әрі жоба жетекшісі Азамат Сатыбалды облыс әкімімен кездескен кезде бұл мәселені аймақ басшылығына жеткізді.
– Кейбір сериал түсірілген кезде дау-дамайлар болып жатады. Мәселен ресжиссер Мұрат Есжан мен сценарист Ұларбек Нұрғалым бірлесіп түсірген «Абай жолы», «Ахмет. Ұлт ұстазы» сериалында діни мәселеге байланысты шу болды. «Абай жолы» сериалында сақалы бар мұрты жоқ кейіпкер ашық көрсетілсе, ал Ахмет ату жазасына кесілетін кезде діни жоралғыларға ерекше көңіл бөлінеді немесе ерлер мен әйелдер бөлек отырады деген секілді. Ал сіз түсірген сериалда Мағжанның «Пайғамбармын» деген өлеңінде молданың наразылығы байқалады. Көпшілікке ұсынылатын сериалда тарихи тұлғаны діншіл етіп көрсету қаншалықты дұрыс?
– Негізі сценарист өзінің идеясы мен көзқарасын өзі жазған дүниеге таңбауы керек. Бұл негізі драматургияның ең бірінші тәртібі. Сценарист қоғамдағы әрбір адам түсінетін қарапайым нәрсені жазып шығры керек. Бұл тұрғыдан алғанда өзіңіз айтып отырған «Абай жолы» мен «Ахмет. Ұлт ұстазында» діни мәселе бар. Мен өзім Мұрат Есжанды жақсы білемін. Ол жігіттің өте мықты жазушы, драматург екенін де білемін. Баяғыда Алматыға келген кезде «Осы Мұраттан асатын жазушы жоқ» деп оның қабілетін ең бірінші мойындаған азаматтың бірімін. Бірақ менің бір байқағаным «Ахмет. Ұлт ұстазында» Ахмет сериал бастала салып өлімге дайындалады және сериал оның өлімімен аяқталады. Өзіңіз айтып отырғандай белгілі бір діни дүние жатыр. Сондықтан мен діннің кино саласында жүруіне мүлде қарсымын. Егер сіздің кейіпкеріңіз діни қайраткер болса, оны діни кино ретінде түсіріңіз. Ал сіздің түсіретін тұлғаңыз Ахмет секілді мемлекеттік қайраткер әрі қып-қызыл саясаттың ішінде жүретін тұлға болса, ортаға діни фрагменттерді салуға мен қарсымын. Жалпы кино атаулының ортасында діннің жүруіне қарсымын. Себебі бұл біздің еліміздегі «больной» тақырып қой.
Ал Абай мен Мағжанды әркім әртүрлі айтады. Абайды біреу сопы десе, енді біреу нағыз мұсылман, үшінші біреулер оның мүлде дінге қатысы жоқ екенін алға тартады. Әркім өзінің Абайы мен Мағжанын жасап алатын заман ғой. Мағжанның шығармаларын қарап отырсам, ол құдайдың бар екенін мойындап, ислам дінінің хақ дін екенін білген. Бірақ бір «но» бар. Мағжан ата-бабаларының сарыны бойынша жұмыс істеген. Мағжан өзінің қаншама ғасырға кеткен терең тарихын қозғағысы келді. Ал оны қозғап, соған кең қанат сермейін десе, оның алдынан дін шығып алады. Жалпы діннің осындай тұлғалар туралы кинода жүруі оның даму процесін тоқтатады. Осы тұрғыдан келгенде Мағжан қанатын кеңге сермеген мыңдаған жылдық тарихқа кіріп кеткен білімді ақын. Ол өлген бабаларының рухын тірілту үшін, өлген бабаларының жырын жырлауы керек. Осы тұрғыдан келген кезде біздің таңдап алған жолымыз дұрыс деп ойлаймын.
– Мұрат Есжанның талантты режиссер екені белгілі. Бірақ қазір ол түсіріп жатқан Міржақып сериалында діни элементтер тағы да қосылып кетеме деп алаңдаймын. Жалпы біз тарихи тұлғаларымызды экрандаған кезде нені басшылыққа алуымыз керек?
– Ресейдің тарихи киноларын қарап шықсаңыз, олардың өз тарихының 70-80 пайызын қолдан жасап алғанын байқайсыз. Ал Америка өзінің тарихын әсерелеуден алдына жан салмайды. Қай мемлекетті алып қарасаңызда өзінің тарихын әсерелеп көрсетуге тырсады. Біздің тұлғаларымыз пенде болған соң оның кемшін тұстары болады ғой. Біз осының бәрін кинода ашық көрсетілсе деп ойлаймыз. Бірақ негізі біз болашақ үшін жұмыс істеуіміз керек. Болашақ үшін жұмыс істеу үшін біздің тұлғаларымыздың азын-аулақ кемшілігін кешіріп жіберуіміз керек. Егер ол алып бара жатқандай үлкен дүние болмаса тарихтың алдында келешек ұрпақ білмейтіндей етіп ақырын ғана жойып жіберуіміз керек. Әрбір сценарист пен режисердың мүддесі бар. Мен өзімді таза қазақтың мүддесіне жұмыс істейтін азаматпын деп есептеймін. Әртүрлі идеяны кіргізіп жіберейік деген ұсыныс процес барысында айтылып қалады. Бірақ мен оларға «біздің түсіріп жатқанымыз тарихи туынды» деп айтамын. Біздің туындымыз келешек ұрпаққа беріліп жатқан ой. Мағжанды жазған кезде ақынның аузына «Жасымыз 21 келді. Бірақ біз түк бітірген жоқпыз» деген сөзді тектен тек салған жоқпын. Қазақ жастары ойлансын деген мақсатпен қостық. Осы тұрғыдан келгенде мен шынайылықтың болғанын қалаймын.
– Тұшымды сұхбатыңыз үшін көптен көп рахмет.