Алматыдағы тәртіпсіздіктер кезінде қаза болған 4 жасар қыздың отбасына пәтер беріледі
Әкім Бақытжан Сағынтаев Алматыда 7 қаңтарда тәртіпсіздіктер кезінде қаза болған 4 жасар қыздың отбасына көңіл айтты, — деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі әкімдіктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Әкімдік мәліметінше, Бақытжан Сағынтаев тәртіпсіздіктер кезінде қаза болған 4 жасар Айкөркем Мелдеханның отбасына барып, көңіл айтқан.
«Қала әкімі қыздың әкесі Айдос Мелдіханұлы мен анасы Динара Адамоваға орны толмас қайғыға байланысты көңіл айтты. Отбасына материалдық көмек көрсетілді. Оларға 3 бөлмелі пәтер беріледі «, — делінген хабарламада.
Тәртіпсіздіктер кезінде 4 жасар Айкөркем қаза болған, ал оның 15 жастағы әпкесі Жанель жарақаттанып реанимацияға түскен. Сағынтаев Жанельдің сауығып кетуін, ата-анасына төзімділік пен шыдамдылық тіледі, делінген хабарламада.
Айта кетейік, 7 қаңтарда Алматыдағы тәртіпсіздіктер кезінде 4 жасар қыз қаза тапқаны хабарланған болатын. Бұл туралы балалар омбудсмені Аружан Саин мәлімдеген еді.