25 жылда Қазақстаннан шетелдік офшорға $140-160 млрд қаражат шығарылған
2 ақпанда мәжіліс отырысында “Қазақстан халқының ұрланған қыруар қаражатын елге қайтару” қажеттігі айтылды, деп хабарлайды kznews.kz сайты azattyq порталына сілтеме жасап.
«Ақжол» фракциясының мүшесі Мақсат Раманқұлов өзінің депутаттық сауалында “Панама тізімі”, “Райское досье” атты зерттеулерге сілтеме жасаған. 2016 жылы жарық көрген «Панама тізімінде» Нұрсұлтан Назарбаевтың үлкен қызы Дариға Назарбаеваның да аты аталған еді.
“Tax Justice network” халықаралық ұйымының мәліметі бойынша, соңғы 25 жылда Қазақстаннан шетелдік оффшорларға шамамен 140-160 миллиард АҚШ доллары шығарылған, бұл бүкіл елдің жылдық ішкі жалпы өнімі мен оның сыртқы қарызына тең. Кейбір мәліметтерге сәйкес, соңғы бес жылда Қазақстан Республикасының құқық қорғау органдары каражатты шетелге заңсыз шығару фактілері бойынша екі жүзден астам іс қозғаған. Алайда, нақты нәтижелері туралы ештеңе белгісіз” делінген Қаржы мониторнигі агенттігіне бағытталған сауалда.
Сонымен бірге депутат “қаңтар қасіреті кезінде кейбір олигархтар Қазақстаннан жеке ұшақтармен кетіп қана қоймай, қыруар қаржыны шетелдегі есепшоттарға аударған туралы ресми емес ақпарат бар” деп мәлімдеп, осыны тексеру қажеттігін айтты. Раманқұловтың сауалында нақты адамдардың аты-жөні аталмайды.
Қазақстанда қаңтар оқиғасынан кейін мемлекет байлығының талан-таражға түскені, бай мен кедей арасында алшақтықтың ұлғайғаны жөнінде жиі айтыла бастаған. 21 қаңтарда ірі бизнес өкілдерімен кездесу кезінде президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан байлығының жартысынан астамы 162 адамның қолында, ал Қазақстан халқының жартысының ай сайынғы кірісі 50 мың теңгеден аспайды» деп «жағдайды дереу өзгерту» қажеттігін айтқан.
Елде «миллионерлер, байлар» деген ұғымы көбіне бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаев пен айналасындағы адамдарға қатысты қолданылады. Қаңтар оқиғасынан кейін Нұрсұлтан Назарбаевтың ықпалы әлсіреп, оның туыстары мен маңындағы шенеуніктердің қызметтен алынғаны туралы ақпарат жиілеген. Қазір экс-президенттің «елге танымал» туыстарының қайда жүргені белгісіз. Назарбаевтың үлкен қызы Дариға Назарбаева қаңтар оқиғасынан бері жұрт алдына шықпай қалды. Көмекшісі оның коронавируспен ауырып шыққаннан кейін денсаулығын түзеп жатқанын, астанада екенін айтқан. Алайда ҚазТАГ агенттігі 1 ақпанда дереккөзіге сүйене отырып, оның Дубайда екенін хабарлаған. Экс-президенттің өзге туыстарының да қайда екені белгісіз.