Сәбит Рысбаев: Қазақстан ресейліктер әскерден қаша алмайтындай жаңа заң қабылдау керек

0

Ресейліктердің Қазақстанға жаппай көшуі жақсы құбылыс емес. Бірақ біздің БАҚ таратып жатқан мәліметтерін тым асыра сілтеп жатыр. Соңғы отыз жыл көлемінде елімізге бір миллион бір жүз мың оралман келді. Ал соңғы алты ай ішінде Ресейден бір миллион алты жүз мың адам қоныс аударды. Алайда оның бір миллион төрт жүз мыңы Ресейге қайтты.  Біз сияқты 19 миллион халыққа екі жүз мыңның өзі аз сан емес. Уақыт өткен сайын бұл көрсеткіш арта түсуі мүмкін. Бұл біріншіден, қымбатшылыққа әкеледі. Себебі ол жақтан қалтасы қалың адамдар келмек. Логикалық түрде, бір айлық пен бір зейнетке қарап отырған адамдар шетелге қоныс аударатындай тәуекелге бара алмайды. Сондықтан олар ұзақ мерзімге келген соң пәтер жалдайды. Ендеше жалға берілетін пәтер бағалары шарықтап кетеді. Ал үй ала алмай жүрген қазақстандықтар үшін бұл тіпті қиынға соғатыны сөзсіз.

Бұдан бөлек, қаншама қызмет пен заттардың бағасы да қымбаттамақ. Тағы да жұмыссыздық белең алатын қауіп туып тұр. Бұл басты екі қиындық. Халықтың наразы болатыны сөзсіз. Алайда Ресеймен біз жақсы қарым-қатынастамыз, бір одақтамыз. Сол үшін Ресейдің мобилизациясынан қашып келе жатқан орыстарға арнайы заң қарастыруымыз керек. Яғни Қазақстан қоныс аударушылардың әскерге баруына кедергі келтірмейтіндей әрекеттер жасауы керек. Біз осылай ғана ресейліктердің келуін тоқтата аламыз.

Мәселен, Дубайда өзге елден барған бай-шенеуніктер де, қылмыскерлер де өмір сүре алады. Ал біз ондай сұмдыққа жол бермеуіміз керек. Әсіресе, Ресей азаматтарына. Олардың келуі қазақ тілінің мәртебесіне кері әсерін тигізеді. Ал қымбатшылыққа келсек, ол тек Қазақстанда ғана емес, барлық мемлекеттерде орын алып жатыр.  Еуропада халық табысының 10-15%-ы, ал Қазақстанда 50%-ы азық-түлікке кетеді. Оған қарсы күрестің алғашқы қадамы — халықтың еңбекақысын теңгемен емес, доллармен есептеп арттыру. Себебі теңгемен табыс 15-20%-ға көбейсе де, қымбатшылық 30%-ға артса, оның нәтижесі болмай қалады. Мәселен, біз әлі 2011 жылғы орташа жылдық табысымыздың доллар мөлшеріндегі көлеміне жете алмай келе жатырмыз. Барлығы долларға сай есептелінуі керек деп есептеймін.

Сабит Рысбаев (экономист-сарапшы)

Фото: CentralAsia.media