Халықтың тілінде сөйлей алатын халықтық үкімет керек — Қазыбек Иса

0

АУЫР СЫННАН АМАН ӨТКЕНІМІЗ — ПРЕЗИДЕНТКЕ НАҒЫЗ СЕНІМ АРТУ!

ЕЛ ҚАМЫН ОЙЛАҒАН ЕРЕУІЛШІЛЕР мен ЕЛГЕ ҚАРСЫ ЛАҢКЕСТЕРДІ АЙЫРА БІЛЕЙІК!

ОТАН МҮДДЕСІНЕН

ОЛИГАРХТАР МҮДДЕСІН АРТЫҚ КӨРУ неге апарып соқты?!.

ТІЛ БОЛМАҒАН ЖЕРДЕ ДІЛ БОЛМАЙДЫ!

Діл болмаса, дым болмайды!

Жаңа жылдың алғашқы аптасы — Тәуелсіз мемлекетімізге қатер төнген, төңкеріс жасауға ұмтылған аса ауыр күндер, «Қаңтардың қанды аптасы» болды!

  1. Қазақстан Президенті Қ.Тоқаев Ел басына күн туғанда — Ер басына күн туған барлық ауыр сынақты Мемлекет басшысы ретінде көтере біліп, елін аман сақтап қалды!

Осы Ел тағдыры шешілген ауыр күндерде Президент Тоқаевты Халықтың қолдап, үлкен сенім артуы — Президент Сайлауынан кейінгі, ел басына күн туғандағы ауыр сынақтан өткен нағыз сенім арту болды — және ол сенім абыроймен ақталды!

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ел Ерге қарағанда, жерге қарамай, Ер екенін көрсетті — Тәуелсіз Елді сақтап қалды!

Президент елге айқын ГАРАНТ екенін анық көрсетті!

ЕЛ ҚАМЫН ОЙЛАҒАН ЕРЕУІЛШІЛЕР мен ЕЛГЕ ҚАРСЫ ЛАҢКЕСТЕРДІ АЙЫРА БІЛЕЙІК!

  1. Біз ең алдымен әрнәрсені анықтап алып, өз атымен атауымыз керек!

Ел қамы үшін Ереуілге шыққандар мен Мемлекетке қарсы лаңкестікті, халыққа қарсы қарақшылықтың басын айырып алуымыз керек!

Өйткені Ел қамы үшін ереуілге шыққандар

— елге қарсы соғыспайды; ешкімді өлтірмейді; ауруханаға, жеделжәрдемге, әкімшілік орындарға, полицияға, құзырлы орындарға, банкіге, дүкендерге, мәдени орындарға, халықтың мүлкіне, көлігіне шабуыл жасап, өртеп жібермейді!

— Телеарналарға шабуыл жасап, ел тарихының алтын қорын өртеп жібермейді.

— Дәрігерлерді, науқастарды, Жеделжәрдемді, Қызыл крест, Жарты ай қызметкерлерін қандай соғыс кезінде де ешкім ұрып-соғып, тонамайды!

Алматыда полиция мен әскерден 18 боздақ өлтірілді, екі полицияның басын кесіп алған. Мыңнан аса адам жарақат алған, жүзге жуығы жансақтау бөлімдерінде жатыр. Олардың 200-дейі әйелдер мен қыздар!

Бұл қаза тапқандар, ауыр жарақат алып, тоналғандар, біздің бауырларымыз, аналарымыз, әпке-қарындастарымыз, қыздарымыз емес пе?!.

Бұндай жауыз қанішерлікті қалай жазасыз қалдыруға болады?

Мәдени ордамыз — ару қаламыз Алматының тас-талқанын шығарған соғыс болды, әлі басыла қойған жоқ!

Тіпті, бес телеарнаны басып алып, «Қазақстан» ұлттық арнаны, ордағы Алтын қорымызды, яғни, өз тарихымызды өртеп, тонаушылар ішінде оларды бастап, сақалы сапсиған, өздерін «саясаткер» санайтын, «Аңқау елге Арамза молдалар» жүргеніне не деуге болады?! Бұлар сонда өзіміздің ұлттық құндылықтарымызға, өз тарихымызға, мемлекетімізге қарсылар ма?!

«АҚ ЖОЛ» талай ескерткен ЕРЕУІЛШІЛЕР ТАЛАБЫ ЕНДІ ОРЫНДАЛДЫ!

  1. Ереуілге шыққандардың талабын билік орындады. Газдың бағасын түсіріп, жанар-жағармай, азық-түлік бағасын түсіріп, бірқалыпта ұстау туралы шешім қабылданды.

Үкіметке бұл елдің наразылығын тудырған мәселені парламент, «Ақ жол» фракциясы осыдан екі ай және үш ай бұрын ескертіп, 2 рет депутаттық сауал жасап, газ бен жанар-жағармай бағаларын бұрынғы қалпына түсіру туралы талап еткен болатын. Әйтпесе, халық наразылығы өрши беретінін қадап айтқан болатынбыз. Үкімет бірақ бұдан дұрыс қорытынды жасамады. «Қатырамыз» деп, ақыры қатып қалды…

Президент бұндай үкіметті отставкаға жіберіп дұрыс жасады.

Отан мүддесінен олигархтар мүддесін артық көрудің соңы неге апарып, соққанына бәріміз куә болдық!..

  1. Жаңаөзеннен басталған ереуіл алдымен елдің әлеуметтік-экономикалық жағдайының қиындығына байланысты басталды.

Иә, елдің жағдайы мәз емес. Әркімнің басында несие қарызы бар. Несиесін төлей алмай жалғыз баспанасынан айрылып, бала-шағасымен далада қалып жатқандар көп. Осындай қиындықтарға байланысты Біз, «Ақ жол» фракциясы банкілердің басымдығынан кедейлерді құтқару үшін Жеке адамдардың банкроттығы туралы заң қабылдауды осыдан 9 жыл бұрын, 2013 жылы ұсындық парламентте. Үкімет қарсы болды. Енді міне, кеше Президенттің өзі тапсырма берді осы заңды қабылдау туралы.

Сонымен қатар әлеуметтік жағдайы қиын отбасылардың баспана жалдау ақысын субсидиялау да қолға алынатын болды.

  1. Біз Жаңаөзенде ереуіл басталған күннің ертеңіне 3 қаңтарда бір тәулікке жетпей «Халықтың орынды талабы орындалуы тиіс» деп жаздық. Ел талабы орындалды.
  2. Енді осы елдің талаптарының орындалуы үшін Ел тыныштығы керек ең алдымен! Яғни, ең бірінші тыныштықты қалпына келтіруіміз қажет!

Тыныштық болғанда ғана ырыс-құт орнайды!

Бірлік болғанда ғана тірлік болады!

МЕМЛЕКЕТТІ, ХАЛЫҚТЫ ҚОРҒАУ ҮШІН ҚАТАҢ ШАРАЛАРДЫ ҚОЛДАЙМЫЗ!

«Малы жоғалмағанның бәрі ақылды»

  1. Біз Халықты, мемлекетті қорғау үшін Президенттің барлық қажетті қатал шараларға баруын қолдап, қуаттаймыз!

Халықты қорғауда ешқандай іркілу-кідіру, болмауы керектігін, әр күн емес, әр сағат, әрбір сәт қымбат екеніне көз жеткіздік. Бір күн кешігудің өзі қаншама адами және материалдық зор шығынға әкелді.

Президент Тоқаев кешегі Үндеуінде «кейбір шет мемлекеттер тараптар келісімге келуі керек» — деп, дәріс оқығанын өткір сынап, батыл қайтарып тастады. Өте дұрыс! Иә, халықты қырып, қанды қырғын жасаған қылмыскерлермен қандай келісім болуы керек!? «Малы жоғалмағанның — бәрі ақылды» дейді бұны атам қазақ.

«Медальдың екі жағы бар» дегендей, «шаш ал десе, бас алуға» жалғасып, енді жазықсыз жастар жазаға ілініп кетпеуі тиіс! Бізде сан қуалап, жоспар орындау деген келеңсіздіктер бұрын да болған.

  1. Жаңаөзенде ереуіл басталған күннен кейін 4 қаңтарда біз «Ақ жол» партиясы фракция жиынын өткізіп, елді тыныштыққа шақырдық.

Партия төрағасы, Мәжіліс депутаты Азат Перуашев интернет жоқ болса да, әр өңірге телефон арқылы хабарласып, қиындық құрсауында қалған елге көмектесу үшін үйлестіру жұмысын басқарып отырды. Кеше 7 қаңтарда да партияның кеңейтілген президуымы екі рет жиналып, Президент шешімдері мен Үндеуін қолдап, Мәлімдеме жасадық.

Депутаттарымыз Маңғыстауға, Алматыға, Шымкентке, Түркістан облысына және әр өңірге барып, елдің ішінде болып, халық үнін тыңдап, тыныштыққа, бірлікке шақыру туралы ұсыныс жасадық. Төтенше жағдайда шығуға рұқсат берілмеді.

Аймақтарда да ақжолдықтар мемлекет басына түскен ауыртпашылықтарды елмен бірге көтерісіп жатыр. Ақтөбе облысы филиалы төрағасы Асқар Садық тоқтап қалған пойыздағы 700-дей жолаушыны тамақтандыруды ұйымдастырды. Шымкент қаласы филиалы басшысы Әлімхан Әбжанов пен облыстық мәслихат депутаты Ноян Төлегеновтер Шымкент қалалық әкімшілігімен тығыз байланыста жұмыс істеп, халықты, мемлекеттік нысандарды қорғайтын мыңға жуық ерікті жасақ жасақтады. 300-дей әскер сарбаздарын тамақтандырды. Жамбыл облыстық филиалы төрағасы Мұқан Шалқарбек Шу қаласын лаңкестер мен содырлардан қорғауда жігіттердің басын қоса білді.

Алматыда Арман Исмаилов аурухананы қорғауға тырысты.

АҚТАУ мен АЛМАТЫДАҒЫ ЕРЕУІЛДІҢ АЙЫРМАШЫЛЫҒЫ

  1. Жаңаөзен мен Ақтауда ереуілге шыққан ел неге тып-тыныш тұрып, тонау мен қарақшылық жасамай, ешқандай арандатуға ермеді? Өйткені, олар сол жердің тұрғындары! Өз жерін өздері талқандай ма? Ал Алматы мен Талдықорғанда, Таразда, Шымкент пен Қызылордада, Семейде және тб жерлерде ереуілге арнайы дайындықтан өткен содырлар, басқа жақтан келген «легионерлер» басшылық жасады. Сондықтан, қалаларды тас-талқан етті.

Президент кешегі үндеуінде тек Алматының өзінде 20 мың лаңкестер мен содырлар сойқан салғанын мәлімдеді.

  1. Ал осы сырттан келген, барлық дайындықтан өткен қаптаған лаңкестер мен содырлар елімізге қалай кірген? Елімізде мемлекетке қарсы төңкеріс ұйымдастырылуына біздің арнаулы органдар неге жол берген?

Бұл туралы мемлекет басшысы үндеуінде ашық айтып, қатал сынады.

Иә, Ұлттық қауіпсіздік комитеті қайда қараған, айға қараған ба? Ұлттық қауіпсіздік органы ұлтқа қауіпті лаңкестерге тосқауыл қою керек емес пе?

Біз, «Ақ жол» партиясы талай жылдан бері Дін туралы заңға радикалды теріс ағымдарға тосқауыл қою туралы бап енгізу жайлы ұсыныс жасап келеміз. Біраз жыл бұрын бұл мәселені билік те қолға алып, барлық министрлік пен ведомостволар, Бас прокуратура мен Жоғары сот та қолдағанда, тек Ұлттық Қауіпсіздік комитеті келіспей қойып, осы тыйым салу заңға енбей қалды. Мен мұны сол кезде Ұлттық Қауіпсіздік комитеті Алматы қалалық депатаменті төрағасының орынбасары өткізген Алматы қаласы әкімдігіндегі конференцияда ашық айтқанмын.

ХАЛЫҚТЫҢ ТІЛІНДЕ СӨЙЛЕЙ АЛАТЫН ХАЛЫҚТЫҚ ҮКІМЕТ КЕРЕК!

  1. Ел басына түскен бұл ауыр сынақ кімнің кім екенін көрсетті?

Пандемия кезінде де ел қынадай қырылғанда Президент Тоқаевтың сөзі бар еді, біздің мемлекеттік басқару жүйесі күйреген деген. Соған тағы да көзіміз жетті.

Бізде елдің алдына шығып сөйлейтін бір де бір әкім, бір де бір министр жоқ екен?!. Елдің алдына шығып сөйлеген бір әкіміміздің өзі қазақшаға тілі жетпей қалып, орысша боқтап жіберіп, елдің ашуын тудырған видео тарап кетті… Бір облыстың әкімі елге мен сендерді қорғай алмаймын дегенін, бір облыстың ішкі істер басқармасы басшысы мен халықты емес… әкімді ғана қорғай аламын дегенін де есіттік.

Бізге ХАЛЫҚТЫҢ ТІЛІНДЕ СӨЙЛЕЙ АЛАТЫН ХАЛЫҚТЫҚ ҮКІМЕТ КЕРЕК!

Қайта Маңғыстаудың әкімі Нұрлан Ноғаевқа елден сөз естісе де халықтың ортасында болды, айтар сөзін айта білді.

Қызылорда облысы әкімі Гүлшара ханым да, әйел де болса ел алдына шықты.

Басқалар ше? Қайда болды облысына, қаласына, яғни еліне ауыр күн туғанда? Әкімдер сол облыстың, қаланың қолбасшылары болып саналмай ма?

Яғни, мемлекеттің басқару органдары басшыларын тазарту керек!

Басқару орындарында әкім, министр болсын, қазақша сөйлей алатын, қазақша түс көретін мемлекетшіл-ұлтшыл кадрлар керек!

Мұнай мен газдың үстінде газға жарымай отырған халықтың шыдамын сынағандай газ бағасын екі есе көтеруге бұйрық берген кім? Жаңаөзендіктердің айтуынша, айына 40 миллион айлық алатын газ зауытының директоры газ бағасын өзі көтере салған жоқ шығар, оған кім бұйрық берді?!

Мен осы Антимонополиялық, бәсекелестікті қорғау агенттігінің немен айналысатынын түсінбеймін?!. Бағаға шектеу қоятын орган ретінде не істеп отыр? Өйткені, азық-түліктен бастап, газ, жарық, судың бағасы ай сайын, күн сайын көтеріліп келеді. Ал әліге дейін оларды шектеген оқиғаны көрмеппін өз басым.

ЖАҢАӨЗЕН — ЖАҢА КЕЗЕҢ БАСТАУЫ

  1. Құдайға шүкір, Президент Қ.Тоқаевтың батыл шешімдері арқасында елімізде Конституциялық тәртіп қайта орнады.

Енді мемлекетке опасыздық жасаған лауазымды тұлғалардың бәрін ашық жариялап, жазалау керек!

Мемлекетке қарсы шыққан және сатқындық жасаған қылмыскерлерді, жауыздық жасаған қанішерлер, содырлар, басбұзарларды түгел анықтап, ел сабақ алатындай қатаң жазалау керек!

Бұл — бұндай төңкерістің қайталанбауына сабақ болады.

Енді осы басталған тазартуда біз бұрынғы отарлаушы империя Кеңес одағын аңсап, коммунистік үгіт жүргізіп, сепаратистік пиғылын ашық насихаттап жүргендерге де тосқауыл қоюымыз керек.

Олардың қаупі бұлардан артық болмаса, кем емес!

Ұлттық идеологияны қолға алуымыз керек! Саясатта да, Дінде де Ұлтсыздықтың кесірі — міне, мемлекеттік төңкеріс жасауға әкеліп соқты.

ТІЛ БОЛМАҒАН ЖЕРДЕ ДІЛ БОЛМАЙДЫ!

Діл болмаса, дым болмайды!

Президент Тоқаев енді терең саяси жаңару кезеңі басталатынын мәлімдеді. Яғни, Жаңа жылда Жаңаөзен Жаңа кезеңнің бастауы болайын деп тұр!

Елдің әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсарту үшін, мемлекетшілдік-ұлтшылдық сана қалыптастырып, саяси ұстанымымыз берік болуы үшін ең алдымен Ұлттық идеологиямызды жолға қою — ең басты міндетіміз болуы тиіс!

«Полиция — ел қорғаны», «Мемлекетті қорғайтын — қуатты әскеріміз бар» деген ұғымдарымыз қайда қалды біздің?

Лаңкестер лаңына, Содырлар сойқанына неге төтеп бере алмай, әкімшіліктерімізден бастап, мемлекеттік нысандарымыз неге қорғай алмады?!. Ең бастысы — халықты неге қорғай алмады? Бұл туралы Президент үндеуінде де ашық сыналды.

Мен «Бізде 30 жылда ұлттық мүддемізді, мемлекеттік тілімізді қорғауда түк те істелген жоқ» деп жиі сынаушы едім билікті. Сөйтсек, отыз жылда ТІЛІМІЗ үшін ғана емес… ТІРІЛІГІМІЗ бен ТІРЛІГІМІЗ үшін де түк те істелмеген бе сонда?!.

Ең алдымен Қорғанысымызды мықты етуіміз керек!

Құзырлы органдар басшыларын түгел тазартып, Президент пен парламент алдында Ант қабылдату керек! Мемлекеттік тілде ғана жазылатын Антты (солай болуы тиіс) түсініп, түйсіне алатын басшыларды ғана тағайындау керек!

ҰЖЫМДЫҚ ҚАУІПСІЗДІК ШАРТЫ ҰЙЫМЫН ШАҚЫРУ — УАҚЫТША ШАРА

  1. Қазір елдің тағы бір алаңдауы — ҰЖЫМДЫҚ ҚАУІПСІЗДІК ШАРТЫ ҰЙЫМЫ (ҰҚШҰ) әскерінің келуі.

Иә, отарлап алған Кеңес империясынан Тәуелсіздік алғанына 30 жыл болған елдің сырттан әскер кіргізуге алаңдауы заңды. Бірақ бір нәрсені ескеруіміз керек. ҰҚШҰ деген тек Ресей емес! Оған 6 мемлекет кіреді: Қазақстан, Қырғыз Республикасы, Тәжікстан, Армения, Белоруссия, Ресей Федерациясы. Атап айтарымыз — бұл ұйымға қазір төраға -Армения мемлекеті, Ресей емес. Және бұл ұйым біздің елде уақытша, ары кеткенде 19 қаңтарға дейін ғана болады.

«Арқада қыс жайлы болса, арқар ауып несі бар?!» — дегендей, өзіміздің Қорғаныс министрлігіміз ел қорғауда сенімді болса, Ұлттық қауіпсіздік комитеті Ұлтқа қауіпті комитетке айналмаса, сырттан іскер шақырып неміз бар?!.

Егер, Президент шұғыл да, батыл шешім жасап, бітімгершілік күштерін шақырмағанда, бүгін билік кешегі мемлекеттік төңкеріс жасауға шығып, көп қалалардың тас-талқанын шығарып, мәдени орындарымыз бен тарихымызды өртеп, талай боздағымызды атып, бауыздап кеткендердің қолында болар еді… Ал ол кезде сырттан, алақандарын ысқылап отырған алпауыт мемлекеттердің әскері шақырмай-ақ келуі мүмкін еді…

Қамыттан босаған ел қайта қамытқа кірмейді! Қамытқа қайта кіретін ел — құлдықтан арылмаған ел! Ал Қазақ Елінің Тәуелсіздік алғанына 30 жыл! Ал нағыз рухани Тәуелсіздік енді басталады! Біз соған дайын болып, әрқайсымыз өз үлесімізді қосуымыз керек!

Ол үшін бәріміз, ұлтқа, партияға, жікке бөлінбей, Президент Тоқаевтың маңына топтасуымыз, қолдауымыз қажет!

Президент 10 қаңтарды жалпыұлттық аза тұту күні деп жариялады!

Ел Тәуелсіздігін сақтаудағы Құрбан болғандар, яғни, мемлекет мүддесін қорғап, шейіт болған боздақтардың пейіште нұры шалқып, имандары саламат болсын!

Ел қорғап, ерлікпен қаза тапқандардың бәріне Халық Қаһарманы атағы берілуі керек.

Алла Алашқа жар болсын!

Ел аман, жұрт тыныш болсын!

Ақ жол!

Қазыбек ИСА

qazaquni.kz