Бүгін Ақселеу Сейдімбектің туған күні
Бүгін халқымыздың көрнекті қаламгері, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, филология ғылымының докторы, профессор Ақселеу Сейдімбектің туған күні.
Осыдан 12 жыл бұрын өмірден өткен белгілі ғалым тірі болғанда бүгін 79 жасқа толар еді.
Ақселеу Сланұлы 1942 жылы Қарағанды облысы, Жаңаарқа ауданында дүниеге келген.
«Лениншіл жас» (қазіргі «Жас Алаш») газетінде әдеби қызметкер, меншікті тілші, «Орталық Қазақстан» газетінің жауапты хатшысы, «Социалистік Қазақстан» (қазіргі «Егемен Қазақстан») газетінде бөлім меңгерушісі, «Зерде» журналының бас редакторы болған.
Алтынсарин атындағы Білім проблемалары институтының директоры, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті журналистика факультетінде кафедра меңгерушісі қызметін атқарды.
Отызға тарта көркем, ғылыми-көпшілік және монографиялық кітаптардың авторы. Гомердің «Илиада», «Одиссея» дастандарын қара сөзбен аударған. И.Можейконың «7 және 37 керемет» (1998) кітабын тәржімалаған. Шығармалары оннан астам шетел тілдеріне аударылған.
Жаңаарқадағы қабірінің басына мәрмәрдан ескерткіш қойылған. Құлпытасына «Көктегі күнге, жердегі еліме мейірімім қанбады» деген өзінің сөзі қашалып жазылған.
Келесі жылы ардақты тұлғаның туғанына 80 жыл толады.