«Петиция жазыңыздар, кетемін»: Талдықорған әкімі мәлімдеме жасады (ВИДЕО)
Талдықорған әкімі Әсет Масабаев Ауған соғысы ардагерлерімен кездесті. Әңгіме барысында тараптар арасында дау туындады, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.
Қала әкімдігінің мәлімдеуінше, ардагерлер баспана, жер телімдерін алу, сауықтыру орталықтарына жолдама алу және қоғамдық көліктерде тегін жүру мәселелерін көтерді.
Шаһар басшысы пәтер мен жердің кезек бойынша берілетінін атап өтті. Алайда ардагерлер Масабаевтың жауабына қанағаттанбады.
«Кезек тек артқа қарай жылжып жатыр. Біз шыдап, күтіп отырмыз. Қанша адам заңсыз алды, ал біз әлі де жалдамалы пәтерлерде тұруға мәжбүрміз»,– деді олар.
Әкім өзіне қарсы петиция жазуды да ұсынды.
«Менің жұмысыма қанағаттанбасаңыздар, Масабаев кетсін деп петиция жазыңыздар. Мен кетемін»,- деді қала басшысы.