1970 жылдары Қазақстанды Кеңес одағының құрамынан шығуға шақырған қазақ кім?

0

Кеңес одағының қуаты мен дәурені асқақтап тұрған кезде еліміздің тәуелсіздігі үшін күресіп, бір емес, үш мәрте темір тордың арғы жағына қамалған адамды кейінгі жастар біле ме екен?

«Қазақстан Кеңес одағының құрамынан шығып, бөлек ел болуы тиіс» деп алғаш ұран көтерген тұлғаны ше? Желтоқсан оқиғасы кезінде «дружинник» белгісін тағынып алып, жастарға жол көрсетіп, топалаң кезінде көтерілістің белсенді ұйымдастырушылардың біріне айналып, жапа шеккендерді құтқаруға ұмтылған, қамалған адамдарды босатуға сол кездегі билікті мәжбүр етпек болған азаматты ше?

Мұның бәрі – бір ғана кісі. Бұл аңыз адамдың есімі – Хасен Қожа-Ахмет. Қоғам қайраткері, композитор, Қазақстанның жазушылар одағының мүшесі, бір сөзбен айтқанда, сегіз қырлы, бір сырлы жан.

 Алғаш рет әскери түрмеге не үшін жабылды?

«Кеңес одағының тұсында халықтар тату тәтті тұрды» деген сөзді жиі естиміз. Бірақ бұл шындыққа мүлде жанаспайды. Олай болуы мүмкін де емес. Бір ғана әділетсіздік Хасен Қожа-Ахметтің күрес жолына түсіне түрткі болды, десек қателеспейміз.

Ол кезде жас жігіт Хасеннің Байқоңырда әскери борышын Байқоңырда өтеп жүрген кезі еді. Құрылыс батальоны.

«Сол жерде маған екі-үш сыныпты әрең бітірген, Мәскеу төңірегіндегі ормандарынан, деревнялардан шыққан әпербақан солдаттар әлімжеттік жасамақ болды. «Калбит», «чернозадый», «азият» деп келеке ете бастады», — деп әскердегі әділетсіздікті есіне түсіріп.

Бір күні офицерлер шақырып, неге өзгелермен сыйыспай жүргенін сұрайды. Мән-жайға көз жеткізген соң, Кеңес әскерінде ұлтаралық мәселені жасыруды көздеп, Хасен Қожа-Ахметті екі жыл әскери абақтыға жаппақ болған.

«Жазықсыздан жазықсыз түрмеде отыруым керек пе? Мені «түркісің», «азиятсың» деп балағаттағаны, кемсіткені үшін түрмеде неге мен отыруым керек? Ол жерден тірі шығамын ба, жоқ па?» – деп ұзақ ойланып, ақыры бір тоқтамға келеді. 

Мұндай әділетсіздікке төзбей, Алматыға барып, басшылыққа арыздануға бел буады. Басқа салғанды сосын көре жатады.

1970 ақпан айының 13 күні абақтыға жабылайын деп тұрған жерінен, қашып шығып, әупірімдеп Алматыға жетеді.

 Бауыржан Момышұлы қалай құтқарып қалды?

Алматыға жеткен соң, қазақтың батыры Бауыржан Момышұлына жазықсыз істі болғанын айтуды ұйғарады. Рашид деген бала күнгі досы оның адресін тауып береді. Бауыржан Момышұлы сол кезде қазіргі Төлеби мен Бөгенбай батыр көшелерінің ортасындағы Назарбаев көшесіндегі сары үйлердің бірінде тұрады екен.

«Қас қарайып кеткен кез еді, есігін қақтым. Әйелі шығып, демалып жатқанын айтты.

Арғы жағанын:

– Кім ей? Кірсін! — деген зор дауыс шықты. Кірдім. Бөлменің ортасында дөңгелек үстел тұр. Бұрышта пианина, креслодан басқа ештеңе жоқ. Бауыржан Момышұлы мұрты едірейіп креслода отыр. Аздап қызып алған тәрізді.

– Отыр! Не шаруа?

– Чайковскийде оқып жүр едім. Әскерге алып кетті.

Басында түсінбей қалды.

– Музыкалық оқуға түскің келіп жүр ме? – деп сұрады.

– Жоқ, әскерден қашып келіп отырмын.

– Ә, дезертирмін десеңші.

– Қашу ниетім жоқ. Жағдайды басшыларға айтқым келді.

Әңгімемді бастан аяқ тыңдаған соң:

– Әй, балам, жағдайын қиын. Мен пенсиядағы адаммын. Қолымнан не келеді дейсің? Мен саған генерал-майор Байкеновке хат жазып берейін, – деді.

Үйінде жүрген қызды шақырып, дөңгелек үстелдегі мәшинкасымен хат жазғызды.

– Мына хатты ал да, бар! Көмектесуі керек саған, — деді».

 Жындыхана тұтқыны

Хатты алып, Талдықорған облысы, Ақсу ауданына – ауылына барады. Ондағы ойы – қамалардың алдында туыстарымды бір көріп, қоштасып қалу.

Туыстарының бірі хатты алып, Алматыға келіп, Орталық Азиялық әскери округтің комендатурасына барған.

«Келсін, іздеп жатырмыз депті. Бардым. Қамады. Тергеу басталды. Тергеу 18 күнге созылды. Олар мені соттай алмады. Бір ай қашып жүрген жоқпын. Қайта әскерге жіберейін десе, мәселе жаңағыдай. Ұлтшылдық көрініп қалды. Олар менен құтылғысы келді», – дейді кейіпкеріміз.

Тергеушілер Байқоңырға барып тергесе, офицерлер бар жайтты толық мойындапты.

«Соттайтын болса, совет әскерінде ұлтына қарай кемсітушілік бар деген сөз шығады. Менен құтылғысы келіп, ақыры мені жындыханаға тықты. Бір жарым ай сонда болдым. Неше түрлі дәрісін салды. Қауіпті ауруларға салатын дәрісін де екті. 45 күннен кейін тергеуші келіп алып кетті. Комиссия қарады. Мені әскер қатарына жарамсыз деп босатты», – дейді Қасен Қожа-Ахмет.

Қыркүйек айында оқуын қайта жалғастырған.

 Күрес жолы қалай басталды?

Әскерде бірге болған, жарамсыз болып қайтқан бір жігітпен сөйлескен. Ол қылмыс жасаған адамдардың жазаға тартылмақ түгілі, қызметі өсіп жатқанын айтқан. Сонда: «Совет өкіметінің түрі мынау екен! Ешқандай заң жоқ екен! Менің ұлттық намысыма тиді. Бұлардан құтылмаса, болмайды екен» деген ұйғарымға келіпті. Бұл 1970 жылы еді.

Содан «Оян қазақ! Оян елім!» деп үндеу жаза бастаған. «Бір ұлтқа табындыру, орыстандыру саясаты тоқтатылсын! Қазақстандағы оқу мекемелері қазақша білім берсін!» «Қазақстанға басқа республикалардан халықты әкеп, қоныстандыру тоқтатылсын!» деп мәселе көтереді.

Өткір мақалаларын көбейтіп, қалаға әкеп, қазақ жастарына тарата бастайды.

«Мұнай, ет, басқа да тауарлар өзімізден артылмайынша, ешқайда шығарылмасын. Ол кезде біздің дүкендерде арақ пен сабыннан басқа ештеңе жоқ болатын. Аудан орталықтарында да сол. Етті Алматыға келіп алатынбыз», — дейді Хасен Қожа-Ахмет.

Конституция бойынша, КСРО құрамынан республикалардың шығу құқығы бар екенін ұмытпауға шақырады. «Жас қазақ» ұйымын құруға үгіттеу жұмыстарына кіріседі.

«1977 жылы 20 мақала-үндеу жазыппын. Одақ пен отардың айырмашылығын Маркс пен Лениннің сөздерімен салыстырып жаздым. Өз көсемдерінің сөздері өздеріне келтірдім:

«Маркс пен Лениннің айтқаны мынау, ал сендердің істеп жатқандарың мынау, бұл қалай? Коммунистер деп жүргендер – Марксшіл де, Лениншіл де емес, мәнсапқорлар. Лениннің кітаптарының бетін де ашып қарамаған. Бұлардың мақсаты – басқа халықтарды ассимиляциялап, түбінде жоқ қылу» деп жаздым.

Сол кезде Қазақстанның Ресейге «өз еркімен» қосылғанының 250 жылдығын тойламақ болып жатқан еді. Мен ешқандай өз еркімен қосылудың болмағанын ашық көрсеттім.

«Әбілқайыр хатқа қол қоймай тұрып, Ресей империясы басып кіріп, крепость салып, зеңбіректерін қазақ даласына қаратып қойған. Дүниежүзілік жандарм болуға ұмтылған», – деп шындықты айттым. Басқа аймақтарды қалай басып алғанын, Кавказ бен Орталық Азия халықтарын қалай қырғанын көрсеттім. Камчатка мен Амурдағы халықтарға қандай нәубет келгенін де жаздым.

1975 жылы «Ұлт мәселесінің тарихи шешімі» деген мақалам дүмпу тудырды. «Үлкен империялар түбі ыдырайды. Тарихтағы барлық империялардың кебін КСРО-да киеді. Құрамындағы Қазақстан, Украина және Грузия секілді елдер тәуелсіз ел болады» деген ойды айттым. Машинкамен теріп, көбейтіп, жоғары оқу орындарына және достарыма тараттым», — деп есіне алады Хасен Қожа-Ахмет.

 КГБ диссидентті қалай ұстады?

1977 жыл. Алматының жоғары оқу орындарының алдында келіп ұдайы үгіт-насихат жасайтын, көзіне қара көзілдірік таққан адам КГБ-ның назарына аудармауы мүмкін емес. Әсіресе, Кеңес Одағын әшкерелейтін, сол кездегі қоғамдық құрылысқа қарсы үндеу-мақалалар таратып жүрсе. Бірақ оның қаражаяу біреу емес, білдей бір қызметі бар – Есік қаласының музыка мектебінің директоры екенін ешкім ойламаған да еді.

«Зовет институтына түнде келіп, бір студентке үндеу парақшаларды қолына ұстатып, достарына тартуды тапсырдым. Туысымның үйіне барайын деп, өзім аялдамада тұрғанымда, үш жігіт келіп, портфеліме жармасты. Қалғаны бас салып, қолымды қайырды. Ұзыны – студсоветтің басшысы екен. КГБ мені ұстап бергені үшін магнитофон сыйлапты.

Мені ұстап берген тағы бір студенттің бірі – біраз жыл Ұзынағаштың, қазір Фабричныйдың әкімі екен деп естідім. Үшіншісін білмедім. Өйткені, сотқа келмеді.

Кейін білдім, студенттердің кейбірі КГБ-ның агенттері болып шықты. КГБ-ның қара волгасына отырғызып, сұр үйге әкелді.

– Халқымның тәуелсіздігі үшін сендермен күрестім. Ұсталдым. Енді не істейсіңдер өз еріктерің. Аты-жөнімді айтпаймын, – деп қасарыстым.

Партфелімді ашып қарады. Шопен туралы жазылған кітап шықты. Онда Хасен Қожа-Ахметтің жеке кітапханасынан деп жазылып тұр. Сосын пікірлес досыма жазған хатым шықты. Оны жолдап үлгермеген едім. Онда адресім жазылған. Олар менің кім екенімді біліп қойды. Түнгі үшке дейін тергеді» Баяғы Байтұрсыновтар мен Сейфуллиндер жатқан ішкі түрмеге апарып қамады».

 Қазақ офицері не үшін көмектесті?

Бес саусақ бірдей емес. Атынан ат үркетін КГБ-да да лайықты офицерлер болған көрінеді. Соның бірі – Хасен Қожахметтің жеңіл жазаға кесілуіне мұрындық болған. Жаны ашығаны ма, әлде, қайсарлығы тәнті еткені ме? Ол жағы әлі де жұмбақ. Әрі қарай кейіпкеріміз сөзін былай жалғады:

«Ішкі түрмеде сегіз ай жаттым.

– «Жас қазақта» неше адам бар? – дейді тергеуші.

– Бәрін жалғыз өзім жаздым.

Үйдегі Ленин мен Маркстың шығармаларының томдары үйде тұрғанын, мәтіндердің астын сызғанымды айтып, үндеулерді өзім жазғанымды дәлелдедім. Олар музыканттың қолынан мұндай жазу келеді деп сеніңкіремеген еді. «Мамандығыңыз сәйкес келмейді. Сізге кемінде тарих ғылымының докторы көмектескен. Тарихты мұнша терең білуіңіз мүмкін емес» дейтін тергеушілер.

Мұқанов деген тергеуші ақсақал «неге өйттің?» деп бастайды.

– Өйтпесем, қазақ жоқ болайын деп тұр.

– Нең бар еді? Бәріміз де шыдап жүрміз ғой. Өй, сенде. Былтыр өлген әкеңді биыл жоқтап… – деп арасында ұрсып қояды.

Пікірлерімді ашық айтып едім:

– Сен өмір бойы түрмеден шықпайтын баласың ғой, – деп күледі.

Менің түсіндірмемді жұмсартып, протоколдардың тігісін жатқызып қойды. Мені қорғап қалды. Маған «Кеңес Одағына қарсы үгіт-насихат, астыртын ұйым құру» айыбы тағылды. Ол бойынша жеті жылға сотталуым керек еді. Мені диссиденттік бабқа іліктірді. «Кеңестік қоғамдық құрылымды даттайтын жалған ойларды таратты» деген бапқа ауыстырған. Ол баб бойынша үш жылға дейін соттайды.

Ол кісі соғыс аяқталған жылдары Балтық жағалауы елдері ұлтшылдарының ісімен айналысыпты.

– Кеңес үкіметіне қарсы соғысқан «орман бауырлары» легиондарын тергеп едім. «Осындай адамдар біздің қазақтан шығар ма екен?» деп ойлаушы едім. Енді, міне, көріп отырмын сені, – дегені бар бірде.

Тергеуге елу алды адамды шақырыпты. Ішінде Шәмші Қалдаяқов та бар. Мұрат Әуезовке тиіспепті. Ол кезде әндерім республикаға тарай бастаған кез. Шығармашылық зиялылармен араласа бастағанмын. Тұманбай аға алғашқы мәтін жазып берген еді. Қиналып жүрген кезінде Шәмшімен де араластым. Мұрат Әуезовпен ұйым жайлы сөйлесіп жүргенмін.

1979 жылы екі жыл түрме отырып, мерзімімді бітіріп, бостандыққа шықтым».

 Желтоқсан: Хасеннің үшінші рет сотталуы

Хасен Қожа-Ахмет Желтоқсан оқиғасына дейін ұстаздық қызметке, шығармашылыққа ден қояды.  1985 жылы күй табағы шығып, дүңгіршіктерде сатылып жатты. Қазақстан арнасында жүргізетін 45 минуттық хабары да болды. Өткір идеяларын сатира арқылы айтуға ұмтылды. Осы аралықта сексенге жуық сатира жазыпты.

1986 жыл. Желтоқсан көтерілісі бұрқ етті.

«Таңертең жұмысқа келсем, бір топ адам алаңға жиналыпты. Бұлар не ғып жүр деп сұрасам, жұрт «Колбиннің тағайындалуына қарсы шықты» дейді.

«Ойпырмай, қазақ шынымен де оянды ма?» — деп қуандым. Бірақ анық қанығына көзімді жеткізгім келді. Алаңға әріптестеріммен бірге бардым. 17 желтоқсан. Мінбер бос. «Әр халыққа өз көсемі!», «Ұлт саясаты бұрмаланбасын!» деген талаптар жазылыпты», – есіне түсіреді композитор.

Хасен Қожа-Ахмет секілді қайраткердің халық тұяқ серпіген тұста қол қусырып қарап отыруы мүмкін де емес еді. Наразылық акцияларының белсенді ұйымдастырушыларының біріне айналады. «Дружинниктің» белгісін әдейі тағып алып, алаңға ағылған жастарға милиция кордондарынан айналып өтудің жолдарын көрсетеді. Таяқ жеген қыздарды құтқарып, милициямен алысады. Қамалған жастарды түрмеден шығару туралы талап қоюға шақырады.

Мұндай әрекет КГБ-ның қырағы назарынан тыс қалсын ба, ақыры төрт жылға соттайды. Бірақ екі жыл екі айын түрмеде өткізген соң, мерзімін қысқартып босатып жіберген.

«Кейін 2008 жылы есіме түсті. Ана тұрғандардың ішінде жастар жоқ еді. Транспарант ұстап тұрғандар – 45-50 дегі адамдар еді. Ол кезде компартия мен комсомолдан басқа қоғамдық ұйым жоқ. Сонда, «үкіметтің өзі ұйымдастырмаса, кім ұйымдастырды?» деген ой келді. Желтоқсан оқиғасын зерттей келе, осыған анық көзім жетті.

«Метель» операциясын сынақтан өткізу үшін Мәскеу сынақ өткізбек болған. Алғашқы топты сол кездегі биліктің өзі шығарған. «Қайта құру кезінде халық шеруге шықса, не істейміз? Бұрын ататын едік, енді қалай басамыз?» деп байқап көрмек болған. Яғни, алғаш алаңға шыққан екі жүз адамды өздері ұйымдастырған.

Өйткені, мұны ұйымдастыру, транспаранттар жасау мүмкін емес. Жастардың арасында КГБ агенттері көп. Бірден хабар беруші еді. Бірақ Кеңес билігі ашынып жүрген қазақ алаңға лап қояды деп ойламаған еді», — деп тұжырымдайды Хасен Қожа-Ахмет.

Шадияр ЖАРҚЫМБЕКОВ