5 мың доллар: Талдықорғанда тұрғын үйлерді кезектен тыс берген кім?
Талдықорған қаласының жаңа әкімі Әсет Масабаевтың хабарлауынша, 2015-2020 жылдар аралығында қалада заңсыз 1 300 пәтер мен үй берілген, деп жазады kznews.kz сайты abzhannews telegram-арнасына сілтеме жасап.
Кейінгі жылдары Талдықорғанда бірнеше жаңа шағын аудан бой көтерді. Кезекте тұрған халық үшін бұл қуаныштық хабар болды. Алайда пәтерлердің бір бөлігі заңсыз беріліп келген. Сенімді дереккөздің айтуынша, заңсыз пәтерлерді халық бұрынғы Алматы облысының және Талдықорғанның әкімдері арқылы алған. (Әңгіме Амандық Баталов пен Ермек Алпысов туралы болып отыр)
Екі шенеунік тарапынан болған заңсыздықты жергілікті қоғам қайраткері де мәлімдеген. Дереккөздің мәліметінше, кезектен тыс бір пәтердің бағасы 5 мың долларды құраған. Адамдардың көбі бұл пәтерлерді алып үлгерді. Бұл ақпаратты қазіргі әкім Әсет Масабаев растап отыр. Кімге тұрғын үй берілгені және неліктен әкімдік мұндай салғырттыққа жол бергені арнайы тексеріс барысында анықталады. Қалада осы бағыттағы жұмыстар басталып та кетті.