Дикий Арман мен депутаттың қонақ үйде жоспар құрған видеосы шықты
«Орталық алаңдағы наразылық шеруіне Арман Жұмагелдиев нақты жоспармен шықпақ болған, деп хабарлайды kznews.kz сайты exk.kz порталына сілтеме жасап.
Әлеуметтік желіде тараған видеодан оның жақтастарымен ақылдасып жатқанын байқауға болады.
Арман Жұмагелдиевтің қасында бір топ жігіттерден бөлек Алматы қаласы мәслихатының депутаты, бизнесмен Қайрат Құдайбергенов те бар, деп хабарлайды Экспресс К.
5 қаңтарда Алматының орталық алаңындағы наразылық шеруіне «Дикий Арман» лақап атымен танымал Арман Жұмагелдиев те келді. Алайда ол халық алдына шығып, жиналғандарды өзіне қаратуға тырысқанымен, ол әрекетінен түк шықпады. Тіпті сөзін бөлген көптің біреуін басынан теуіп жіберді.
Кейіннен жиналғандар «Дикийдің» өзіне шабуыл жасады. Арманның басы жарылып, ол алаңнан кетуге мәжбүр болады. Жақтастарымен «Қазақстан» қонақ үйіне орналасқан олар бүлікшілерге қарсы жоспар құрады. Ғаламторда тараған мына кадрлардан Арманның наразы топқа қалай қарсы тұру керектігі айтылып жатыр.
«Біздің қазіргі мақсатымыз бүлікшілерді тоқтатып, оларды осында әкелу. Олардың қолында суық қарудың сан түрі бар. Ал одан көптеген адам өліп кетуі мүмкін. Сондықтан, жігіттер, біз ең алдымен қатарымызды көбейтіп, қарапайым халықтан бүлікшілерді бөлуіміз керек және олардың сазайын тарттыруымыз қажет. Қазақстанның тәуелсіздігі қыл үстінде тұр. Алаңда тұрғандардың қазір ешқандай талабы жоқ. Олардың ойы қирату және бүлдіру. Біз бейбіт түрде өз талаптарымызды билікке жеткзуіміз керек», — деді Арман Жұмагелдиев.