«Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясында сыбайлас жемқорлық анықталды
«Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының жұмыс барысында сыбайлас жемқорлыққа жол берілгені анықталды, деп хабарлайды Kznews.kz порталы Kaztag.kz сайтына сілтеме жасап.
«Антикор ҚТЖ жұмысында көптеген сыбайлас жемқорлық фактілерін анықтады», — деп хабарлады сәрсенбіде сыбайлас жемқорлыққа қарсы ведомстводан.
ҚТЖ қызметінде сыбайлас жемқорлық тәуекелдері ұлттық теміржол операторының, «Атамекен» ҰКП өкілдерінің, қоғамдық кеңес мүшелерінің және жүк жөнелтушілердің қатысуымен өткен кеңес барысында анықталды.
Атап өтілгендей, оның барлығы вагондарды беру кезіндегі әкімшілік кедергілермен және сыбайлас жемқорлық схемаларымен, тиісті цифрландырудың болмауымен, теміржолшылардың кәсіпкерлермен тікелей байланысымен, қағаз нысанда өтінімдер берумен және т. б. байланысты.
«Анықталған сыбайлас жемқорлық қылмыстық статистикамен расталады. Мәселен, соңғы бес жылда ҚТЖ лауазымды тұлғалары мен оның ведомстволық бағынысты ұйымдарына қатысты 136 қылмыстық іс тіркелді. Олар бойынша 52 адам сотталды. Бұл саладағы қылмыстардың көпшілігі парақорлық (70%) және ұрлық (13%) фактілеріне байланысты. Негізінен қылмыстар орындалған жұмыстар актілеріне қол қою кезінде заңсыз сыйақылар алумен, жұмысқа қабылдаумен және қызмет бойынша ауысумен, сондай — ақ жүктерді тасымалдау үшін вагондар мен тепловоздарды жеделдетіп және кедергісіз жеткізумен байланысты», — делінген хабарламада.
Өз сөзінде «Антикор» төрағасының бірінші орынбасары Дмитрий Малахов жүргізілген талдауға сәйкес ҚТЖ жекелеген бөлімшелерінде вагондармен айла-шарғы жасау бойынша сыбайлас жемқорлық схемалары құрылғанын атап өтті.
«Іс жүзінде бұл пара берген адам өз жүктерін уақтылы жібереді. Бұл проблемалардың барлығы кәсіпкерлердің дәлелдерімен ғана емес, қылмыстық істердің нақты материалдарымен де расталады. Жақында ғана Қостанай облысы бойынша ҚТЖ бөлімшесінің басшылары сотталды, олар заңсыз сыйақылар үшін вагондар беру жөніндегі қылмыстық схеманы ұйымдастырды», — деп атап өтті Малахов.
Мәселен, «Қазтеміртранс» Қостанай филиалының бұрынғы басшысы Усабековке қатысты қылмыстық іс бойынша оған вагондарды беру немесе бас тарту мәселесіне байланысты осындай заң бұзушылықтар анықталған.
Усабеков жасаған қылмыстары үшін алты жылға бас бостандығынан айырылды, ал пара беруші фирмаға Т24 млн. айыппұл салынды.
«Жиын қорытындысы бойынша Малахов айтылған ұсынымдар сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің қатаң бақылауында болатынын атап өтіп, ҚТЖ — ны осы проблемаларды шешуге дереу кірісуге шақырды», — деп толықтырды Антикор.
Фото: el.kz