Армения Қазақстандағы ҰҚШҰ оқу-жаттығуларына қатыспайды

0

Әзербайжан-Армения шекарасындағы жағдайға байланысты Армения биыл Қазақстандағы ҰҚШҰ жаттығуларына қатыспайды, деп хабарлайды Kznews.kz тілшісі Infocom-ға сілтеме жасап.

Бұл туралы журналистерге Армения Қорғаныс министрлігі мәлімдеді. «Армян –Әзербайжан шекарасындағы Әзербайжан тарапынан жасалған агрессия салдарынан туындаған жағдайды ескере отырып, Армения Республикасының Қорғаныс министрлігі Армения Республикасының Қарулы Күштеріне жүктелген міндеттерді негізге ала отырып, Армения Республикасы Қарулы Күштері бөлімшелерінің ҰҚШҰ аясында Қазақстанда өткізіліп жатқан оқу-жаттығу жиынына қатыспау туралы шешім қабылдады», – делінген Армения Қорғаныс ведомствосының жауабында. Естеріңізге салайық, 13 қыркүйекке қараған түні Армения мен Әзербайжан шекарасында қақтығыс болды. Кейінірек тараптар тағы бірнеше рет өзара атысқан болатын. 14 қыркүйек күні Армения көмек сұрап ҰҚШҰ-ға жүгінді. 20 қыркүйекте Армения-Әзербайжан шекарасындағы жағдайды зерделеу, сондай-ақ қосымша бірлескен шаралар бойынша ұсыныстар дайындау үшін аймаққа Бас хатшы Станислав Зас бастаған ҰҚШҰ миссиясы келді. Зас байланыс желісінде орналасқан Армения қарулы күштері бөлімшелерінің командирлерімен кездескені туралы хабарланды. Ал, бұған дейін Қазақстан Қорғаныс министрлігі 2022 жылдың 26 ​​қыркүйегі мен 8 қазаны аралығында ҰҚШҰ жедел әрекет ету ұжымдық күштерімен Жамбыл және Алматы облыстарында «Өзара іс-қимыл-2022», «Іздеу-2022», «Эшелон-2022» оқу-жаттығулары өтетінін хабарлаған болатын.