Орталық Азияның сырттағы «дұшпанының» адресі жоқ
Ел ішіндегі наразылықтың төркінін сырттан іздеу Қарақалпақстан оқиғасында да байқалды. Байланысты ажырату, шекараны жауып, елдегілерді қамап, қудалау және сырттан «жау» іздеу Орталық Азиядағы ортақ сипатқа айналды. Мұндай жағдай Қазақстандағы Қаңтар оқиғасында, Тәжікстандағы Таулы Бадахшанда және Қарақалпақстандағы наразылықта анық көрінді.
6 шілдеде Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияев Қарақалпақстандағы қанды оқиғадан бес күн өткен соң, оған «шетелдегі күштердің» қатысы болғанын мәлімдеді. Ол бұл жайында Ташкентте видеобайланыс арқылы өткен жиынында айтқан.
«ШЕТЕЛДЕГІ АРАМ ПИҒЫЛДЫ КҮШТЕР»
Президент Мирзияевтің сөзінше, Қарақалпақстан оқиғасы санаулы күндер ішінде емес, жылдар бойғы дайындықпен ұйымдастырылған.
«Бұл әрекеттерге шетелдегі арам пиғылды күштер жылдар бойы дайындалған. Олардың негізгі мақсаты Өзбекстанның аумақтық тұтастығына шабуыл жасап, ұлтаралық қақтығыс тудыруға бағытталған» деді Мирзияев.
Ол тергеу ашық жүру үшін бас прокурордың бірінші орынбасарының басшылығымен арнайы топ жұмыс істеп жатқанын да айтқан. Президент азаматтық қоғам өкілдерін, депутаттарды және белсенділерді де осы жұмысқа тарту керек деген.
Қарақалпақстан мәртебесін өзгертуді кім ұсынған? Нөкістегі қантөгіске кім кінәлі?
Өзбекстан басшысы жиында оқиға кезінде қаза тапқандардың жақындарына көңіл айтып, күштік құрылым өкілі әсіре күш қолданса, қылмыстық жауапқа тартылатынын де айтты.
Өзбекстан Конституциясына енгізуге ұсынылған Қарақалпақстанның жаңа мәртебесі дауға айналып, 1-2 шілдеде Нөкістегі наразылыққа ұласты. Мәліметтерге қарағанда, заңгер әрі тәуелсіз журналист Дәулетмұрат Тәжімұратов ұсталған соң ел жаппай көшеге шығып, оны босатуды талап еткен. Бұл Қарақалпақстанның басқа да ауыл, қала көшелеріндегі наразылыққа ұласқан. Әуелде Дәулетмұрат Тәжімұратов босатылғанымен, кейін қайта қамалған.
Наразылық басып-жанышталған соң биліктің таратқан мәліметіне қарағанда, кемінде 18 адам қаза тауып, 243 адам жараланған, 516 адам қамауға алынған. Зардап шеккендердің арасында ауыр жараланғандар бар. Қаза тапқандардың төртеуі – күштік құрылым өкілдері.
Алайда құқық қорғаушылар қаза тапқандар саны ресми деректен көп екенін айтады. Наразылықтың қалай аяқталғаны сырт әлемге белгісіз күйде қалды. Ал әлеуметтік желі арқылы тараған видеоларда полицейлердің шабуылы және жараланған адамдар түсірілген, кейбір кадрларда көшеде қимылсыз жатқан адамдар көрінеді.
Билік наразылықты күшпен басып, 2 шілде күні Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияев Ташкенттен Нөкіске суыт ұшып барды. Ол Қарақалпақстан Жоқарғы кеңесінде (парламенті – ред.) жиын өткізіп, Қарақалпақстанның жаңа мәртебесіне қарсылықтан «бейхабар қалғанын» айтқан. Мирзияев жергілікті депутаттарға қарата «Ең болмағанда маған телефон соғып, осындай адамдар наразы деп неге айтпадыңдар?» деген.
Өзбекстанның үш мың жылдық тарихы және «үшінші ренессансы» жайлы жиі айтатын Мирзияев Нөкістегі алғашқы жиында «Қарақалпақ халқы наразы болса, Конституциядағы бір де бір бап ешқашан өзгермейді» деді.
Қарақалпақстанның «егемен» мәртебесі өзгермейтін болды. Бірақ бұл мәселе неге қозғалды?
Президенттің жарлығымен Қарақалпақстанда 2 шілдеден бастап 3 тамызға дейін «төтенше жағдай» тәртібі енгізілді. Қарақалпақстан аумағында интернет шектеліп, байланыс алмасуда кедергі туындады. Өзбекстан Қарақалпақстан тұсында Қазақстанмен шектесетін шекараларын жапты.
Назар аударатын мәселе – Мирзияев наразылыққа шыққандарға меңзеп, «олар мылтық алып, ұлттық гвардиямызды атты. Олар сырттан басқарылып отыр. Біз оларды олай ойнатып қоя алмаймыз. Күш бар, құдірет бар, мүмкіндік бар, Қарақалпақстанға тыныштық орнатамыз» деген.