Туған күндегі тығылмақ ойыны: Назарбаев оппозиция серкесіне айнала ма?

0
35517

Тұңғыш президент Нұрсұлтан Назарбаев туған күнін Түркияның Кемер және Бодрум аймағында өткізуі мүмкін, әйтеуір Назарбаевқа берілген «Бүркіт» мемлекеттік әуекомпаниясының ұшағы «Миляс-Бодрум» әуежайына келіп қонды, деп хабарлайды «Нурсултанский соловей» Telegram-канал.
Бұрынғы президент биыл 82 жасқа толады. Еліміздің «басты зейнеткері» ұзақ жылдар бойы демалысын осында өткізіп келеді екен. Бодрумда Назарбаевтың жеке резиденциясы бар. Аталған ақпарат көзіне сенсек, туған күнге Назарбаевтың үш қызы, олигархтар – Болат Өтемұратов, Владимир Ким, Александр Машкевич және Патох Шодиев келуі тиіс. Бұдан өзге, Ахметжан Есімов, Нұрлан Нығматуллин, Иманғали Тасмағамбетов және Нұртай Әбіқаев секілді бұрынғы адуынды шенеуніктер осы кештің құрметті қонағы болатын көрінеді.
Фото: fotobank.ru
«Бұл адамдардың бәрі мәнсапқа Назарбаевтың арқасында қол жеткізді, артықшылықтарға ие болды. Және қазіргі президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың саяси қарсыластары. Сондықтан тұңғыш президенттің кешінде елдегі қоғамдық саяси ахуалды жабық есік жағдайында талқылауы кәдік», – деп тұспалдайды телеграм-канал.
Бұл адамдардың қолында орасан зор қаржылық, ақпараттық және басқа да тетіктер бар. Сондықтан қоғам тарапынан аз сауал қойылмайтыны анық. Назарбаевқа өте жақын болған, сонысы үшін Жаңа Қазақстанда биліктен ысырылып қалған тұлғалар жасырын не жария түрде оппозициялық  ұйым құрып, есе қайтаруға ұмтыла ма? Саясат сахнасына қайта шығуға мүмкіндіктері қандай? Бір сөзбен айтқанда, Қазақстанда жақында мықты оппозициялық күш пайда болуы мүмкін бе? Бұл сұрақтарға қоғам қайраткерінің жауабы төмендегідей болды.
Дос Көшім, саясаткер:
Астыртын әрекет жасалуы мүмкін
– Ол бағытта жұмыс жасалынатынын жоққа шығара алмаймын. Себебі, кез келген топ биліктен айырылғаннан кейін бірнеше жыл бойы саяси партия немесе қозғалыс құрып, өздерін ығыстырып шыққан саяси күшке қарсы күреседі. Бір немесе бірнеше партия құруы мүмкін. Бірақ олар «Назарбаевтың тобы» екенін ашықтан-ашық айтпайды. Басқаша құрады. Олардың қаржылық, ақпараттық мүмкіндіктері зор. Түрлі деңгейдегі саясаткерлері де сай. Олар бар мүмкіндігін пайдаланып қалуға тырысады.

Олар реваншистік ниетін ашық көрсетпей, мүмкіндіктерін сақтап қалғысы келеді. Парламентке баруға тырысуы мүмкін. Сол арқылы жинаған ақшасын тексеруге кедергі жасауды көздеуі ғажап емес.

Меніңше, астыртын әрекеттерге, ойындарға бара алмайды. Халық та бұлардың артынан ере қоймайды. Тоқаевтың көзқарасы да өзгере бастады. Қазіргі президент қолындағы билігін сақтап қалуға тырысады.
Тоқаевтың өзі де «ескі адамдармен жаңа Қазақстанды құра алмайтынын» айтып қалды. Осы айтқанын жүзеге асырмаса, бұларды қолдайтын шенеуніктер өте көп. Сол жүйенің арқасында жемқорлық арқылы байыған адамдар тек қана Назарбаевтың әулетімен шектелмейді. Шенеуніктер тобын тазарту керек.
Оразалы Сәбден, экономист, қоғам қайраткері:
Халықтың алдына қайта шығуға беті жоқ деп ойлаймын
– Нақты болжап айту қиын. Әлемнің өзі астаң-кестең. Турбулентті кезеңге кірдік. Әлем адасқан тұста Қазақстан да адасып тұр. Сондықтан бұл адамдардан жақсы идея шығады деп ойламаймын. Олардың бар ойы – қалайда жинап-терген капиталын сақтап қалу. Халықтың алдына қайта шығуға беті жоқ. Не жасаса да, халықтың алдына шығып жасағандары абзал. Халықтан, ақсақалдардан бата алып жасауы тиіс. Халық бұл адамдарға бата бере ме? Қайдам!

Беттері күйген шығар. Бәрі ақшамен, капиталмен жасалады деу – бекер. Себебі, олар шындықтан алыс. Ал шындық халықтың жағында. Халық бұларға сенбейді. Оны Қаңтар оқиғасы көрсетті.

Қазір бір үміт бар. Қазір Қазақстанда екеу емес, бір ғана президент бар. Сол бір президенттен үміт күтіп отыр.
Президент халықтың ойынан шыға ма? Айтқан уәдесінде тұра ма? Реформаларды тезірек жасай ма? Қаңтар оқиғасына ашық баға бере ме? Бар гәп осында.