Жердің озон қабаты 42 жылдан кейін толықтай қалпына келеді

0

Жердің озон қабаты 42 жылдан кейін толықтай қалпына келеді

Жер атмосферасындағы озон қабаты 2000 жылдан бастап қалпына келе бастаған. Соңғы 10 жылда бұл көрсеткіш 1-3 % аралығын құраған. Дәл осылай жалғасатын болса, 2060 жылы озон қабаты толықтай қалпына келеді. Бұл туралы Дүниежүзілік метеорологиялық ұйым хабарлады.

Озон қабатының жұқарғаны 1970 жылдардың соңында байқалған. Ал адамзат баласы жаңа ғасырға қадам басқан шақта бұл процесс те оң нәтижесін беріп, қайта қалпына келе бастады. Оған бірден-бір себеп — Монреаль хаттамасы.

Озон қабатының жұқаруы әлем ғалымдарын ойландырды. Алдын алудың түрлі жолдарын қарастырыла бастады. Озон қабатының бұзылуына қарсы халықаралық күрес мақсатында Монреаль хаттамасы әзірленді. Ол 1987 жылы ресми түрде қабылданып, әлем елдері бұл бастаманы қолдады. Мемлекеттер озон қабатына көп зиянын тигізетін өндіріс орындарын бақылауда ұстайтын болды. Қазақстан бұл хаттаманы мақұлдаған елдер қатарына 1997 жылы қосылды.

Дүниежүзілік метеорологиялық ұйым ақпараты бойынша атмосферадағы процесс осылай жалғасатын болса, Солтүстік жарты шардағы озон қабаты 2030 жылға қарай осыдан 40 жылғы бұрынғы қалпына келіп үлгереді. Ал Оңтүстік жарты шардың қайта қалпына келу мерзімі 2050 жыл деп көрсетілген. Полярлы аймақтарында 2060 жылы қалпына келеді деп болжанған. Яғни 42 жылдан кейін Жердің озон қабаты толықтай қалпына келеді.

Озон қабатының қайта қалпына келуі жаһандық жылынудың алдын алады.