Асхат Қасенғали:  Ресей азаматтары Қазақстанда қазақ тілін меңгермей-ақ азаматтық алуға, мансап жолын жалғастыруға болатынын біледі

0

Ресейден азаматтардың келіп жатқаны сөзсіз қауіп. Әсіресе, бұл мемлекеттік тілдің дамуына кедергі болмақ. Біріншіден, қоныс аударып жатқандар біздің елде ана тілді меңгермей-ақ, білмей-ақ мансап жолын жалғастыруға болатынын жақсы біледі. Ал екіншіден,  Қазақстанда тұрақтау немесе азаматтығын алу арқылы жерімізде орыс тілді балабақшалар мен мектептердің саны артуы мүмкін. Бұл да үлкен мәселе. Сырттан қаншама адам келгеннен кейін, нарықтағы бәсеке саны артады. Сәйкесінше, жергілікті халық арасында да жұмыссыздар көбейеді. Үшіншісі, ең қауіпті жағы, мемлекет пен ұлтқа төнетін қауіп. Себебі келушілердің барлығы мобилизациядан қашып, Путин режиміне немесе оның билігіне қарсылық білдіретіндер емес. Олардың арасында да жат пиғылмен, жаман көзқараспен, арандату әрекетімен келгендер де жетерлік. Бұл біздің қоғамды, ҰҚК-ны алаңдататыны анық. Қазақстан мен Ресей арасындағы келісімдерге қарап, шекараны жабу қиынға соғатын сияқты. Бірақ оның да себебін табуға болады. Қазір Ресейде орта есеппен күн сайын қырық бес мың адамнан короновирус шығып жатыр. Осыған байланысты 3-4 ай шекараны жабуға болады. Ал бұл аралықта мобилизациялау процесі де аяқталады. Ресейден кетушілер саны да азаяды.   Неге билік эпидемиологиялық жағдайды себеп қылып, шекараны жаппайтынына қайран қаламын. Қымбатшылықты тұрақтандыру өте қиын. Біз шикізатты өндіруші мемлекетпіз, сондықтан химиялық және тағамдық өнімді сырттан сатып аламыз. Әлемдік нарықтағы геосаяси жағдайда тасымал жолдарының өзгеріп отырғанын көріп тұрмыз. Осыған байланысты әлемдегі экономикалық дағдарыс та қайта басталуы мүмкін. Оны реттеу ұзақ мерзімді стратегия арқылы жүзеге асуы мүмкін. Ол ең бірінші экономиканы диверсификациялау, әртараптандыру болып табылады.

Асхат Қасенғали

Фото: inbusiness.kz