Нұрлыбек Нәлібаев ауыл әкімі мен полицей өзі қызмет ететін ауылда тұруы қажет деген талап қойды

0

Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев бұдан былай ауыл әкімдері, полиция инспекторлары өзі қызмет істейтін ауылда тұруы керек деген талап қойды. Бұл бастама түрлі әлеуметтік желілерде  кеңінен тарап, қоғамда қызу талқыға түсті.

«7 ауданда, қалада да ауыл әкімдері мен учаскелік инспекторлардың көбісі ауылдық округтерден қатынап жұмыс істейді. Оны ауылдың адамдары кейде таппайды деген сөз.

Ауылда түрлі жағдай болып жатады, мал ұрланса, сол сәтте полиция инспекторларын таппай қалады.

Кетіп қалғаннан кейін телефонын да алмайды. Сондықтан ауыл әкімі, полиция инспекторы, мектеп директоры сол ауылда тұруы керек. Көшіп бармаса, жұмысты қойсын. Басқа ауылдан көшіп барса да, өзі қызмет ететін ауылда тұрсын», – деді.

Нұрлыбек Нәлібаевтың бұл сөзін желі қолданушыларының басым бөлігі қолдаған. Себебі жұмысында сылбырлық танытқан кейбір полиция инспекторлары мен ауыл әкімдері үшін бұл талап орынды дейді.

Кейбірі «жұмыс енді жүреді, ұйықтап отырғандар оянатын болады» деген пікірлер жазған.