«Бұл жерден тірі шықпайсың». Қаңтарда аяусыз азапталғандар

0
Қаңтар оқиғасы кезінде жараланып, ауруханада жатқан жерінен ауыр халде тергеу изоляторына жеткізілген алматылықтар Азаттық тілшісіне күш құрылымдарынан көрген азабын айтып берді, деп хабарлайды kznews.kz сайты azattyq порталына сілтеме жасап.
Кейіпкерлер әртүрлі болғанымен, мақалада баяндалатын хикаялардың ортақ тұсы көп: күш құрылымдары өкілдері ұсталған азаматтарды ауруханадан бастап ұрып-соғып, автозактың ішінде тепкінің астына алып, абақтыда аяусыз азаптаған. Бірақ азаптау туралы шағымдар бойынша қозғалған істен еш нәтиже жоқ.
ДІЛШАТ ӘБДУСАТАРОВ, 44 ЖАСТА
Ділшат Әбдусатаровпен Алматының төменгі жағындағы жер үйде отырып сөйлестік. Ділшат Қаңтар оқиғасына дейін техникалық қызмет көрсету станциясында істеген. Бірақ қазір оған көлік жөндеу былай тұрсын, жүріп-тұрудың өзі мұңға айналған.
Үйдің іші қарапайым. Ділшат орнынан тапжылмай, диванда отыр. Қаңтарда алған жарақатынан кейін сол аяғына темір құрылғы орнатылған. Оқ сирағын тесіп өткен.
Ділшат Әбдусатаров әрең қозғалады. Қаңтар оқиғасы кезінде Алматының Республика алаңы тұсынан көлікте кетіп бара жатқан оның аяғын оқ тесіп өткен.
Ділшат Әбдусатаров әрең қозғалады. Қаңтар оқиғасы кезінде Алматының Республика алаңы тұсынан көлікте кетіп бара жатқан оның аяғын оқ тесіп өткен.

Ол Алматыда жаппай тәртіпсіздік басталған күннің ертеңіне – 6 қаңтарда жараланған. Сол күні Ділшат жеке көлігімен такси қызметін көрсететін досы Ермек Кебекбаевтың үйіне барады. Екеуі Ермектің көлігіне отырып, жанармай құйып алуға шыққан. Жолай Ермекке әлдекім хабарласып, орталыққа келуін өтінген. Желтоқсан және Сәтпаев көшелерінің қиылысынан өте бергенде оларға әскерилер оқ жаудырған. Рөлде отырған Ермек оқ тиіп, сол жерде тіл тартпай кеткен. Аяғынан жараланып, атыс тоқтаған кезде көліктен шығып үлгерген Ділшатты бейтаныс адамдар көлікке салып жіберген. Әлгі көлік оны ауруханаға жеткізген.

– 10 қаңтарда ота жасалуы керек еді. Бірақ 9 қаңтарда жедел медициналық көмек ауруханасына бетіне маска тағып, автоматпен қаруланған арнаулы жасақ баса-көктеп кірді. Арасында азаматтық киімдегі, жасы 20-25-тер шамасындағы жігіт жүрді. Аурухана бөлмесінде жатқанмын, аяғымда сүйекті ұстап тұратын темір болды. Олар телефонымды тартып алып, хат-хабарламаларымды оқи бастады. Телефонымда артық ештеңе жоқ еді. Азаматтық киімдегі жігіт «Қатыстыңдар ма?» деп сұрады. «Жоқ» деп, алаңға он минутқа ғана барғанымызды айттым. Ол оқ тиген аяғымды жұлқылап, оңға-солға бұрып, «Мойында! Ұрып-соғып, тонадың» деді, – дейді Ділшат.

Арнайы жасақтың ауруханадан жаралы адамдарды күштеп шығарып, автокөлікке салып жатқаны туралы видеодан скриншот.
Арнайы жасақтың ауруханадан жаралы адамдарды күштеп шығарып, автокөлікке салып жатқаны туралы видеодан скриншот.

Ол маска таққан әскерилер өзін автоматтың дүбімен бірнеше рет ұрғанын, дәлізден таяқ жеген адамдардың дауысын естігенін айтады. Жаралы азаматтарды дәлізде де ұрып-соққан. Ділшатқа «Аурухана бөлмесінен шық!» деген бұйырған, ол бар күшін жинап, дәлізге әзер жетіпті. Арнаулы жасақ оны арқасынан итеріп, лифтіге кіргізген.

Ділшат пен онға жуық адамды ауруханадан алып шыққан сәтті ауруханада болған адамдардың бірі видеоға түсіріп алған. Алматы тұрғыны қаңтардың аяғында Азаттыққа сол видеоны жіберіп, аты-жөнін жарияламауды өтінді. Бұл оқиғаға байланысты құқық қорғаушылар «Медициналық көмек алу және емделу мүмкіндігінен айыру – азаптаумен тең» деген еді.

– Сол видеодан ауруханадан екінші болып шыққаным көруге болады. Үстімде жеңіл жейдеден басқа ештеңе болған жоқ. Тіпті шалбар киюге де мұрша бермеді. Ол кезде жарақатыма байланысты шалбар кие алмайтынмын. Автозакқа итеріп кіргізді. Көліктің ішінде әупірімдеп, қабырғаға сүйендім. Басыңды көтерсең, бетіңнен ұрады. Кім ұрғанын білмеймін. Жүзімізді көріп қояды деп қорықты ма, басымызды көтерсек болды, ұра берді. Автозактың ішінде үш тісім сынды. Біреуі, артынша екіншісі, кейін үшіншісі ұрады. Оларды көрген жоқпын. Ләм-мим деместен ұра берді. Еш себепсіз. «Жүзіңді жерге қаратып жат!» деп айқайлады, – дейді Ділшат.

Автозактағы азаматтарды Алматыдағы СИ-18 мекемесіне жеткізген. Ділшат жаралы азаматтар изолятор ғимаратына сүйретіліп, әзер жеткенін айтады. Қорлық ғимарат ішінде де жалғасқан.

Ділшат Әбдусатаров арнайы жасақ қызметкерлері оны өзге адамдармен бірге ауруханадан күштеп шығарып, тергеу абақтысына апара жатқан кезде автозактың ішінде ұрып-соғып, үш тісін қағып алғанын айтады.
Ділшат Әбдусатаров арнайы жасақ қызметкерлері оны өзге адамдармен бірге ауруханадан күштеп шығарып, тергеу абақтысына апара жатқан кезде автозактың ішінде ұрып-соғып, үш тісін қағып алғанын айтады.

– Жүруге әлі келгендер өз аяғымен жүрді. Басымызды көтеруге мүмкіндік бермеді. Жүруге шамасы жетпегендер дәліздегі сынық кафельдің үстімен жер бауырлап жетті. Мен еңбектеп 20-30 метр ғана жылжыдым. Бізді таяқпен ұрып, зекіп, асықтырды. Кейбіреулер қалып қойды. Оларға көмектеспек болғанымыз үшін тағы да таяқ жедік. Жертөлеге түсіріп, түнге дейін сонда ұстады. Онда бірнеше бөлме бар екен. Бізді қамаған бөлмеде 10-12 адам болдық. Еденге линолеум төселген, басқа ештеңе жоқ. Жылу батареясына еңбектеп жеттім. Қатты суық болды, бір-бірімізге жақындап, жылынуға тырыстық. Бұл үшін тағы да ұрды. Кейін ауруханада аяғымды жұлқылап, қинаған азаматтық киімдегі адам кіріп, «Ә, мұнда екенсің ғой! Енді жарық дүниені көрмейсің, бұл жерден тірі шықпайсың» деді. Екі рет арқамнан, қабырғамнан ұрды, – дейді Ділшат Әбдусатаров.

Жертөледе жатқан адамдарды бір-бірлеп тергеуге апарып, ары қарай камераға алып кеткен. 14 қаңтарда сот өтіп, бұлтартпау шарасы белгіленген. Онлайн сот отырысы бес минутқа ғана созылған. Судья «екі айға тұтқындалсын» деген қаулы шығарған.

Алғашқы күндері қамауда отырған азаматтарды кез келген «қателігі» үшін жазалаған. Тұтқындарды санынан жаңылып, өзіне қандай бап бойынша айып тағылғанын дұрыс айта алмағаны үшін таяқпен ұрған. Тез отырып, тұра алмаса, тағы да соққыға жыққан.

Бұл кезде тергеу изоляторының сыртындағы құқық қорғаушылар дабыл қағып, адвокаттар қорғауындағы азаматтармен кездесуге билік рұқсат бермей жатқанын айтып, қоғам назарын аударған еді. Халық омбудсменнен изоляторға баруды талап етті. Қоғамдық резонанс туған соң тергеу изоляторындағы жағдай да өзгере бастаған.

– Бізге «Қазір комиссия келеді, төсектеріңді жинаңдар» деді. Дәрігерлер жарақатымызды тазалап, дәкемен орап берді. Азаматтық киімдегі бір адам келіп, денеміздегі жарақатты суретке түсіріп алды. Комиссияға сынған тістерімді көрсеттім, бірақ оны ешкім тіркеген жоқ. Үсті-басымда, қабырғамда көгерген іздер болды. Комиссия құрамында кімдер болғанын білмеймін. Депутаттар келді. «Азаптау туралы шағым бар ма? Кім айтады?» деп сұрады. Ешкім үндеген жоқ. Комиссияның артында қызметкерлер тұрды. Айтайын десек, «комиссия кетеді, мүмкін олар жай, есеп беру үшін келген шығар, ал біз осында қаламыз ғой» деп ойладық. Бәрі қорықты. Менің көзімше ешкім шағым айтқан жоқ, – дейді Ділшат.

18 қаңтарда Ділшатты Алматыдағы №4 ауруханаға ауыстырып, аяғына ота жасаған. Ол аурухханада қолы кісендеулі күйде жатқан. Бөлмеде екі қарулы полицей, дәлізде тағы екі қызметкер күзетіп тұрған. Екі аптадан кейін Ділшатты тергеу изоляторына қайта қамаған.

Қылмыстық атқару жүйесі комитетінің Алматыдағы ЛА-155/18 мекемесі (тергеу изоляторы).
Қылмыстық атқару жүйесі комитетінің Алматыдағы ЛА-155/18 мекемесі (тергеу изоляторы).

Ақпанда сот «жаппай тәртіпсіздік» бабы бойынша қамауға алынған бірнеше азаматтың бұлтартпау шарасын өзгертіп, үйіне қайтарды. Алғашқы сот отырысында Ділшаттың жанында болған мемлекеттік қорғаушы онымен бірде-бір рет кездеспеген. Ділшаттың туыстары құқық қорғау ұйымынан көмек сұрап, басқа адвокат тапқан. 17 ақпанда Ділшат Әбдусатаров үйіне оралған. Оны қаладан ешқайда кетпейтіні туралы қолхат алып босатқан. Бірақ «жаппай тәртіпсіздікке қатысты» деген айып сол күйінде қалды. Ділшат азаптау ісі бойынша тергеу нәтижесіз жүріп жатқанын айтады.

– Екі рет полиция департаментіне шақырды. Бір рет жеке қауіпсіздік басқармасына бардым. Наурыздың басында адвокаттың кеңесімен азаптау фактісі бойынша шағым жаздым. Екі айдың ішінде көгерген іздер жазылып кетті. Бірақ үш тісім сынған. Азаматтық киімдегі адамды танимын. Тергеуші басында «Ол жақта 165 адам болды» деп, арызды қабылдағысы келмеді. Бірақ адвокат ауруханаға жіберілген қызметкерлерді тапты. Олардың өзі тіленіп бармағаны, бұйрықты орындағаны белгілі ғой, – дейді Ділшат.

Ділшаттың арызы жемқорлыққа қарсы күрес қызметіне жіберілген. Қызмет құзыретін асыра пайдалану және азаптау баптары бойынша тергеу басталған.

– Олар істемеген ісімді «мойындатып», түсініктеме алуға тырысты. Өзімді толықтай ақтап алғым келеді. Маған қарсы ешқандай айғақ-дәлел жоқ. Қаңтардың төрті мен бесінде үйде болдым. Мұны телефон қоңыраулары да дәлелдейді. Басымнан өткен жағдайға әлі күнге дейін… Аяғыма оқ қалай тигенін білмеймін, – дейді Ділшат.

ҚОСАЙ МАХАМБАЕВ, 38 ЖАСТА

Алматылық Қосай Махамбаев қаңтардың төрті мен бесі күндері Алматыдағы Республика алаңына барғанын мойындайды. Ол газ бағасының өсуі мен әлеуметтік әділетсіздікке қарсы жиналған Жаңаөзен халқын қолдап, наразылыққа шыққан. Жаңаөзендегі бейбіт демонстрация аз уақыт ішінде Қазақстанның басқа қалаларына да тарап, наразылар бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаевты саясаттан біржола шеттетіп, ол құрған жүйені өзгертуді талап еткен.

– Жас жігітке көмектесіп жатқанымда маған оқ тиді. Орталық мемлекеттік мұражай маңында құлап түстім. №12 ауруханаға жеткізді. Сол жақ саныма, сол табаныма – барлығы үш жерден оқ тиіпті. Жағдайым ауыр болды. Аяғымды мүлде қозғалта алмайтынмын, – дейді Қосай.

Қосай 8 қаңтарды «ауруханадан адам ұрланған күн» деп атайды. Арнаулы жасақ қызметкерлері бөлмеге баса-көктеп кіріп, «Жат! Қозғалма! Сендер – террористсіңдер!» деп жекіп, айқайлап, төсектен тұруды бұйырған. Қосай тұра алмаған. Ол іші толы автозакқа еңбектеп жеткенін айтады. Қосайдың есебі бойынша, ауруханадан кетерде үш автозактың ішінде 40 науқас болған. Қосай ауруханадан СИ-18 мекемесіне жеткенше онға жуық соққы алған.

Қамаудан босап шыққан соң Қосай Махамбаев тергеу абақтысында өзін қалай азаптағанын айтып берді.
Қамаудан босап шыққан соң Қосай Махамбаев тергеу абақтысында өзін қалай азаптағанын айтып берді.

– Жеткеннен кейін бізді түгел шешіндіріп, бетонға жатқызды. Ойлап көріңізші? Қаңтар айы, далада аяз. Үстімізден таптап жүрді. Басымыздан тепті. Түрмеде тіркеу болғанда ауруханадан 130 адам әкелгенін білдік. Тергеу абақтысының дәлізінде де қорлады. Біреулер еңбектеп жүрді, бізді автоматпен нұқып, «Тез, тез!» деп асықтырды. Дәлізде жаттық, басымызды көтертпеді. Жерге тұқыртып қойды. Жерде жатып, әскери етік пен камуфляж киімді ғана көрдім. Аяғым қозғалмайды, сондықтан бар күшімді қолыма салып, еңбектедім. Екінші қабатқа әзер шықтық. Бір бөлмеге кіргізді. Ол жақта екі адам дәлдеп тұрып, бүйректен ұрды, – дейді Қосай.

Ол өзін ұстау туралы актіні төрт күннен кейін бір-ақ көрген. Онда Махамбаев 11 қаңтарда ұсталды деп жазылған. «Сонда полиция бізді үш күн бойы заңсыз ұстаған ғой» дейді ол. Қамауға алынған азаматтар бұдан басқа да талай азап көрген.

Қосайдың камерасында отырған үш не одан көп азаматты «пресс-хатаға» (түрмеде тұтқындарды ұрып-соғып, қорлайтын камера – ред.) апарып, зорлаған. Бұл ақпаратты растайтын тәуелсіз дерек көздері жоқ: билік азаптау және қызмет құзыретін асыра пайдалану баптары бойынша іс қозғалғанын мәлімдеген. Қаңтар оқиғасына байланысты ұсталған азаматтарға жыныстық зорлық көрсетілгені туралы ресми ақпарат жоқ. Бірақ «Азаптауға қарсы коалицияға» күш құрылымдарының зорлау, қоқан-лоқы көрсету және жыныстық сипаттағы зорлық жасау сияқты қылмысқа барғанын растайтын ақпарат түскен. Тұтқындарды зорлау – Қазақстанда ашық талқыланбайтын тақырыптардың бірі, жәбірленушілер көбіне басынан өткен жағдайды жасырып қалуға тырысады.

Көп ұзамай тергеу абақтысына прокурорлар келген. Олар Қосайдан «Азапталғаныңыз туралы арыз жазасыз ба?» деп сұраған. Ол келіскен. Осы үшін «жазаланған».

– Сенбі болатын. Дәрігерлер демалысқа үйіне кетеді. Прокурормен сөйлескеннен кейін мені санитарлық бөлімшеге алып кетті. Ертеңіне жігіттерді әкеліп, басқа бөлмелерге жатқызды. Менің жаныма асқазан-ішек жолдары жараланып, нәжісі сыртқа шығып жатқан науқасты әкелді. Камерадағы иістен жүрегің айниды. Оны неге менімен бірге жатқызғанын бірден түсіндім. Бұл фашизмнен де жаман: орнынан тұра алмайтын адамды емделуге жібермей, газ камерасы ретінде пайдалану үшін қамауда ұстап отырды. Тергеушіге қалаған түсініктемесін бермеген, қызметкерлерге бағынбаған адамдарды соның қасына жатқызатын, – дейді Қосай Махамбаев.

Ол отбасына азаптау туралы шағымын беріп үлгерген. 10 ақпанда Қосайдың анасы мен адвокаты арызды прокуратураға тапсырды. Сол күні кешке бұлтартпау шарасы өзгерген. Қосай қамаудан жақындарының белсенділігінің арқасында босап шыққанын айтады. Бірақ оның азаптау туралы арызы бойынша қозғалған қылмыстық істен әлі еш хабар жоқ.

– Бізге «Ештеңе дәлелдей алмайсыңдар, олардың бетінде маска болды» дейді. Олар бізді кім алып кеткенін, сол күні жұмысқа шыққан қызметкерлердің аты-жөнін білмей ме? Бізді ауруханадан алып кеткендер мен қаңтардың сегізі мен он бесі аралығында СИ-18 мекемесінде істеген қызметкерлердің бәрі тұтқындарды ұрып-соқты. Азаптауға бәрінің қатысы бар, – дейді ол.

6 мамырда Қосай Махамбаев прокуратура өкілдерімен кездесуде тергеушілердің істі жауып тастағысы келетінін айтқан. Оның сөзінше, тергеу изоляторындағы тіркеу журналынан 13 қаңтарға дейінгі жазбалар жойылып кеткен. Қосай арнаулы жасақ өкілдерін, Ұлттық қауіпсіздік комитеті, Ішкі істер министрлігі және тергеу изоляторы қызметкерлерін жазалауды талап етеді.

Қосай Махамбаев (сол жақта) Қаңтар оқиғасы кезінде азаптауға ұшырағанын айтқан өзге азаматтармен бірге Алматы қалалық прокуратураға шағыммен келіп тұр. 6 мамыр 2022 жыл.
Қосай Махамбаев (сол жақта) Қаңтар оқиғасы кезінде азаптауға ұшырағанын айтқан өзге азаматтармен бірге Алматы қалалық прокуратураға шағыммен келіп тұр. 6 мамыр 2022 жыл.

Халықаралық құқық бойынша, азаптауға азаматтық киімдегі, үстінде әскери шенін айқындайтын белгісі жоқ, бетіне маска таққан адамдар қатысып, олардың түр-тұлғасын ажырату мүмкін болмаған жағдайда бұл қылмысқа қылмыскерлердің басшысы жауапты болады. Басшысын анықтау мүмкін болмаса, тұтқындар азапталған мекеменің басшысы жауапқа тартылады.

ҚАЙРАТ ҚОЖАХМЕТОВ, 36 ЖАСТА

Қайрат Қожахметов 5 қаңтарда түстен кейін үйінен, ауырып жатқан баласына дәрігер жазып берген рецепті алып, дәрі алуға шыққан. Қалқаман ықшамауданындағы дәріханалар жабық болған. Интернет байланысы ажыратылған қала орталығында ол кезде дүрбелең жалғасып жатқан еді. Қаланың кей аудандарында салыстырмалы түрде тыныштық орнаған.

– Бір топ жігітті көрдім. Олар «қалада митинг өтіп жатыр» деді. Сөйлесіп тұрғанымызда екі көлік келіп, құлақ тұндыратын граната лақтырды. Ол тура аяғымыздың астында жарылды. Аяғым қанап, есімді жия алмай қалдым. Тек көлікте өз-өзіме келдім. Мені №12 ауруханаға апарды. Травматология бөліміне кезек қалың екен. Ине салып, гипс таңып берді, – дейді Қайрат.

Қайратты ауруханаға жатқызып, аяғына гипс салған. Кешкісін ауруханаға арнаулы жасақ келген.

Қаңтар оқиғасы кезінде жараланған Қайрат Қожахметовті полиция жасағы ауруханадан күштеп шығарып, тергеу абақтысына апарып қамаған.
Қаңтар оқиғасы кезінде жараланған Қайрат Қожахметовті полиция жасағы ауруханадан күштеп шығарып, тергеу абақтысына апарып қамаған.
– Әрқайсымызға үш қызметкер келіп: «Орныңнан қозғалма! Атамыз! Террористер!» деп айқайлады. «Қаруды, оқ-дәріні қайда жасырдыңдар?» деп сұрады. Төсегімізді ақтарып, киінуге мұрша бермей, алып кетті. Кейбіреулер киініп үлгермей, жамылғы оранып шықты. Бізді дәліздегі қабырғаға қаз-қатар тұрғызып қойды. Жаралы аяғыммен дәлізге әзер жеттім. Ұрып-соқты. Жаңа ғана ота жасалған адамдарды да аяған жоқ. Жарақатың бар жерден әдейі ұрады. Дәлізде тағы да соқты. Дәрігерлер қорқып кетті. Бірақ оларды сөйлеткен жоқ. Телефонымызды тартып алды. Лифтімен төменге түсірді. Көлікке еңбектеп жеттік, – дейді Қайрат.
Оның сөзінше, арнайы жасақ ауруханадан алып шыққан 15 адамды жеті-сегіз адамға арналған автозакқа тиеген. Жол бойы басын көтертпей, ұрып-соғып, тергеу изоляторына жеткізген. Аязды күні даладағы асфальттың үстіне жатқызған. Кейін ғимаратқа алып кірген. Өздігінен жүре алмаған Қайратты тергеу изоляторының қызметкерлері сүйреп ішке кіргізген.
– Тергеу изоляторына түскен кезде бірден ұрып-соқты. Кейін қатты тиген жоқ. Өйткені менде қарапайым телефон болды. Кей адамдардың телефонынан тәртіпсіздік кезінде түсірілген фото, видео табылды. Оларды «сол жерде болып, бәрін видеоға түсіріп алғансыңдар» деп қатты азаптады. Қорқыту үшін таяқпен ұрды. Ештеңе түсірмесем де, бір-екі рет мені де ұрды,– дейді Қайрат.
Қайрат тергеу абақтысына түскеннен кейін бір апта бойы отбасымен хабарласа алмаған. Оған үйіне бір рет қоңырау шалуға да мүмкіндік бермеген. Тергеу соты Қайратты екі айға қамау жайлы қаулы шығарған. Бұл кезде туыстары Қайратты іздеп, аурухана қоймай аралап, полицияға хабарласып, әбден сабылған. Қайрат қаңтардың ортасында бірінші рет адвокатымен кездесіп, абақтыда отырғанын отбасына хабарлаған.
Тергеу изоляторында Қайратқа қайтадан гипс салған, бірақ онысы сапасыз болған. Оны түзетіп салғанымен, тағы да қате шыққан. Кейін ауруханаға апарып, 24 қаңтарда ота жасаған.
Қайрат Қожахметов «жақындарымның көмегінсіз жағдайым қиын болар еді» дейді. Әйелі Кәмила Қаңтар оқиғасы кезінде және одан кейін ұсталған азаматтардың туыстарымен бірге прокуратураға барған. Олар азаптауды доғарып, дұрыс тергеу жүргізуді талап еткен.
Қайрат Қожахметовтің әйелі Кәмила балаларымен бірге.
Қайрат Қожахметовтің әйелі Кәмила балаларымен бірге.

Отадан кейін ауруханаға прокуратура қызметкерлері келіп, Қайратты үйқамаққа ауыстыратынын айтқан. Қожахметов үйіне оралды, бірақ «жаппай тәртіпсіздікке қатысу» бабы бойынша күдікті болып қалған. Қазір Қайрат сотты күтіп отыр.

Ол құқық қорғау қызметкерлерінің іс-әрекетіне қатысты шағым жазбаған. Қазақстанда тұтқындарды азаптау кең таралған қылмыс қатарына жатады. Бірақ құзыретін асыра пайдаланған полиция қызметкерлерінің үстінен қозғалған істер сотқа жете бермейді, ал сондай қылмыс жасағандарға шығарылған сот үкімі одан да аз.

Азаттық Бас прокуратураға хат жолдап, Ділшат Әбдусатаров пен Қаңтар оқиғасы бойынша тергеуге алынған басқа да азаматтарды азаптауға байланысты істің қалай жүріп жатқанын сұрады. Содан бері бір ай өтсе де, прокуратурадан ешқандай жауап келмеді.

Қазақстан билігі Қаңтар оқиғасы кезінде және одан кейін ұсталған азаматтардан түскен азаптау туралы шағымдар бойынша 200-ден астам іс қозғалғанын мәлімдеген. Әзірге күш құрылымдарының 11 қызметкері ғана күдікті деп танылған. Ресми дерек бойынша, Қаңтар оқиғасы кезінде қаза тапқан 238 адамның кемінде сегізі «рұқсат етілмеген тергеу амалдарының» салдарынан көз жұмған.

Қаңтар қырғыны құрбандарын еске алу акциясында Республика алаңындағы ескерткішке ілінген плакаттағы жазу. Алматы, 13 ақпан 2022 жыл.
Қаңтар қырғыны құрбандарын еске алу акциясында Республика алаңындағы ескерткішке ілінген плакаттағы жазу. Алматы, 13 ақпан 2022 жыл.

Human Rights Watch халықаралық құқық қорғау ұйымы 5 мамырда жариялаған мәлімдемесінде «Қазақстан Қаңтар оқиғасын дұрыс тексерген жоқ» деп, наразылыққа қатысып, жараланған азаматтардың ауруханада жатқан жерінде ұсталып, азапталғанына назар аударған.

Human Rights Watch ұйымының Еуропа мен Орталық Азия бойынша директоры Хью Уильямсон «Қазақстан: Қаңтар наразылығы құрбандары әділдікке қол жеткізе алмай отыр» деген мәлімдемесінде «Азаптау және өзге де заң бұзу жайттары туралы шағымдар бір мемлекеттік органнан екіншісіне беріліп, күдіктілер анықталған жоқ» деп жазған.