Спорт кешені көбейіп келеді | «Айқын» газеті

0

Түркістан облысы Қазығұрт аудандық мәслихатындағы «Нұр Отан» партиясы фракциясының кезекті отырысы өтті. Отырысқа фракция мүшелері, БПҰ төрағалары, шағын және орта бизнес өкілдері, бюджеттік сала өкілдері, жергілікті мемлекеттік атқарушы орган өкілдері, барлығы 34 адам қатысты.

Фракция отырысында мемлекеттік, са­лалық, аймақтық бағдарламалардың жүзеге асуына партиялық бақылау бойынша жер­гілікті атқарушы орган басшыларының есебі тыңдалды. Атап айтқанда, С.Рақымов атын­да­ғы ауылдық округтің әкімі С.Мақұлбаев және аудандық денешынықтыру және спорт бө­лімі басшысы Қ.Бұхаровтың есебі тыңдалды.
Бірінші болып баяндама жасаған ауыл әкімі С.Мақұлбаев Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы бойынша Сабыр Рақымов ауылы округінде партия мүшелерінің қатысуымен «Туған жер» арнайы жобасының төрт кіші бағдарламасы аясында бірнеше іс-шара және бағдарламаны кеңінен насихаттау мақсатында орталық мәдениет үйінде, орталық кітапханада іс-шаралар өткізгені туралы айтып өтті.
Сонымен қатар ауыл әкімі округтегі елдімекендерде мал бордақылауға тұрғын­дардың ден қойып жатқанын тілге тиек етті.
«Қазір жеке үйлердегі бордақыланып жат­қан малдарды қоспағанда, биылғы жылға 280 бас ірі қара, 350 бас уақ мал, 80 бас жылқы бор­дақыланып, халықтың бизнеске деген құл­­шы­нысы артып отыр. Осылайша, тұр­ғын­дар өзін-өзі жұмыспен қамтып жатыр», – деді ауыл әкімі.
Ал аудандық денешынықтыру және спорт бөлімі басшысы Қ.Бұхаров бүгінгі таңда Қазығұрт ауданы бойынша денешынықтыру және спортпен шұғылданатындар саны 29900 адамға жеткенін хабарлады.
«Бұл – аудан халқының 28,2 пайызы. Дегенмен бұл бағыттағы жағдайды жақсарта түсу жоспарланып отыр. Аудан бойынша жалпы спорт нысандарының саны бүгінге дейін 315-ке жетті. Атап айтар болсақ, 5 спорт кешені, 51 спорт зал, 16 ату тирі, 242 жазық спорт алаңы мен алаңша, 1 спорттық ядро бар», – деді бөлім басшысы.
Бөлім басшысының айтуынша, аудандағы спорт кешендері мен білім беру мекемелерінің спорт залдарында сабақтан тыс уақытта спорттың волейбол, баскетбол, үстел теннисі және т.б. спорт түрлерінен аудан тұрғындары мен жасөспірімдер спортпен шұғылдануда. Денешынықтыру мен спортты жаппай дамыту, спорттық-бұқаралық іс-шаралардың республикалық және облыстық күнтізбелік жоспарларымен бекітілген іс-шараларға аудан құрама командалары мен жас спорт­шыларымыз қатыстырылып келеді. «Ауданда ұлттық спорт түрлерінен, халықтық ойындар бойынша түрлі деңгейдегі жарыстар ұйым­дастырылып келеді», – деп сөзін қорытын­дылады Қ.Бұхаров.
Отырыс барысында, фракция мүшелері тарапынан баяндамаға қатысты сұрақтар қо­йылып, қосымша пікірлер айтылды. Атқа­рылған жұмыстар жөніндегі баяндамалардың қорытындысы бойынша ауыл округінің әкімі мен бөлім басшысының есептеріне қана­ғат­танарлық деген баға берілді.

Тельман БЕЙСЕН, Түркістан облысы

Дереккөз: Айқын