Ринат Зайытов: «Халыққа террорист деп айдар тақтық…»

0

4 мамыр күні «Алатау» дәстүрлі өнер театрында айтыскер ақын Ринат Заитовтың «Мен сендерді жақсы көремін, адамдар» атты музыкалық кеші аншлагпен өтті. Кеште ақын «Қаңтар оқиғасы» мен биліктегілерді сынға алды.

Көрермен ойының жиегін жыртып, алапат сезімге бөлеген өлеңдері, әндері (ақынның сөздеріне жазылған) көңіл
пернесін дөп басқандай.

Әке, ана, махаббат, бала тәрбиесі, туған жер, өмір, Қаңтар оқиғасы т.б. сан түрлі тақырыптар қамтылды. Жол біреу болғанымен, бұрылысы көп өмірде өз бағытын тапқан ақынның кеші психологиялық иірімге құрылып, көрермендерді эстетикалық-эмоционалдық көңіл-күйде қалдырып, сай-сүйектерін сырқыратты десек артық болмас. Сөз байлығын жинаған халқымыздың ұлы «Менің бар жинағаным өлең ғана. Келсін де ала берсін, ала алса егер», – деп отты сөздерін де айтып өтті. Қазақтың «Ер жігіттің тағымен талассаң да, бағымен таласа алмайсың» дегені де еріксіз ойға оралады екен. «Мен саған жаман әке болсам дағы, сен маған жаман бала бола көрме», «Мен сенің шаранаңда жатқанымда, мен сенің жүрегіңнен ұстағанмын» деген сияқты әке, ана, ұрпаққа арнаған ойлы сөздері талайдың есінде қалары анық. Музыкалық кеш таптаурындықтан ада ерекше формаға құрылған. Сахнаның әрленуі, дыбыс, жарықтың қойылуы да сәтті өтті.

Кеште Ринат Заитовтың сөздеріне жазылған әндер орындалды.

♦️Қоюшы режиссер: Жұлдызбек Жұманбай

Шерхан Мұртаза «Ай мен жұлдыз болмаса, қараңғы түнде адамдар адасар еді. Өнер дүлдүлдері болмаса, мына күйбең тіршілікте адамдардың көңілін кір басар еді», – дейді. Қазақ өнерін өрге тартар өнер иелері көп болғай!