Ауыл-ел бесігі: Әділет министрі Алматы облысында жобалардың іске асырылуын тексерді
ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев және ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің берген тапсырмасын орындау мақсатында ҚР Әділет министрі Марат Бекетаев Алматы облысында «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында жүзеге асырылып жатқан жобалармен танысты, деп хабарлайды kznews.kz сайты ҚазАқпарат сайтына сілтеме жасап.
Министр Іле ауданының Боралдай, Кербулақ ауданының Сарыөзек және Панфилов ауданының Сарыбел ауылында болып, әлеуметтік инфрақұрылымның жай-күйімен танысып шықты. Атап айтқанда, орта мектепке жасалған кешенді, балабақша мен мәдениет үйінің ғимаратына жасалған жөндеу жұмыстарының барысын пысықтады.
Бұдан басқа министр Ескелді ауданы Бақтыбай селосында салынып жатқан газ құбыры мен газ бөлу желісінің құрылысымен танысты. Жұмыс сапары барысында Марат Бекетаев Ұйғыр ауданындағы жаңа дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысын көріп, Еңбекшіқазақ ауданы Масақ селосындағы су құбыры желісінің қайта жөнделуін бақылап қайтты. Жұмыс сапарының қорытындысы бойынша Әділет министрі облыс басшысымен бірлесе, әлеуметтік жобалар іске асып жатқан аудан, село әкімдерінің қатысуымен жиналыс өткізді. Министр аталған нысандардың дәл уақытында бітуі қажет екендігін назарға салды. Жалпы Алматы облысында 732 ауылдық елді мекен бар, оның 457-і әлеуеті жоғары, жалпы халық саны 1,5 млн адамды құрайды.
«Ауыл – ел бесігі» жобасының жүзеге асқан кезеңі 2019-2020 жылдары жалпы халық саны 264 мыңды құрайтын 25 ауылдық елді мекенде сомасы 19,8 млрд теңгені құрайтын 75 жоба жүзеге асқан. Бұдан басқа 2022 жылға 72 ауылдық елді мекенде жүзеге асатын сомасы 21,7 млрд теңгені құрайтын жобалар тізімі бекітілді.