«Тәуелсіздігімізге Ресей мен Қытайдың арқасында қол жеткіздік» – Назарбаев
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Тәуелсіздік тағылымы» мақаласында Қазақстанның 30 жылдағы жетістігіне шолу жасады, деп хабарлайды kznews.kz сайты Sputnik Қазақстан сайтына сілтеме жасап.
Елбасы, ең алдымен, осыдан 25 жыл бұрын Қазақстанның Конституциясы қабылданғанын атап өтті. Ол Қазақстанның 30 жыл ішінде ғасырларға бергісіз даму жолынан өткенін айтып, «Қазақстан – 2030» және «Қазақстан – 2050» бағдарламалары ұлт дамуының даңғыл жолының өзегі болғанын айтты.
Шекара қалай шегенделді
Назарбаев мақаласында бабалардан қалған мұра – ұланғайыр жер патша заманында да, Кеңес Одағы тұсында да халықаралық құжаттармен ресімделмегенін айтып, шекараға қатысты келіссөздер оңайға соқпағанын жеткізді.
«Бұған басшылығы алғашқы күндерден-ақ біздің тәуелсіздігімізге, сондай-ақ шекарамызды нақтылау ісіне қолдау білдірген екі ұлы көршіміздің – Ресей мен Қытайдың арқасында қол жеткізілгенін айта кетуім керек. Сөйтіп, Қазақстанның Ресей Федерациясымен арадағы ұзындығы 7500 шақырым болатын ортақ шекарасы достық пен сенім белдеуіне айналды. ҚХР-мен шектес 1700 шақырымдық шекарамыз бойынша да тарихи уағдаластыққа қол жеткізілді. Бұл жайт шекара мәселесі бойынша өзге де көршілес елдердің сындарлы ұстанымда болуына септігін тигізді», — дейді Елбасы.
Ол сондай-ақ Ресейдің және оның президенті Владимир Путиннің, Қытай басшылығының тарихымыздағы сол маңызды сәтте көрсеткен қолдауының әрдайым қадірін біліп, ризашылықпен есте ұстауға тиіс екенімізді айтты.
«Кеңес Одағы тұсында қазақтың ұлан-байтақ жерінің әр тұсы жантүршігерлік атом жарылыстары жасалған түрлі әскери полигондар мен базаларға, зертханаларға айналды. Тек бір ғана Семей полигонында 456 ядролық, термоядролық жарылыс жасалды. Оның 116-сы ашық атмосферада жарылып, халқымызға орасан зор зиянды зардап әкелді. Қазақстан ғалымдарының есебінше, Семей полигонында жарылған атом бомбасының жалпы қуаты Хиросимаға тасталған бомбадан екі жарым мың есе артық екен. Мен осы тажал полигонды 1991 жылдың 29 тамызында жаптым», — деп еске алды Назарбаев.
Елбасы еліміздің атом қаруынан өз еркімен бас тартқанын Қазақстанның жаһандық бейбітшілікті сақтауға қосқан теңдессіз үлесі деп атады.
Қазақстан экономикасы қалай дамыды
Назарбаев Тәуелсіздікті жариялағаннан кейін ұлттық теңгенің айналымға енгізілгенін, болашақ ұрпақ ештеңеден тарылмауы үшін Ұлттық қор мен алтын-валюта қорын жасақтап, оған мол қаржы жинақталғанын айтты.
Сондай-ақ Есілдің бойынша ел астанасының бой көтергеніне тоқталды.
«Біздің еншімізге тарихымызда өз ауқымдылығы мен қиындығы жөнінен бұрын-соңды болып көрмеген жобаны жүзеге асыру – Сарыарқаның төріне, ерке Есілдің бойына ел қондырып, жаңа да әсем елорда салу мәртебесі бұйырды. Астананың қарыштап дамуы еліміздің өзге өңірлерінің өркендеп өсуіне серпін берді. Шымкент халқының саны миллионнан асқан республикалық дербес үшінші қала қатарына қосылды. Екі мың жылдық тарихы бар көне Түркістан кейінгі екі жылдың ішінде айтарлықтай өзгеріп, әсем шаһарлардың біріне айналды. Еліміздің өзге өңірлері мен ірі қалаларын да дәл осындай болашақ күтіп тұр деп нық сеніммен айта аламын», — деді Елбасы.
Нұрсұлтан Назарбаев егемендік алғаннан-ақ Қазақстанға экономикалық жаңғыру, инфрақұрылымды жаңарту және шикізатқа тәуелділіктен құтылу қажет екенін түсінгенін жазды.
«Бірақ тек үшінші онжылдықтың басына қарай, ресурс пен тәжірибе жинақтаған соң ғана біз бұл қиын істі жүзеге асыра алдық. Біз индустрияландыруға және өз өнеркәсіп базамызды дамытуға иек арттық. Сол мақсатпен индустриялық-инновациялық дамудың үш бағдарламасы қабылданды, 9 триллион теңге сомасындағы 1500 жоба енгізілді. Қазақстан бұрын өндірілмеген өнімдер – электровоз, автобус, автомобиль, теміржол вагондары, трансформаторлар және басқа да 500-ден астам өнім түрін шығара бастады», — дейді ол.
Айтуынша, 10 жыл ішінде 14 мың шақырым автомобиль жолы және 2,5 мың шақырым теміржол салынды. Ірі әуежайлардың бәрі, теңіз бен құрлық порттары қайта жаңғыртылды. Соның нәтижесінде теңізге шығатын жолы болмаған Қазақстан Еуропа елдеріне, Парсы шығанағына, Үнді, Алтант және Тынық мұхитқа тікелей шығу мүмкіндігіне қол жеткізді және еуразиялық трансконтинентальды көлік көпіріне айналды.