Тікелей эфирді соғысқа қарсы акциямен үзген редактор Марина Овсянникова басқа қызметке ауысты
Ресейдің «Бірінші арнасының» бұрынғы редакторы, «Время» бағдарламасының тікелей эфирінде соғысқа қарсы акция өткізген Марина Овсянникованы немістің Die Welt басылымы жұмысқа қабылдады. Ол мұнан былай газетке колонка жазып, Ресей мен Украина туралы жаңалық дайындауға қатысады, деп хабарлайды kznews.kz сайты Азаттық радиосына сілтеме жасап.
Die Welt журналистің алғашқы колонкасын жариялады, онда Овсянникова соғысқа қарсы акциясы үшін қудаланғанын, автокөлігінің доңғалағын тесіп, фитнес-клубтағы картасын бұғатттап тастағанын айтады.
Алайда Марина Овсянникованың Ресейден кеткен, кетпегені белгісіз. Бұрын ол қанша қауіпті болса да Ресейде қалатынын айтқан болатын.
Осы қарсаңда Ресей Мемлекеттік думасының спикері Вячеслав Володин «Украинадағы арнаулы әскери операцияны қолдамайтын сатқындарды Ресей азаматтығынына айыру керек» деп мәлімдеді.
«Олар бейбітшілік үшін күресіп жүрген адам секілді мәлімдеме жасайды, шындығына келгенде бәрі де НАТО елдерінің біреуінің ойластырған қойылымы боп шығады, рөл ойнаған әртістер Мемлектетік департаменттің тәттісін жейді», — деп телеграм-арнасына жазған Володин мысал ретінде Марина Овсяникованы келтірген.
Володиннің ойынша, «Бірінші арнаның» бұрынғы редакторы «мұнан былай НАТО елдерінің біріне жұмыс істеп», «украин неоұлтшылдарына қару-жарақ беріп жатқанын, Ресей солдаттары мен офицерлеріне қарсы жалдамалылардың соғысқанын ақтайтын болады».