Талдықорғанда наразы жұрт Назарбаевтың ескерткішін құлатты (ВИДЕО)
Тоқаев Қауіпсіздік кеңесі басшылығын қолына алды. Күштік құрылымдар арасында адам шығыны бар
Маңғыстау облысындағы Жаңаөзен қаласында жаңа жылдан газдың қымбаттауынан басталған наразылық Қазақстанның барлық өңіріне тарады. 5 қаңтарға қараған түні Алматыда Республика алаңына жиналған наразы жұртқа билік шулы жарық граната қолданып, көзден жас ағызатын газ шашты. Бірнеше полиция көлігі өртенген. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Алматы қаласы мен Маңғыстау облысында 19 қаңтарға дейін төтенше жағдай енгізді. Наразылық күшейген тұста Қазақстан үкіметі отставкаға кетті. Наразылар режимнің отставкасын, 1993 жылғы конституцияны қайтаруды талап етеді.
ІІМ: Ұлттық гвардия мен полицияның 8 қызметкері қаза тапты
Қазақстан ішкі істер министрлігі 5 қаңтардағы наразылық кезінде ұлттық гвардия мен полицияның 8 қызметкері қаза тапқанын, 317 қызметкері жараланғанын мәлімдеді.
Ведмство «елдің бірнеше аймағында арандатушылар ұйымдастырған тәртіпсіздік, вандализм жалғасты», «тас, арматура, өртенгіш заттармен шабуыл жасалды» деді.
Азаттық елдегі қымбатшылыққа қарсы наразылықтан мәтін түрінде тікелей блог жүргізіп жатыр. 5 қаңтарда елдегі оқиғаларды шолып шығалық.
Алматыда наразылар қала әкімдігінің ғимаратына, қаладағы әуежайға басып кірді. Әкімдіктің бір қанаты, қаладағы прокуратура ғимаратының бір бөлігі өртенді. Әуежайдан жолаушылар мен қызметкерлер эвакуацияланған. Алматыға келуі тиіс әуе рейстерінің біраз бөлігі ұшпай қалды.
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Алматыдағы наразылық кезінде күштік құрылым өкілдері қаза болғанын мәлімдеп, олардың жақындарына көңіл айтты. Кейін ІІМ елдегі наразылық кезінде сегіз полицей мен ұлттық гвардия қызметкері қаза болғанын, 317 әскери мен полицей жараланғанын мәлімдеді. ІІМ елде жүзден аса полицей зардап шегіп, ондаған полиция көлігі бүлінгенін хабарлады.
Тоқаев астанадан кетпейтінін, Қауіпсіздік кеңесінің басшылығын өз қолына алатынын да мәлімдеді. Бұл кеңесті бұған дейін елдің экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаев басқарып келген.
Тоқаев Қауіпсіздік кеңесінің басшысы ретінде «қатаң шаралар қолданатынын» айтып, ескерту жасады. Ол «жақын уақытта Қазақстанның саяси трансформациясы бойынша ұсыныстарымды жариялаймын» деді.
Елде бірнеше сағат интернет толығымен өшіріліп, түн ауа қосыла бастады. КТК, НТК, «Еуразия бірінші арнасы» эфирге шықпай қалды.
Талдықорғанда наразы жұрт Назарбаевтың ескерткішін құлатты.
Еуропа одағы Қазақстанды елдегі мәселені бейбіт жолмен шешуге шақырды.
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев үкімет отставкасын қабылдады. Премьер-министр міндетін уақытша үкімет басшысының бірінші орынбасары Әлихан Смайылов атқарады. Үкімет мүшелері жаңа кабинет құрамы бекітілгенге дейін өз міндетін атқара береді.
Тоқаев президент әкімшілігі жетекшісінің орынбасары Мұрат Нұртілеуді қызметінен босатып, ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының бірінші орынбасары етіп тағайындады. Қырымбек Көшербаев мемлекеттік хатшы қызметінен босатылып, оның орнына Ерлан Қарин тағайындалды. Бұған дейін Қарин президент көмекшісі болған.
Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев 5 қаңтар түнде қалада болған «тұрақсыздандыру талпынысы мен экстремистік әрекеттердің артында ішкі және сыртқы арандатушылар тұр» деп мәлімдеді. «Қазір қаладағы жағдай бақылауға алынды. Арандатушылар мен экстремистер ұсталып жатыр. Бүлікшілер анықталып жатыр» деді ол. Бірақ «экстремист, арандатушы» деп кімді меңзегенін нақты айтпады.
Еуропа одағы Қазақстандағы тараптарды жағдайды ушықтырмауға шақырды
«Азаматтардың бейбіт митингіге құқығы бар екенін ескере отырып, Еуропа одағы азаматтар зорлық-зомбылыққа бармайды деп үміттенеміз» деді ЕО мәлімдемесінде.
«Еуропа одағы билікті азаматтардың бейбіт митингіге шығу құқығын бұзбауға, өзінің құқықтық әрі заңдық мүдделерін қорғауда сақ болуға шақырады» деп мәлімдеді блок.
ЕО Қазақстанды наразылықты бейбіт жолмен шешуге шақырды.
Қазақстанда толық төтенше жағдай енгізілді
5 қаңтар кешке таман Қазақстан билігі елде толық төтенше жағдай енгізді. Бұған дейін Маңғыстау облысы, Алматы қаласы, Алматы облысы, Нұр-Сұлтан қаласында ғана төтенше жағдай енгізілген еді. Бұл режим 19 қаңтарға дейін жалғасады деп жоспарланған.