Мырзатай қашты, Несіпбек састы… Танымал адамдар Назарбаевтан теріс айналып жатыр
Экс-президент Нұрсұлтан Назарбаев биліктен айырылып, отбасы мүшелері қызметтен кетіп, тізгін президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа тигені сол еді, кейбір жұрт президентті мақтап ала жөнелді. Ал осы күнге дейін Нұрсұлтан Назарбаевты мақтап келгендер бір-ақ күнде өзгеріп шыға келді.
Nege.kz тілшісі экс-президенті жер-көкке тигізбей мақтап келген Мырзатай Жолдасбеков пен ақын Несіпбек Айтұлына хабарласып көрген еді.
Мырзатай Жолдасбеков: Давай, прекрати!
– Сіз Нұрсұлтан Назарбаевпен бірге болдыңыз. Қазір экс-президент қайда? Билікте жүргенде мақтадыңыз. Биліктен кеткеннен кейін неге іздемейсіз?
– Мен саясатқа көп қоса бермеші, айналайын.
– Саясатқа кезінде араластыңыз ғой…
– Давай, прекрати!
– Назарбаев туралы ештеңе айтпайсыз ба?
– Ештеңе айтпаймын қазір. Ол туралы не айтасың қазір?
– Көпшілік оны айыптап жатыр, сіз де айыптайсыз ба, әлде әлі де жақтайсыз ба?
– …
Кезінде Нұрсұлтан Назарбаевты пайғамбарға теңеген Мырзатай Жолдасбеков тілші сұрағын толық тыңдамастан телефон тұтқасын қоя салды.
Несіпбек Айтұлы: Қазір өкінемін…
– Қазір бәріміз «Назарбаев қайда?» деп іздеп жатырмыз ғой. Тұңғыш президент Қазақстанда ма, әлде шет елде ме? Қалай ойлайсыз?
– Мен оны иіскеп білемін бе? Оны Үкіметтен сұра. Президенттен сұра. Бір білсе, Тоқаев біледі оны. Одан басқа кім біледі. Сондай сұрақ бола ма екен?
– Кезінде экс-президентке «Бәйтерек» поэмасын жазып, мақтап едіңіз…
– Мақтадық, несі бар?! Онда Елбасын мақтаған жоқпын. Ол кезде Астана жөнінде жаздым. Ал айта бер.
– Пікіріңіз өзгерген жоқ па?
– Назарбаевтың астананы көшірудегі тарихи еңбегін жоққа шығаруға болмайды. «Бәйтерек» поэмасы 2003 жылы жазылды. Одан бөлек шетелде де миллиондаған кітап жазылды. Сол кезде ол кісінің еңбегін айттық. Астананы ауыстыру мен Солтүстік Қазақстан облысындағы шекараны бекітуі тарихтан ешқашан өшпейді. Ол – үлкен еңбек. Оны біз қалай жоққа шығарамыз? Ал енді оның соңы мынадай болғанына менің қатысым қанша?
– Қазір әлеуметтік желіде экс-президентке қатты сын айтып жатыр. Бір кездері мақтаған адамыңызды ақтап алуға тырыспайсыз ба?
– Мен неге ақтауым керек оны?! Еңбегі бары – бар, астананы ауыстырғанын жоққа шығармаймын. Шекараны бекіткені, Қазақстанды халықаралық аренада әйгілегені айтылды. Одан кейін Қазақстанды боққа батырып, мына дүниенің быт-шытын шығарса, мен оны неге ақтауым керек?
– Сіз сонда Назарбаевты айыптап отырсыз ба?
– Мен емес, бүкіл әлем солай айтып жатыр ғой. «Қазақстанның бүкіл байлығын бір отбасы қалтасына салып алды» деп жатыр. Оны мен айтып отырған жоқпын ғой.
– «Бәйтерек» поэмасын жазған кезде мұны білмедіңіз бе?
– Ей, айналайын, сен қыртпа, «Бәйтерек» қайда?! Одан кейін 20 жыл өтті. Давай, басымды ауыртпа! Жиырма жылда дүние өзгермей ме? Адам бір-ақ күнде өзгеріп жатыр.
– Жалпы жағымпаздық дегенге қалай қарайсыз?
– Мен жағымпазданған жоқпын. Дер кезінде… Тәуелсіздікті жырладым мен!
– Кезінде мақтап поэма жазғаныңызға қазір өкінесіз бе?
– Қазір өкінемін…
P.S. Міне, біз сұрау салған қайраткер мен ақынның пікірі осындай болды. Тұңғыш президент Нұрсұлтан Назарбаевты бір кездері жер-көкке сыйғызбай мақтағандар мен оған арнап поэма жазғандардың қарасы көп. Алдағы уақытта олардың да ойын білуге тырысамыз.