Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласын талқылауға арналған TEDx форматында жиын өтті
Ұлттық құндылықтарды дәріптеуге арналған жиында Оразкүл Асанғазы қатысушыларды Тәуелсіздік күнімен құттықтады. Сондай-ақ Мемлекет басшысының «Біз 27 жылда қазақты әлемге паш етіп, көрікті Астана қаласын құрдық. Енді міне биылдан бастап қазақтың төл әліпбиін жасаймыз» деген сөзіне тоқталды. «Елбасының бағдарламалық мақалалары мемлекеттік деңгейде талқыланып, ондағы игі бастамалар жүзеге асып жатыр. Бұл мақала әуелі болашақ ұрпақ үшін маңызды. Біз бала, ата-ана және ұстаз арасын жалғайтын «Ұлағат ұясы» атты ата-ана мектебін ашып, оқушылардың бойына рухани құндылықтар мен ана тілінің мән-маңызын сіңіріп келеміз. Әр бала Мемлекет басшысының мақаласын оқи отырып, болашаққа бағдар алуы тиіс», деді ол. Сондай-ақ О.Асанғазы «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» мақаласында жазылған ұлттық код, ұлттық мәдениет, ұлттық болмыстың маңыздылығын атап өтіп, оларды жүйелі түрде талдады.
Өз кезегінде сөз алған «Егемен Қазақстан» газетінің басқарма төрағасы Дархан Қыдырәлі ұлттық сананы жаңғыртуда кітап пен газет оқудың маңызы ерекше екенін атап өтті. Оның айтуынша, елдің рухани жаңғыруы ең алдымен бала тәрбиесінен басталады. Сондай-ақ Д.Қыдырәлі Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында жазылған жылқыны қолға үйрету, аң стилі, ұлы даладағы ежелгі металлургия және ұлы есімдердің маңызын жас ұрпаққа түсіндірді.
Бұдан әрі оқушылар мен ата-аналар қоғам қайраткерлеріне сұрақ қойып, көкейде жүрген сауалдарына жауап алды. Жиын соңында «Дарын» лицейінің директоры Жамал Қасымбек қатысушыларға ризашылығын білдірді.
Маржан ТІЛЕУБЕК,
«Егемен Қазақстан»
Дереккөз: http://egemen.kz/