Рамзанның рахатына, Кеңестің көксегеніне кеткен қаржының «Жаңа Қазақстанда» сұрауы бар ма?
Әлемдегі геосаяси ахуал ушыққанның үстіне ушығып барады. Әсіресе, Орта Азиядағы елдердің жағдайы мәз емес. Әбігерге түскен Путин көршілерін өз тарапына тартып әлек. Алайда ол Санкт-Петербургте өткен форумда Тоқаевтан күтпеген соққы алды. Президент Кремль қолдап отырған Украина жеріндегі сепаратистердің әрекетін қолдамайтынын ашық айтты. Расында халықтың қалауы, көптің тілеуі осы…
Бұл мәлімдеме бәзбіреулердің қытығына тиіп кетсе керек, кешелі бері әлеуметтік желіге маза жоқ. Тіпті тәуір деген Қадыровтың өзі тентек болып шықты.
Сөзінше, қаңтар оқиғасы кезінде Қазақстанды Ресей құтқарып қалыпты-мыс… Сорақысы сол «ата-бабаларымызды өлтірген ұлтшылдарға қарсы ұстанымдарың жоқ» деп қойып қалды.
Осылайша, Рамзан көкеміз айта алмай жүрген өкпе-назын жасырмады. Байқауымызша, Қадыровқа Орта Азия елдерінің соғысқа қатысты саяси ұстанымы ұнамайтын тәрізді.
Осындайда Кремльдің кенжесіне ақыл айтатын Рақышев қайда дерсің?
Қайткенменде Қазақстан мен Шешенстан арасындағы жақшаның ішіндегі барыс-келісті Кеңес Рақышевтай ешкімнің дамыта қоймағаны анық.
Алайда оның өзгеге ақыл айтар шамасы жоқ. Өйткені бизнестегі сенімді серіктері шетінен ұсталып жатқанда, оның да өз басын арашалап алу қамында отырғаны белгілі.
Ашып айтар болсақ, дәл осы Кеңес Рақышевтің Қадыровпен біліп бүлдірген былықтары баршылық.
Rucriminal.info басылымының дерегінше, Рақышев Қадыров арқылы құпия қаржыны шетел асырып отырған. Дәлірек айтқанда, Израиль, Еуропа және АҚШ-қа. Қазір де ол әрекет жалғасып жатқанға ұқсайды. Басылымның байламынша, қаржының едәуір бөлігі Нұрсұлтан Назарбаевтың күйеу баласы Тимур Құлыбаевқа тиесілі екен.
Тіпті, бұл жымысқы әрекетке Рақышевтің қайын атасы Иманғали Тасмағамбетовтің де қатысы бар көрінеді. Тасмағамбетовтің елшілік қызметтен кетуіне Ресей мен Қазақстан арасындағы «бензин мәселесі» әсер еткен болуы мүмкін. Себебі қайбір жылдары Иманғали Тасмағамбетовтің інісі Ілияс Тасмағамбетов Ақтөбедегі мұнай өңдеу зауытының бас директоры болғанын білеміз. Ол зауытты басқарып тұрған тұста, мұнай және мұнай өнімдерін ұрлау ісіне қатысты заңсыздықтар анықталған.
Әзірге, Рамзанның рахатына, Кеңестің көксегеніне кеткен қаржының «Жаңа Қазақстанда» сұрауы бар ма, жоқ па белгісіз?! Ал Құлыбаев болса, жұмған аузын ашар емес…