Конституциядан орыс тілінің мәртебесін алып тастауды талап ететін петиция жарияланды
Egov.press сайтында жаңа петиция жарияланды, — деп хабарлайды Kznews.kz сайты. Петиция авторы Қаныш Темір «Қазақстан Конституциясынан орыс тілінің мәртебесін алып тастауды талап етеміз» деп жазған. Бұл мәселені Парламент, Президент шеше алатынын да алға тартады. Жоспар бойынша 20000 қол жиналу керек болған, алайда 32280 адам бұл ұсынысты қолдайтынын жеткізген.
«Қазақстан Республикасы Конституциясының 7-бабында мемлекеттік ұйымдарда және жергілікті өзін-өзі басқару органдарында орыс тілі ресми түрде қазақ тілімен тең қолданылады деп көрсетілген.
Орыс тілі керек. Бірақ халықаралық маңызы бар тіл ретінде ғана қажет. Бұл тіл балабақшада ағылшын тілі секілді шет тілі ретінде оқытылуы тиіс. Мемлекеттік тіл — қазақ тілі болып қалуы қажет. Іс қазақ тілінде ғана жүргізілуі керек. Осындай шара қабылдамасақ, қазақ тілі жойылады.
Біз, Қазақстан Республикасының азаматтары, Парламенттен және ел Президентінен Конституциямыздағы орыс тілінің ресми мәртебесін алып тастауды талап етеміз. Қазақстан Конституциясында тек қазақ тілі ғана болуы тиіс.
Қазақ тілінің мәртебесін көтерейік ағайын! Патриотизмді ұлтшылдықпен шатастырмаңыздар!
Осы өтініш туралы жаңалықтар ресурстарын хабардар етіңіз. Тек осылай ғана біз қоғамдық резонансты көтеріп, биліктің назарын проблемаға аудара аламыз.
Егер сізде Азаматтық бастама болса, мына сілтемемен петиция жасай аласыз» — дейді автор.
( фото Qazaly.kz)