Теңге құлдыраған шақта ақшаның қайда болғаны жөн?

0

Елімізде доллар қымбаттап, теңге әлсіреді. Осы орайда тұрғындарда «Ақшаны қайда ұстау керек?» деген сауал туындайды. Бұл туралы сұхбат берген экономист Жалғасбек Ақболат барлық ақшаны бір ортада ұстамау керегін айтты, деп хабарлайды kznews.kz сайты 31-арнаның «Информбюро» бағдарламасына сілтеме жасап.

Жалғасбек Ақболат азаматтарға тәуекелді азайту үшін қаржыны әр жерде сақтау керек деп кеңес берді.

«Қаржылық сауаттылықтың алтын заңдылығы – барлық жұмыртқаны бір себетте сақтамау. Қаржы тілінде айтсақ, активтерді әртараптандыру деп аталады. Қаржыны тек бір ортада сақтау тәуекелді арттырады. Сондықтан әр адам қолындағы ақшасын әр салада сақтағаны дұрыс. Бұл шетел валютасы, депозит, бағалы қағаздар немесе өзіміздің теңге болуы да мүмкін», – деді экономист.

Жалғасбек Ақболат қазір қаржыны долларға айырбастау тым кеш екенін айтады. Себебі көрсеткіш өз шегіне дейін көтерілген.

«Алда теңге бағамы түседі деп болжанып отыр. Өзіміз де байқап отырмыз, күн сайын теңге тұрақталып келеді. Қазір долларды тым қымбат бағада алып қоюыңыз мүмкін. Алда теңге тағы да нығаяды. Сондықтан долларға қызығу жеке тұлға үшін де, мемлекет үшін де тиімсіз», – деп қосып өтті ол.

Экономист санкция салдарынан арзандап кеткен Ресей компанияларының акциялары туралы да пікір білдірді.

«Акция сатып алғанда компания жұмыс істейтін салаға назар аудару керек. Банк саласындағы компания акциясын алмаған жөн. Өйткені тәуекел өте жоғары. Бағалы қағаздар арзадағандықтан, қауіп те артады», – деп түйіндеді Жалғасбек Ақболат.

Айта кетейік, бұған дейін Сауда министрлігі азық-түлік бағасының сәуірге дейін көтерілмейтінін айтқан еді.