Археолог Виктор Зайберт дүниеден өтті

0

Көрнекті ғалым, археология профессоры, Германия археологиялық институтының және Қазақстан Республикасы Қоғамдық ғылымдар академиясының корреспондент мүшесі Виктор Федорович Зайберт 75 жасында дүниеден өтті. Бұл туралы ҚР БҒМ хабарлады.

Виктор Федорович 1947 жылы Солтүстік Қазақстан облысында дүниеге келген. Петропавл педагогикалық институтының тарих факультетін («тарих мұғалімі» мамандығы бойынша) бітірген. Еңбек жолын Солтүстік Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану музейінде бастаған. Әр жылдар ішінде ол археологиялық коллекцияларды қалпына келтіруші, ғылыми қызметкер, музейдің археология бөлімінің меңгерушісі болды. Ғалымның қажырлы да тынымсыз еңбегінің арқасында бүгінде Солтүстік Қазақстан тарихи-өлкетану музейінде ежелгі Ботай қонысынан табылған екі жүз мыңнан астам жәдігер бар. В.Зайберт сенсациялық жаңалық ашты: ғаламшардағы алғашқы жылқы Қазақстан аумағында қолға үйретілді. Бұл зерттеу жылқыны қолға үйретудің бұрынғы теориясын түбегейлі өзгертті.

Виктор Зайберттің есімі археологиялық ортада тек елімізде ғана емес, сонымен қатар шетелде де кеңінен танымал. Ол Солтүстік Қазақстанның ежелгі тарихы бойынша 100-ден астам кітап пен мақалалардың бірнеше ғылыми жаңалықтарының авторы. Белфаст, Кембридж, Оксфорд, Ньюкасл, Эдинбург университеттерінде дәріс оқыды. ІІ дәрежелі «Достық» (2017), «Парасат» (2021) ордендерімен марапатталған. Ғылыми-педагогикалық және басқару жұмыстарын жүргізді, әртүрлі институттар мен ғылыми орталықтарда басшылық қызметтер атқарды, Солтүстік Қазақстан және Көкшетау археологиялық экспедицияларын басқарды. Соңғы жылдары академик әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде «Археология және дала өркениеті» ғылыми-зерттеу институтының директоры болып жұмыс істеді. Виктор Зайберт – өзін толығымен ғылымға арнаған, өзін «Қазақ халқының неміс ұлы» деп атаған ғалым.

(Ақпарат: 24.kz, фото time.kz)