«Шашлык пісіріп жатыр деп ойладық»: Жаңаөзендегі көтеріліс қалай болды?

0

16 желтоқсан күні отбасыммен Ақтаудан Жаңаөзенге жолға шықтық. Әкемнің ағасы сол жақта тұрады. Бір жағынан тәуелсіздік мейрамын атап өтеміз, екінші жағынан әпкемнің туған күнін тойлаймыз деген ой болды.
Ол кезде қазіргідей 1 сағат 20 минутта Жаңаөзенге жетіп бармайсың, жолға 2 сағат кетті. Қалаға жақындаған бетте аспаннан, айналадан түтін көрінді. «Жаңаөзендіктер шашлык жасап жатқан ғой, күшті» деп бір-бірімізге айтып күліп қойдық. Бір кезде адамдардың жүгіріп қашып келе жатқанын көзіміз шалды. Не болғанын өзіміз де түсінбейміз. Ағам «бұлар точно шашлык пісіріп жатқан жоқ» деді.
Сол кезде әкеме ағасы қоңырау шалып, Теңге жақпен (Теңге деген ауыл бар) келуімізді сұрады. Біз қалаға кіріп қойғанбыз. Бұған дейін көрмеген қала ішіндегі кептелісті көрдік. Халық та, машина да ығы-жығы. Артқа жол жоқ. Тәуекел деп алға жүрдік. Абыр-сабыр орталыққа жақындаған сайын көбейіп барады. Қорқыныштың болғаны да өтірік емес.
Әйтеуір үйге жеттік. Көкем бір сөйлеп алды. Сенесіз бе?! Сол күні есікті ішінен құлыптап алып, далаға шықпадық. Дүкендер жайына қалды. Кішкентайларды дүкенге жұмсайтын аналарымыз өздері барып жүр. Далаға шығудан қорқып қалдық.
Түн болып, төсек салынды. Даладан бірдеңенің жарылған дауысы естілді. Түнімен осы дауыс бірнеше рет қайталанды. Таңертең далаға шыққан әкелеріміз адамдардың кейбір машиналарды жарып жатқанын айтты. Тіпті, күндіз де сол дауыс қайталана берді. 17 желтоқсан қорықсақ та, Ақтауға жолға шықтық. Қаланы көріп үлгермедік. Сезгеніміз — адамдардың қорқынышы мен жарылып жатқан машиналар, өлім-жітім де көп.
Араға біраз уақыт салып Жаңаөзенге барғанда қаланың қалай өзгергенін көріп, таңырқадық. Өртенгеннен кейінгі ғимараттар, тоналған дүкендер, жалпы қала баяғыдай емес. Содан бері халық та тәуелсіздік мерекесін қорқынышпен күтеді.
Есімде қалғаны — осы. Бұл оқиғаны ешқашан ұмытпайтын шығармыз.
(Студент қыздың естелігінен)

Дайындаған: Ақмарал БЕРЕКЕТ