Журналист Дарья Дугинаны өлтірген күдікті жалған қазақстандық жеке куәлікті қолданған — БАҚ

0

Ресейде журналист Дарья Дугинаны өлтірді деген күдікке ілінген әйел қазақстандық жалған жеке куәлікті қолданған, деп хабарлайды Kznews.kz ақпарат агенттігі РИА Новости басылымына сілтеме жасап. 

«Дарья Дугинаны өлтірді деген күдікті Юлия есімімен Қазақстанның жалған жеке куәлігін қолданып, Мәскеуде гаражды жалға алған», – делінген хабарламада.

Басылым мәліметіне сәйкес күдікті Наталья Вовк журналисті өлтірер алдында Дугинаның үйінің маңындағы гаражды жалға алған. Ал иесіне Юлия Зайко есімімен Қазақстанның жеке куәлігін ұсынған.

Ресейлік журналист және саяси шолушы Дарья Дугинаның көлігі жарылып кеткен еді. Апат Большие Вяземы ауылының маңында болған.

Журналистің әкесі Александр Дугин – ресейлік идеолог, Ресейдің Украинаға басып кіруін қолдайтындардың бірі.

Бұған дейін федералды қауіпсіздік қызметі Дарья Дугинаны өлтірген күдіктінің қазақстандық нөмірді пайдаланғанын мәлімдеген. Ақпаратқа сәйкес, Ресей аумағына кірген соң көлігіне Қазақстанның мемлекеттік тіркеу нөмірін таққан.

Күдікті деп танылған Наталья Вовк 1979 жылы туған, Украина азаматы. 23 шілдеде Ресейге қызымен бірге келген. Ал журналистің өлімінен кейін Эстонияға кетіп қалған.