Жазушылар одағында Тәуелсіздікке тағзым жасалды

0

8 желтоқсан күні Қазақстан Жазушылар одағы Нұр-Сұлтан қалалық филиалында Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған «Тәуелсіздікке тағзым» атты мәдени-әдеби іс-шара өтті.
Іс-шараға ақын, ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері Несіпбек Айтұлы, ақын Танакөз Толқынқызы, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының иегері Біржан Ахмер, Ербол Бейілхан, ҚР Жазушылар одағы Нұр-Сұлтан қалалық филиалы директорының орынбасары Олжас Қасым, ақын, «Әдебиет» порталының тілшісі Арман Шеризат, Қазақстан Жазушылар одағы Ақмола облыстық филиалының директоры Мерген Тоқсанбай, Жазушылар одағының мүшесі Қуаныш Оспан, ақын Табысбек Үсен, ақын Серікбай Әбілмәжін қатысты.
Әдеби кешті ақын, Қазақстан Жазушылар Одағының Нұр-Сұлтан қалалық филиалының директоры Дәулеткерей Кәпұлы жүргізді. Алғаш болып сөз алған ақын, «Бостандық жырының бозжорғасы» атанған Несіпбек Айт азаттықтың арқасында сөз бостандығының күрмеуі шешіліп, қаламгерлердің еркін құлаш сермеуіне жол ашылғанын сөз етті. Тәуелсіздіктің тұғырлы болуы үшін жас -ақын жазушыларды егемендіктің жарқын сәттерін жырлауға шақырды.
Айтулы шараға ақмола облысынан келген ақындар Тәуелсіздіктің ақ таңы туғандықтан, Көкше өңірінің қазақыланып жатқанын тілге тиек етті. Жақында Қазақстан Жазушылар одағы Ақмола облыстық филиалына директор болып тағайындалған Мерген Тоқсанбай Көкшетау қаласында көшелерге Алаштың көрнекті тұлғаларының есімі берілгенін, оған қаламгерлер қауымының тигізген зор үлесін атап өтті. Сондай-ақ, көкшетаулық ақындар Қуаныш Оспан мен Табысбек Үсен Біржан сал, Ақан серінің отанында ауыз толтырып айтарлық әдеби үрдістердің жолға қойылғанын қуанышпен жеткізді. Кешке қатысушылар тәу етер Тәуелсіздіктің тамыры тереңге жайылсын деген тілекпен тарқасты.