Тоқаев Алматыдағы президент резиденциясында сүру туралы шешімі үшін сынға қалды
2 наурыз күні Қасым-Жомарт Тоқаев қаңтар оқиғасы кезінде бұзақылар мен лаңкестер өртеп, қиратқан Алматы қаласындағы президенттің қызметтік резиденциясын сүруге шешім қабылдады. Алайда мемлекет басшысының бұл шешімі қоғам арасында бірден келісім таппады. «Urban Forum» және «АРХКОД Алматы» сәулетшілері резиденцияның бұзылатынына қарсылық танытып, бұл мәселені көпшіліктің талқысына салуды ұсынды, деп хабарлайды kznews.kz сайты.
Сәулетшілер бұл ғимараттың сәулет және қала құрылыс ескерткіші болып саналатынын айтады. Олар бұл шешімді сарапшылар мен қалың жұртшылықтың талқылауына салмай жатып бірден жариялауы саяси тұрғыдан дұрыс емес шешім екенін жеткізген.
«Мәселен, ауданның маңызды мәселелерінің бірі – көлік байланысының жоқтығы. Сондай-ақ Тимирязев көшесінің бойымен шығыс-батыс меридиандық байланысының бұрынғы Фурманов көшесіне және одан әрі Жолдасбеков көшесіне шығу жолдарының болмауы. Сол себепті бұл мәселе ғимарат бұзылған жағдайда да, оны пайдалануды қайта қарау туралы шешім қабылдағанда да ескерілуі керек», — дейді сәулетшілер.
Сәулетшілер ғимаратты бұзу шешімінен тұтас архитектуралық және саяси мәселелердің жиынтығын көріп тұрғанын айтады. Олардың айтуынша, ғимаратқа қанша ауыр зақым келсе де, қазіргі уақытта оны қалпына келтіруге болады.
«Ғимаратты бұзу ресурсты текке шығындау болып саналады, ал оны керісінше қала игіліне пайдалануға болады. Сол себепті біз ғимаратты қайта құруға шығармашылық көзқараспен қараудың орнына, үлкен көлемдегі құрылыс қалдықтарын жоюға мемлекет қаражатын қайта бөлуді дұрыс емес деп санаймыз», — деген олар.
Сәулетшілер сондай-ақ бұл нысанның мемлекеттік резиденция ретінде салынғанымен, алғашқыда сәулет және қала құрылысы ескерткіштерінің тізіміне енгізіліп, қоғамдық ғимарат (мұражай) ретінде бой көтергенін алға тартады. Сөздерінше бүгінгі күні Алматыда көп функционалды, мәдени немесе білім беру мақсатындағы қоғамдық ғимараттар онсызда жетіспейді.
«Бұрынғы резиденцияның аумағы қазірдің өзінде дамыған саябақ болып табылады, оған тек еркін кіруді қамтамасыз ету және қоғамдық кеңістік үшін аумақты соған ыңғайлы етіп ұйымдастыру қажет. Резиденция аумағын пайдаланудың ұсынылған жаңа нұсқасына егер бұл бірінші президенттің жеке басына табынушылықты жоққа шығару үшін жасалған қадам болса басқаша көзқараста болар едік, алайда өкінішке орай біз мұндай қадамды көріп тұрған жоқпыз», — деп жалғады олар.
Қалай болған жағдайда да сәулетшілер бұл мәселе бойынша сараптамалық және қоғамдық кеңестер өткізуді қажет екенін айта келе, лауазымына қарамастан мамандығы бөлек шенеуніктердің шешімді жалғыз қабылдауын тоқтатуға шақырды.
Айта кетейік, алматылықтар президент резиденциясын сүруге қарсылық петициясын да ұйымдастырған.
Петиция авторлары қала тарихына енді ғана енген ғимараттың қала пейзажына тамаша сай келіп тұрғанын айтады.
«Қалаға да, қала тұрғындарына да балалар орталығы көбірек қажет (жай саябаққа қарағанда). Бұл ғимарат қала балаларына арналған түрлі секциялар мен үйірмелерді орналастыруға болатын кеңестік пионерлер сарайларына ұқсайды. Сондықтан ғимарат бүкіл қала балалары мен олардың ата-аналары үшін нағыз сыйлық болар еді», — делінген петиция мәлімдемесінде.
Петицияның авторы ретінде сайтта Л.Лана есімді азамат көрсетілген.