Ресей көлік импорты бойынша Қытайға иек артқалы тұр

0
66

Көрші Ресейдің хәлі күн сайын нашарлап барады. Жағдай бұлай жалғаса берсе, Ресей 1998 жылғы ғаламат күйзелісті қайта бастан кешіруі ықтимал. Түптеп келгенде бұның бәріне АҚШ не Еуропа кінәлі емес. Бәріне сау бастарына сақина тілеп алған өздері кінәлі.

Өткен ғасырдың соңындағы дағдарыс алып КСРО-ның ыдырауына әкеліп соқтырған болса, бұл жолғы дағдарыс Ресейді не күйге салары белгісіз?!

Экономистер биылғы жылы Ресейдің ЖІӨ-і 8 пайызға құлайды деген болжам жасап отыр. Әлем сарапшылары болса, бұл көрсеткіш 23 пайызға дейін жетеді дейді. Былай қарағанда бұл болжамдар шындыққа жуықтайды.

Атап айтқанда, Ресейдің көлік саласы оңбай опық жегелі тұр. Өйткені Еуропалық Одақ төртінші санкциялар пакеті аясында Ресейге құны 50 000 евродан асатын автомобильдер мен басқа көліктерді экспорттауға тыйым салды. Ал Ресей көлік импортына тәуелді елдердің бірі. Себебі Ресейлік импорттың 49,2%-ын көлік саласы құрайды. Оның үстіне автоөндіріс саласындағы көптеген шетелдік компаниялар Ресейден кетіп үлгерді.

Мәселен, BMW, Mini, Cadillac, Chevrolet, Chery, Ford, Geely, Haval, Honda, Jaguar, Land Rover, Toyota, Lexus, Mazda, Nissan, Porsche, Škoda, Volkswagen және Volvo сынды компаниялар не істесең оны істе дегендей Ресейге көлік сатпайтынын мәлімдеді.

Статистикаға сүйенсек, Ресейге импортталатын көліктердің негізгі жеткізушісі Германия ($2.95 млрд) мен Жапония ($2.92 млрд) болып табылады. Үштікті Қытай ($2.38 млрд) қорытындылайды. Германия мен Жапонияның соғыста Украинаға жақ екенін ескерсек, Ресей көлік импорты бойынша Қытайға иек артқалы тұр. Ал өздері автоөндірісті қолға алайын десе, бұған дейін олар көлікке қажетті қосалқы бөлшектерді Еуропадан алып отырды. Енді олар әрі кетсе көліктердің шектеулі қатарын ғана шығара алады. Оның өзінде қауіпсіздік жастығы жоқ, гидравликалық күшейткіші жоқ автокөліктер құрастыра алады. Тағы бір ескеретін жайт, Қытай өз көліктерін әлемдік нарықта доллармен сатады. Ресей болса, доллар мен еуродан мақрұм қалғалы қай заман. Демек алдағы уақытта Ресейдің Қытайдан көлік импорттауының өзі арманға айналуы бек мүмкін. Себебі Қытайға көліктерді рубльмен сату тиімсіз.

Қырсыққанның иті қырын жүгіреді дегендей бастапқыда Ресейде көлік сатуды тоқтатпаймыз деген Toyota және Lexus сияқты алпауыт компаниялардың да күні қараң. Бүгінгі таңда оларға автобөлшек жеткізудің өзі мәселеге айналған. Енді олар Ресейде дүркін-дүркін көлік құрастыруы мүмкін. Соңғы мәліметтерге сенсек, Ресейге жеткізілуі керек болған Lexus, Cadillac және Mercedes көліктері Бельгияның Зебрюгге портында қалып қойған. Олар Еуроодақтың санкцияларына байланысты Ресейге кіре алмай қалған көрінеді.

Жалпы алдағы уақытта Ресей өз дегенінен қайтпаса, санкцияның салқыны Қазақстанға да тиюі ықтимал. Елімізде қазірдің өзінде автокөліктер бағасы шарықтай түскен. Айталық, бір ғана Toyota компаниясының өзі көліктерінің бағасын 11%-ға өсірген.

Сондай-ақ Ресейдің Ирбит қаласына бөлшектерді жеткізу мүмкін болмағандықтан Ural мотоциклдерін құрастыру тоқтатылыпты. Енді Ural мотоциклі Петропавл қаласында құрастырылмақ.

Сөз соңында британдық саясаткер Уинстон Черчилль айтқандай: «Соғыс өрескел қателіктердің жиынтығы». Ал бұл соғыста Ресей үлкен қателіктерге бой алдыруда.

Оралбай МЕРГЕНБАЙҰЛЫ
«Адырна» ұлттық порталы