Ресейдің бас идеологы Владислав Сурков қамауға алынды
Ресей Президенті Владимир Путиннің бұрынғы кеңесшісі Владислав Сурков қамауға алынды, деп хабарлайды kznews.kz сайты.
Бұл туралы Ресей Федерациясы Мемлекеттік Думасының экс-депутаты, Украина қорғаныс күштерінің әскери қызметкері Илья Пономарев Facebook-те мәлімдеді.
«Сіз күлетін шығарсыз, бірақ ресейлік ақпарат көздері Владислав Сурковтың тұтқындалғаны туралы хабарлады. Ол үй қамауында. Сурковқа 2014 жылғы Донбасстағы ұрлық ісі бойынша тергеу шаралары жүргізілуде», — деп жазды ол.
Кезінде ол Ресейде «жауыз данышпан» лақап атымен танымал болған. Рамзан Қадыровпен жақын дос болған. Тіпті Қадыров Сурковқа Шешенстанға Президент болуды ұсынғанда бас тартқан-мыс. Жалпы Ресейде Сурковтың бас сұқпаған жері жоқ деуге болады.
Дереккөздерге сүйенсек, Сурков 2014 жылы Донбасста «азаттық қозғалысының» немесе Ресей Федерациясының арнайы операциясының бас сценаристі болған. Сондай-ақ Қырымды ешбір шығынсыз басып алу стратегиясының авторы болған деседі.