Сегізінші қабаттан үш жасар қызды құтқарған батыр оқиғаны баяндап берді
Нұр-Сұлтанда сегізінші қабаттан құлаған үш жасар қызды құтқарған ер адам оқиғаның қалай болғанын айтып берді, деп хабарлайды Kznews.kz жаңалықтар порталы Tengrinews.kz-ке сілтеме жасап.
36 жастағы Сәбит Шонтақбаев өз өмірін қауіпке тігіп, бүлдіршінді құтқарған еді.
Ер адам Нұр-Сұлтанға Қызылордадан жұмыс істеу үшін келген. Өзінің төрт ұл, үш қызы бар. Елордада құрылыста қара жұмысшы болып істейді.
«Балаларым Қызылордада тұрады, мен осында баспана жалдап, жұмыс істеймін», — деді Шонтақбаев.
Ер адам жұмысына асығып бара жатып, сегізінші қабатта балконның ернеуіне ілініп тұрған бүлдіршінді байқаған.
«Ілініп тұрған қызды көргенде оны құтқаруды ғана ойладым. Ол сәтте өзімді ойлайтындай болмадым», — деп түсіндірді ол.
Ептілігі мен мықты физикалық дайындығын ер адам бұрынғы қызметімен байланыстырады. Бұрын Сәбит Шонтақбаев шекарашы болған.
«Жұбайым видеоны көріп, «жарайсың» деді. Қыздың ата-анасын көрмедім. Жұмысқа қатты асығып тұр едім, оны құтқарған соң, жетінші қабаттағы көршілерге табыстадым. Сосын жұмысыма кетіп қалдым», — дейді ер адам.
Бұған дейін Нұр-Сұлтанда ер адамның өз өмірін қатерге тігіп, 8-қабаттан құлаған қызды қағып алғанын хабарлаған едік.
(Фото tengrinews.kz)