Головкин мен WBA чемпионы арасындағы жекпе-жек бойынша келіссөз басталды — Бокс

0

Қазақстандық Геннадий Головкиннің (38-1-1, 34 КО) промоутері Том Леффлер екінші орта салмақта WBA Super белбеуінің иегері және Бүкіләлемдік бокс суперсериясының (WBSS) жеңімпазы британиялық Каллум Смиттің (25-0, 18 КО) ісін жүргізетін әріптесі Эдди Хирнмен келіссөзді бастады. Бұл туралы talkSports тілшісі Майкл Бенсон мәлімдеді.

Головкин — Смит жекпе-жегі 2019 жылы «Ливерпуль» футбол клубы матчтарын өткізетін «Энфилд» стадионында болуы мүмкін.

«Хирн бүгін Леффлермен WBA және The Ring белбеуі үшін Смит — Головкин жекпе-жегін келесі жылы мамырда «Энфилд» стадионында өткізуді талқылады», — дейді Бенсон.

Қазан айының соңында Леффлер алғаш рет Головкин — Смит кездесуі туралы айтып, өзге британиялық Билли Джо Сондерспен (26-0, 12 КО) допингке байланысты белбеуінен айырылғандықтан онымен жекпе-жек өткізбейтінін нақтылап кеткен болатын.