Арыстанбек Мұхамедиұлының өз-өзіне қол жұмсағаны рас па?

0

Бүгін бұрынғы мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлыға қатысты тексеру өткеннен кейін, ол өз-өзіне қол жұмсады деген ақпарат шықты. Бұл туралы «Серый Кардинал» telegram-арнасы хабарлады.

«Арыстанбек Мұхамедиұлы қолының тамырын кесіп, өз-өзіне қол жұмсаған. Операциялық қорытынды: сағат 11.56-да аудандық полиция бөліміне Бұлбұл 3-3 мекенжайында Арыстанбек Мұхамедиұлы қолының тамырын кесіп, өз-өзіне қол жұмсағандығы туралы хабарлама келіп түскен», — делінген хабарламада.

Orda.kz дереккөзінің хабарлауынша, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Нұр-Сұлтан қаласы бойынша департаменті Арыстанбек Мұхамедиұлына қатысты істі тергеп жатқанын хабарлады. Сондай-ақ дереккөз мәдениет министрлігінің экс-басшысы тінту кезінде өз-өзіне қол жұмсамақ болғанын атап өтті.

Ал бұрынғы мәдениет министрі Мұхамедиұлының баспасөз хатшысы Айдар Қырықбай Мұхамедиұлының өз-өзіне қол жұмсамақ болды деген ақпаратты жоққа шығарды.

Арыстанбек Мұхамедиұлының 2-ші қалалық ауруханада жатқаны туралы ақпарат расталды. Аяғына байланысты ауруханада екені белгілі болды.

Бұрынғы мәдениет және спорт министрінің баспасөз хатшысының айтуынша, алдағы уақытта баспасөз конференциясы ұйымдастырылады, онда ресми өкілдер толығырақ ақпарат береді.