Белсенді президент Тоқаевқа үтік «сыйлады»

0

13 қаңтарда Ақмола облысы Щучинск қаласы әкімдігі алдында Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа сыйлық ретінде үтік әкелген 41 жастағы Владимир Прокопьевтің үстінен әкімшілік іс қозғалды, деп хабарлайды kznews.kz сайты azattyq порталына сілтеме жасап.

Бұл туралы белсенді Азаттыққа хабарлады.

Прокопьев үтікке «Тоқаев және КО» деп жазған. Акция кезінде түсіріп, өзінің Instagram парақшасына жариялаған видеода ол «[Үтік] Қазақстан халқының атынан. Махаббатпен» деп, әкімдік алдына қояды.

— Маған қаңтар оқиғасы әсер етті. Ұсталған, азапталған көп адамды көрдім. Ұсталғанның көбі — жазықсыз адамдар. Оларды мәжбүрлеп мойындатып жатыр. Үтікпен күйдіріп те азаптаған. Үтік азаптау символына айналды. Сондықтан президентке үтік сыйлайын деп шештім. Үтікке «Тоқаев және КО» деп жаздым, яғни бұл Тоқаев пен оның тобына, үкімет пен парламентке сыйлығым, — деді Прокопьев Азаттыққа берген сұхбатында.

Оған ешкім кедергі келтірмеген. Бірақ акциясын аяқталған соң әкімдік маңында оны екі адам тоқтатқан.

— Екі қызметкердің бірі өзін «полицеймін», екіншісі «Ұлттық қауіпсіздік комитетінде істеймін» деп таныстырды. Жолымды жауып, кетуіме тосқауыл болды. Тікелей эфирге шығып едім, маған тап берді де, телефонымды тартып алмақ болды. Эфирді сөндіріп, телефонды тығып қойдым. Мені қызметтік «уазик» көлігіне отырғызды. Іште де маған телефонымды ұстауға рұқсат етпеді. Маған ұсталған адамдай қарап, құқығымды бұзды, — дейді ол.

Олар белсендіні Бурабай аудандық полиция бөлімшесіне апарады. Прокопьевтің сөзінше, полицияда бес жарым сағат тергеген. Үстінен заңсыз митингіге екінші рет шығу бабымен (әкімшілік құқық бұзушылық кодексі 488-бабының 11-тармағы) хаттама толтырады. Белсендінің сөзінше, алғашқы ескерту оған қаңтар басындағы наразылыққа шығып, ұсталған кезде берілген.

Белсендінің ісі бойынша, 14 ақпанда сот өтуі керек еді. Бірақ бір күнге шегерілді. Ол кінәлі деп танылса, 150 мың теңге айыппұл төлейді не 20 күнге қамалуы мүмкін.

Сот отырысы әлі өтпегеніне қарамастан, 14 ақпанда Ақмола облыстық полиция департаменті Instagram-дағы ресми парақшасы арқылы белсендінің жазбасына «Бұл азамат (Прокопьевті айтады — ред.) әкімшілік құқық бұзушылық бойынша жауапқа тартылды» деп пікір қалдырған.

Тергеу кезінде белсенді әкімшілік араздық қоздыру бабымен қозғалған қылмыстық істе қорғалу құқығы бар куәгер екенін де білген. Прокопьевтің сөзінше, тергеуші оған қылмыстық іс бойынша түсінік алынуы керек азаматтар тізімінде барын көрсеткен. Ақмола облыстық полициясы бұл туралы комментарий бермеді.

Қазақстанда қаңтар оқиғасы кезінде және одан кейін мыңдаған адам ұсталып, жүздеген адам «терроризм», «жаппай тәртіпсіздік», «қару-жарақты ұрлау» және өзге қылмыс жасады деген күдікпен қамауға алынды. Ұсталғандардың көбінің туыстары қамау кезіндегі азаптауларға шағымданды: олардың сөзіне қарағанда, полиция бөлімшелерінде жақындарының үстінен ыстық су құйып, үтікпен және электрошокермен күйдірген, қатты ұрып-соққан. Қылмысты мойындатуға тырысқан. Бұған дейін бас прокуратура ұсталғандардан азаптау және заңсыз тергеу әдісін қолдану бойынша 300-ден астам шағым түскенін, 170-і бойынша қылмыстық іс қозғалғанын хабарлаған. Дегенмен мекеме әлі күнге дейін қанша полицейдің ұсталғанын айтпай отыр.

29 қаңтарда мемлекеттік арнаға сұхбат берген Тоқаев «[азаптау туралы] мәлімдемелерде асыра айту басым» деген. Мұнан соң «полиция шектен шығып жатқан жағдайлар болса, оның әрекетін ақтамаймын. Бұған жол бермейміз» деді.

Биыл қаңтарда Жаңаөзен мен Ақтау қалаларында сұйытылған газ бағасының қымбаттауына байланысты жаппай наразылық басталып, оның соңы ел аумағында тәртіпсіздік пен зорлық-зомбылыққа ұласқан. Басқа аймақтарда болған қақтығыс, атыс кесірінен кемінде 227 адам қаза болды.