Шалғай елдімекендер сапалы жарықпен қамтылуда
Шымкентте тұрғындарды сапалы электр энергиясымен қамтамасыз ету жұмыстары жалғасуда. Бүгін қалалық энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармасының өкілдері БАҚ өкілдерін атқарылып жатқан жұмыс барысымен таныстырды.
Соның бірі – Асар-2 шағынауданын сапалы электр қуатымен қамту бойынша жалпы саны 2 139 электр бағанасы орнатылды. Бұған қоса 24 трансформатор сатып алынып, учаске басына жеткізілген. 30 шақырым электр желісі тартылып, нәтижесінде 2700 үй электр жарығымен қамтылды.
– Мемлекет басшысының тапсырмасымен қала тұрғындарын сапалы электр энергиясымен қамтамасыз ету жұмыстары қала әкімі Мұрат Әйтеновтың бақылауымен жүзеге асырылуда. 2021 жылы «Бозарық» және «1-М-1» қосалқы станцияларының құрылыс аяқталып, пайдалануға берілді. Шағынаудандар мен елдімекендерге электр желілерін тарту сол қосалқы станциялар іске қосылған соң мүмкін болып отыр. Асар-2 шағынауданымен қоса Қайнарбұлақ тұрғындары да биыл сапалы электр жарығына қол жеткізеді, – деді басқарма басшысы Боранбай Булатбеков.
Бүгінгі таңда Қайнарбұлақ тұрғын алабының шет жағына да бағаналар орнатылуда. Мердігер «Turan Energo Group» мекемесінің мамандары тиісті 3280 бағағаның 3000-нан астамын орнатып қойған.