Архимедтің Ақтөбедегі зауытты тартып алуға талпынғаны рас па?

0
Ақтөбедегі темір-бетон бұйымдарын өндіретін «ЖБИ-25 зауыты» ЖШС-ын біреулер рейдерлік жолмен тартып алуға талпынған, деп хабарлайды kznews.kz сайты exk.kz порталына сілтеме жасап.

Зауыт директоры Ерболсын Көшербаевтың қызы Анар Төлебаева әкесінің екі айдан бері тергеу қапасында жатқанын айтады. 2015 жылдан бастап зауытты тартып алуға қатысты іс жүре бастаған.

2017 жылы Ақтөбе облысының экономикалық тергеу департаменті Forte bank-тің экс-директоры М. Тұяқованың мәлімдемесіне сәйкес, жоспардан тыс тексеру жүргізуді заңсыз тағайындайды.

Тексеру кезінде зауыттың салық берешегі жоқ екені анықталған. Соған қарамастан 2020 жылы 1 мамырда Ақтөбе облысының ҰҚК Қылмыстық кодексінің 245-бабының 3-бөлігі (ұйымдардан салық және (немесе) бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдерді төлеуден жалтару) бойынша, «ЖБИ-25» зауытының басшысы Ерболсын Көшербаевқа қатысты қылмыстық істі тіркейді.

Анар Төлебаеваның айтуынша, 2021 жылғы 12 шілдеде Ақтөбе облысының экномикалық терегу департаменті Ақтөбе облысының прокуратурасында Е. Көшербаевқа қатысты салықтық тексеру нәтижелері бойынша берешектің іс жүзінде жоқ екендігі туралы қорытындыны бекіткен. Алайда тергеу мен прокуратура Е.Көшербаевтың кінәсіздігін растайтын барлық сот актілерін толығымен елемеген.

29 желтоқсан күні Ақтөбе қаласы сотының үкімімен Е.Көшербаев басшылық қызметті атқару құқығынан айырылып, 2 жыл 6 айға сотталды. Сондай-ақ 167,3 млн теңгеден астам сомадағы материалдық залал өндіріп алынды.

Анар Төлебаева әкесіне заңсыз айып тағылып отырғанын айтты. Сондай-ақ бизнесті рейдерлік жолмен басып алуды көздегендер мен олардың көмекшілерін, атап айтқанда облыстық экономикалық тергеу департаментінің тергеушісі Д. Оразалиев, Ақтөбе қаласының судьясы Ж. Қуанышев, мемлекеттік айыптаушы Ә. Арықов, облыс прокуроры М. Қайбжановты және облыстың бұрынғы әкімінің бірін қылмыстық жауапкершілікке тартуды талап етті.

Істі болған кәсіпкердің қызының айтуынша, аталған іске Ақтөбе облысының экс-әкімінің қатысы бар көрінеді. Ал аталған қудалаудың басталған уақытын ескерер болсақ ол кезде Ақтөбе облысының әкімі Архимед Мұхамбетов болған.

Сондай-ақ кәсіпкердің үстінен іс қолғаннан кейін зауытта еңбек ететін 125 адам облыс басшыларына арыз жазған. Олар өздерінің жұмыссыз қалатынын, мәселенің оң шешімін табуды сұраған.