Зейнетақы көбейді. Қазақстандықтар не дейді?
Қазақстандағы орташа зейнетақы мөлшері бес жылдың ішінде 56,3 мың теңгеден 100 мың теңгеге дейін өсті. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, 1 маусымдағы дерек бойынша орташа зейнетақы мөлшері 100 018 теңгеге жетті. Жалпы зейнетақы — 68 934 теңге болса, базалық зейнетақы — 31 084 теңге.
Салыстырмалы мәлімет келтірсек:
— 2016 жылғы 1 маусым бойынша — 56 329 теңге (жалпы — 44 364, базалық — 11 965 теңге);
— 2017 жылғы 1 маусым бойынша — 59 554 теңге (жалпы — 46 752, базалық — 12 802 теңге);
— 2018 жылғы 1 маусым бойынша — 70 765 теңге (жалпы — 55 491, базалық — 15 274 теңге);
— 2019 жылғы 1 маусым бойынша — 85 785 теңге (жалпы — 58 784, базалық — 27 001 теңге);
— 2020 жылғы 1 маусым бойынша — 99 314 теңге (жалпы — 68 362, базалық — 30 952 теңге).
Сонымен қатар бес жылдың ішінде теңгенің курсы да әлсіреді. Ұлттық банктің есебі бойынша соңғы бес жылда теңгенің курсы 24,6%-ға төмендеген.
«Зейнетақының ең аз мөлшері — 61 796 теңге. Ал ең көп мөлшері — 134 939 теңгені құрайды», — деп мәлімдеді министрлік.
Министрлік соңғы бес жыл ішінде зейнетақы мөлшерінің қаншалықты өскенін цифрларды сөйлетіп дәлелдеп отыр. Бұл туралы халықтың қандай пікірде екенін kznews.kz сайтының тілшісі сұрап білді.
«Зейнетақы көтерілді деп бәрі жарысып жазып жатыр. Сол көтерген үстемақыға сәйкес бүкіл тауардың бағасы да көтерілуде. Тауар бағасының өсуін тоқтату керек немесе барлық салықты алып тастау керек. Сонда ғана бұл көтерген ақының құнын көре аламыз», — дейді Сержан атты facebook қолданушысы.
Ал Айжан есімді желі қолданушысы халықтың осы ақшаға қанағат еткені дұрыс деген пікірін айтты.
«Зейнетақының қосылғаны дұрыс болды-ау. Дегенмен азық-түлік бағасы ұшып тұр. Алайда «қанағат қарын тойғызады» демей ме?! Берілген ақы берекелі болсын», — дейді ол.
Бұдан бөлек желі қолданушылары зейнетақы мөлшерінің өскеніне қатысты өз ойларын білдірді. Соның ішінде:
«Бұл ешқандай зейнетақыға қосылған ақша емес, инфляцияға байланысты қосылған ақша. Жыл сайын ақшаны көбейттік дегеннен, нақты бағаны ұстап тұрса, халықтың жағдайы дұрысталар ма еді?!», — деген пікір білдірді Бағила.