Home›Жаңалықтар›«Әкемнің адал атын Сіз қалпына келтіре аласыз!». Заманбек Нұрқаділовтің ұлы Тоқаевқа хат жолдады
«Әкемнің адал атын Сіз қалпына келтіре аласыз!». Заманбек Нұрқаділовтің ұлы Тоқаевқа хат жолдады
6 Шілде, 2022, 13:49
0
Мемлекет және қоғам қайраткері, саясаткер Заманбек Нұрқаділовтың өлімі әлі күнге дейін жұмбақ күйінде қалып келеді. Ұлы Қайрат Нұрқаділов 17 жылдан кейін әкесінің өліміне қатысты істі ашудың уақыты жеткенін мәлімдеген. Алайда Бас прокуратура істі қайта қараудан бас тартты.
Бас прокуратура Қайрат Нұрқаділовке: «Сол кезеңде З.Нұрқаділовтің жүйке күйзелісінде болғаны суицидке апарған болуы мүмкін. Сондай-ақ Сіздің әкеңізді өзіне қол жұмсауға жеткізген деректі анықтау мүмкін емес. Өйткені қылмыстық құрам жоқ болғандықтан 16.11.2006 жылы іс жабылған», – деп жауап берген. Яғни, Бас прокуратура барлығын «суицидке» балап, істің тігісін жатқыза салды.
Естеріңізде болса, 2005 жылы 12 қарашада мемлекет және қоғам қайраткері, саясаткер Заманбек Нұрқаділовті өз үйінде белгісіз біреулер атып кетті. Сол кездегі Ішкі істер министрі Б.Мұхамеджанов «Нұрқаділов өзін-өзі үш рет атқан» деп көрсеткен болатын.
Саясаткердің ұлы бұл істі соңына дейін жеткізуге бекініп отыр. Қайрат Нұрқаділов бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа хат жолдады.
Бұған дейін Қ.Нұрқаділов әкесінің өлімінен кейін өзіне «белгісіз адамдар» қысым көрсетіп, «өзін-өзі үш рет атты» деген құжатқа қол қойғызып алғанын ашық айтқан еді. Заманбек Нұрқаділовтің өліміне қатысты істі ашуды 17 жыл күткен ұлы дәл қазір ақиқатты ақтарудың сәті келгенін мәлімдеді.
–Президент Тоқаев әкеңіз Заманбек Нұрқаділовтың өліміне қатысты істі қайта қарауға пәрмен береді деп ойлайсыз ба?
– Президентке өтініш жаздым, бүгін пошта арқылы жібердім. Оны Президент міндетті түрде қарайды, өтінішім жерде қалмайды деп ойлаймын. Себебі, уақыты келді. Оны жалғыз мен ғана емес халық та сұрап отыр. Істі қайта қарап, қылмыс ашылатынына сенемін.
Хатқа тек өз қолымды қойып жібердім. Басында халықтан қол жинап, өтініш жіберемін деп ойлағанмын. Бірақ, менің бастапқы сұхбатыма жазылған пікірлерді оқып шықтым. Халық мені қолдап отыр. Билік халықтың мені қолдап отырғанын жақсы біледі. Сол себепті қол жинамай-ақ, өз атымнан жібердім.
– 25 сәуірде Сізге Бас прокуратурадан ресми түрде: «Істі қайта қарамаймыз. Суицид жасаған, басқа деуге негіз жоқ», – деген жауап келді. Одан бері 3 айға жуық уақыт өтті. Осы аралықта не өзгерді? Билікке сенім бар ма?
– Прокуратураның уақытты созуына не себеп болды? Мен де үмітпен күттім. Олар «істі ашамыз ба, ашпаймыз ба» деп көп ойланды. Өйткені, әкемнің өліміне сол тұстағы ең жоғарғы биліктің, саясаттың қатысы бар. Бұл – саяси тапсырыспен кісі өлтіру! Сол себепті ұзақ уақыт ойлана келе «істі ашпаймыз» деп жауап берді.
Прокуратура да тек Президенттің пәрменін күтіп отыр. Мен солай деп ойлаймын. Қасым-Жомарт Кемелұлы пәрмен берсе, іс қайта қаралады. Іс қаралса, қылмыскерлерді айналасы бір жылдың ішінде табуға болады. Олардың барлығы тірі. Бірдей Қазақстанда емес шығар, бірақ оларды табуға болады.
Өйткені өзін-өзі үш рет ату деген сандыраққа ешкім сенбейді. Әкемді өлтіргені, өлтірткені белгілі. Істің қайта ашылғанын күтіп отырған адамдар бар. Олар барлығын айтып, айғақтарды келтіріп бере алады.
–Әркімнің өз шындығы, болжамы бар ғой. Адамның өзін-өзі үш рет атуы мүмкін емес жағдай. Сіздің болжамыз қандай? Қылмыскер қайдан келді?
– Мен де 17 жылдан бері құр босқа күтіп отырған жоқпын. Жеке детективтерді жалдадым, олар қылмыстың қалай болғанын зерттеді. Ол туралы дәл қазір ашып айта алмаймын. Іс қайта қаралсын, сол кезде кім және жағдай қалай болғанын айтып беремін.
Бұрын полицияда істеген, қазір зейнет демалысқа шыққан тергеушілер де маған көмектесе алады. Олардың да айтары бар. Тапсырма берген адамның Назарбаев екенін мен айтпасам да барлығы біліп отыр. Ал сол бұйрықты орындағандар ҰҚК емес, жалдамалы кісі өлтірушілер емес, полицияда істейтін адамдар екені белгілі.
– 2006-2009 жылдары ҰҚК-де төраға болған Амангелді Шабдарбаев NEGE-ге берген сұхбатында: «Қозғауға болмайды, уақыт өтіп кетті» деп айтуға да болмайды. Бір шындық бар, Заманбек өзін-өзі өлтірген жоқ. Оны өлтіруге тапсырма берілді», – деді. Амангелді Шабдарбаевпен қылмыстық іске қатысты сөйлесіп көрдіңіз бе?
– Генерал Шабдарбаев барлығын біліп отыр. Сұхбатын оқып шықтым. Бірақ ол ақиқатты ашып айта ма, айтпай ма белгісіз. Әкемді біреулердің өлтіргенін бекер қозғаған жоқ. Іс қайта қаралса, барлығын айтып қалуы да мүмкін.
– Президенттен сіз күткендей жауап келмесе, қандай әрекет жасайсыз?
– Мен бұл сұраққа жауап бере алмаймын. Неге десеңіз, істің ашылатынына 70% сенемін. Әкемнің суицид жасағанына Президент те сенеді деп ойламаймын. Өтінішімді бүгін жібердім ғой, жауабын күтейік. Күзге қарай істі ашатын шығар деген үмітім бар. Қазір жаз мезгілі, екі ай өтсін. Олар осы уақытта ойланады, өзара ақылдасып, істі ашады. Мен соған сенемін.
Жаңа Қазақстанның орнағаны рас болса, іс міндетті түрде ашылуы керек. Менің әкемнің өліміне қатысты қылмыс ашылса, ертең Алтынбек Сәрсенбайұлының өліміне қатысты іс те қайта қаралады. Одан кейін Дулат Ағаділовтың өлімі бар, Жаңаөзендегі жағдай да айқындалады.
Ең бастысы, өтінішім Президенттің қолына түссе деймін. Бұған сіздер де ықпал ете аласыздар. Азаматтық қоғам белсенді түрде талап етсе, ашылмайтын есік болмайды. Қылмыстық істің қайта тергелгенін тек қана мен және менің отбасым күтіп отырған жоқ, мұны тұтас халық күтіп отыр.
P.S. Мемлекет және қоғам қайраткері Заманбек Нұрқаділовтің өліміне қатысты істің қайта қаралуын тұтас қоғам күтіп отырғаны рас. Сол себепті NEGE порталы бұл процесті өз бақылауында ұстайды.