Алматыда жантүршігерлік жол апатынан 3 жасөспірім көз жұмды
Алматы облысының Панфилов ауданында мектеп оқушылары тізгіндеген көлік апатқа ұшырап, соның салдарынан кәмелетке толмаған үш бала көз жұмды. Тағы екеуі ауыр жарақатпен ауруханаға жеткізілді, деп хабарлайды kznews.kz сайты Azattyq Rýhy-на сілтеме жасап.
Әлеуметтік желілерде тараған бейнежазбадан Nissan Cefiro көлігінің қатты зақымданғанын көруге болады.
Облыстық Полиция департаментінің мәліметінше, апатқа ұшыраған көлікте кәмелетке толмаған бес бала болған. Оның үшеуі оқиға орнында қаза тапқан, ал екі жасөспірім ауыр жарақатпен ауруханаға жеткізілген.
«Жол-көлік оқиғасы 2 қаңтар күні сағат 22:20-да Панфилов ауданындағы Әулиеағаш ауылының маңында болды. Nissan Cefiro көлігін 15 жастағы Көктал ауылының тұрғыны басқарған. Алайда рөлге ие бола алмағандықтан, көлік аударылып кеткен. Көктал – Әулиеағаш жолында апатқа ұшыраған көлікте 14-15 жастағы жолаушылар болған. Апаттан аман қалған екі жасөспірім облыстық орталық ауруханаға жатқызылды», — делінген ПД хабарламасында.
Қазіргі уақытта адам өліміне әкеп соққан жол-көлік оқиғасы бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 345-бабы «Екі немесе одан да көп адамның өліміне әкеп соққан жолда жүру және көлік құралдарын пайдалану ережелерін бұзу» бойынша қылмыстық іс қозғалды.
Сондай-ақ Алматы облысының денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, ауруханаға түскен науқастардың жағдайы ауыр. Бір бала жасанды тыныс алу аппаратына қосылған.
«Бір баланың жағдайы тұрақты ауыр. Оған жабық бассүйек-ми жарақаты диагнозы қойылды, миы шайқалған, тізесі мен шынтақ сүйегінің жабық сынығы бар.
2008 жылы туған екінші баланың жағдайы өте ауыр. Науқасқа ашық бассүйек-ми жарақаты диагнозы қойылды, бас сүйегінің самай және шүйде тұсы сынып кеткен. Миынан ауыр жарақат алған. Мидың ісінуі байқалады. Бала қазір комада жатыр», — деді департамент өкілдері.