“Газпромдағы” жұмбақ өлімдердің сыры неде?

0

«Газпром» өз ішінен іріп жатыр. Жыл басынан бері Ресейдегі ең ірі газ компаниялары саналатын «Газпром» және «Новатекке» қатысы бар төрт топ-менеджер қайтыс болды.

Тергеушілер болса, жағдайға «суицид» деген баға беріп, істі жылы жауып қоя салды. Мұның бәрі көңілге күдік ұялатпай ма? Тізбектеп көрелік.

Қаңтардағы өлім. Қаңтар айының соңында «Газпром инвест» көлік қызметінің басшысы 60 жастағы Леонид Шульман қайтыс болды. Менеджердің денесі Ленинский ауылында (Ленинград облысы) орналасқан өз үйінің жуынатын бөлмесінен табылды. Алдын ала болжам бойынша, ол өзін-өзі өлтірген.

Ақпандағы өлім. Шульман оқиғасынан шамамен бір айдан кейін сол Ленинскийдегі элиталық ауылдардың бірінде «Газпром» бірыңғай есеп айырысу орталығының корпоративтік қауіпсіздік жөніндегі бас директорының орынбасары Александр Тюляковтың мәйіті табылды. Тергеуге сәйкес, Александр да өз-өзіне қол жұмсаған.

Сондай-ақ мәйіттің жанынан умаждалған хат табылған. Бірақ ол хаттың мазмұны ешкімге жария етілмепті.

Сәуірдегі өлім. 18 сәуірде Мәскеудегі пәтерлердің бірінде «Газпромбанктің» бұрынғы вице-президенті Владислав Аваев, сондай-ақ оның әйелі мен қызы қайтыс болды. Үшеуінің де тапаншамен атып өлтірілгені белгілі болды. Алдын ала болжам бойынша, Аваев жұбайының опасыздығын біліп қойған-мыс, содан кейін алдымен әйелі мен қызын өлтіріп, сосын өзін-өзі атып тастаған көрінеді.

Ресейлік БАҚ өкілдерінің хабарлауынша, бұл іске кінәлі ретінде шұғыл жайдайда Украинаға кетіп қалған Газпромбанктің бұрынғы вице-президенті Игорь Волобуев айыпталуда.

Айтуынша, ол Владислав Аваев (Газпромбанктің бірінші вице-президенті) пен Сергей Протасенюдің (НОВАТЭК газ компаниясы) өліміне қатысы болуы мүмкін.

Ал бірнеше күн бұрын Испанияның Ллорет-де-Мар қаласында орналасқан үйде Новатэк газ компаниясының бұрынғы топ-менеджері Сергей Протосенидің денесі табылды. Алдын ала мәліметке сәйкес, ол да өз әйелі мен қызын пышақтап өлтірген.

Оның ұлы Федор болса, тергеу мәліметтеріне сенбейтінін жеткізді.

Пікірінше, белгісіз адамдар оның отбасын өлтірген. Себебі әкесі анасын қатты жақсы көргенге ұқсайды. Протосенидің досы, кәсіпкер Анатолий Тимошенко да дәл осындай пікірде.

Ал енді неге барлық өлім бірдей сценарийде деген заңды сұрақ туындайды. Демек, бұл жерде біз білмейтін былықтың бары анық. Бәлкім, «Газпромның» ішінде өзара “тақталастық”, бақталастық басталған болар.

Қалай болғанда да үлкен саяси ойындардың жүріп жатқаны анық. Бұл, бірінен соң бірі болған тізбекті суцицидтерді кездейсоқтық дей алмаймыз.

Оралбай МЕРГЕНБАЙҰЛЫ
«Адырна» ұлттық порталы