ҒАСЫРЛЫҚ МҰРАНЫҢ ОРАЛУЫ | «Айқын» газеті

0

Мемлекет басшысының «Ұлы дала­ның жеті қыры» атты мақаласы төл тари­хы­мызды түгендеуге, ғасырлық мұра­мызды жаңғыртуға жасалған батыл қадам деп санаймын. Мақаладағы «Архив – 2025» атты жеті жылдық бағ­дар­ламаны қабылдап, жалпы төл та­рихы­­мызға қатысты тың деректерді жи­­нас­тырып, цифрлы форматқа көшіру мәселесі көңілге қонды.

Қазіргі кезде саябақтар ашылға­ны­мен, түп тамырымыздан сыр шертетін саябақты Шәуілдірде, «Арыстан баб» кесенесіне барған сәтімде көрген едім. Ойды ой жалғайды демекші, энцик­лопедиялық саябақ ашу арқылы ұлы даламыздың ұлы есімдерін жаңғырту мәселесі көтерілді.
Кезінде көз майын тауысып, қа­зақтың музыкалық аспаптарын зерт­теген Болат Сарыбаевтың асқақ ар­маны орындалған тәрізді. Саз аспап­тарына қатысты «Ұлы даланың көне сарындары» атты жинақты шы­ғару бүгінде біз білмей жүрген аспап­тар­ды тануға және өнертанушы ғалым­дардың ғылыми қолданысқа енгізуіне мүмкіндік туып отыр.
Қиссалар мен ертегілерді жарыққа шығару мәселесі көтерілді. Бұл мәсе­лені хас мамандар атқарса, нұр үстіне нұр. Киноиндустрияда тарихи туын­дыларды кеңейту мәселесі көтерілді. Бүгінде ұлттық арнада жол тартқалы отыр­ған «Кейкі мерген» фильмі көрер­менге өз уақытында ұсынылғалы отыр.
Қазақ мультфильмінің атасы Әмен Қайдаров «Қарлығаштың құйрығы неге айыр?» атты мультфильмі арқылы қанша ұрпақтың санасына сәуле жағып, жүрегіне от берді. Әмен Қайдаровтың жолын жалғап жүрген жастарға бұл мақалада үлкен жауап­кершілік жүктелген.
Әрине, тынымсыз еңбек ұлы жеңіс­терге алып барады. Мақаланың Жастар жылы қар­саңында жариялануы көңіл қуантады.

Әділбек ӨМІРЗАҚОВ,
«Нұр Отан» партиясы Атырау облыстық филиалы
жас саясаттанушылар мектебінің мүшесі

Дереккөз: Айқын