Игі іс ізсіз қалмайды
Елімізде қазіргі уақытта мүмкіндігішектеулі жандарға жасалатын қамқорлық аясы кеңіп, олардың әлеуметтік ахуалын жақсартуға мән беріліп келеді.
Бұл бағытта жұмыстарды жүйелейтін нормативтік-құқықтық актілер қабылданды. Осы мақсатта көптеген іс-шаралар қолға алынып, жұртшылық сол қолдаудың шарапатын көре бастады. Мемлекеттік деңгейдегі белгіленген бұл істердің барлығы ауқымды жобалар екені белгілі.
Қазір бұл игі шаралармен еліміздің барлық аймақтары қамтылған. Соның қатарындағы «Алматы облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы мемлекеттік мекемесінің «Мейірім» Жаркент арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесі 1972 жылы құрылған болатын.
Бұл күтімді, тұрмыстық және медициналық қызмет көрсетуді қажетсінетін, созылмалы психикалық аурулармен ауыратын мүгедектердің тәулік бойы тұрақты тұруына арналған 320 орындық, 210 қызметкері бар облыстағы ірі әлеуметтік мекеме болып табылады. Коммуналдық мемлекеттік мекеменің құрылтайшысы Алматы облысының әкімдігі, ал мемлекеттік басқару органы Алматы облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы. «Арнаулы әлеуметтік қызметтер туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес және халықты әлеуметтік қорғау саласындағы стационарлық жағдайда арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету стандартына сәйкес жұмыстарды жүзеге асырылады.
Мекемеде алдымен мүмкіндігі шектеулі адамдарға әлеуметтік-тұрмыстық, медициналық, психологиялық, педагогикалық, еңбек, мәдени, экономикалық, құқықтық қызметтер сапалы көрсетілуіне баса мән беріледі.
Орталықтағы қызмет алушылардың құқықтарының сақталуына, олардың шоттарындағы зейнетақыларын сақтау барысына қоғамдық бақылау жүргізу үшін құрамы 9 адамнан тұратын мекемеде «Қоғамдық кеңес» құрылып, тұрақты жұмыс істейді. Ағымдағы жылдың шілде айында қызмет алушыларға қажетті қызмет түрлерінің қолжетімділік деңгейін сараптап, құжаттармен танысып, мекемеде карантин режимінің талап деңгейінде сақталғанын, пандемияның алдын алу шараларымен жан-жақты танысып, атқарылған жұмыстарға оң бағасын берді.
Әлеуметтік желіде кеңес отырысында қаралған мәселелер тұрақты түрде жарияланып отыруы игі дәстүрге айналды. Бұл ұжым жұмысының ашықтығын көрсетеді.
Орталықта қызмет көрсетудің сапасын жақсарту мақсатында тұрғын жайларға, қызмет көрсету кабинеттері мен ауланың аумағына 86 бейнебақылау камералары орнатылып, олардың үзіліссіз тәулік бойы істеуі қадағаланып, қызмет көрсету барысы күн сайын сараланады.
Мүмкіндігі шектеулі топтарды әлеуметтік қорғау, қолдау көрсетуде олардың араласуға тура келетін қолжетімді ортасын қалыптастыру аса маңызды. Жасыратыны жоқ, қазіргі кездің өзінде біздің елімізде мүгедектердің көшеде қозғалуы, қоғамдық орындарға, бір жерден екінші жерге баруына қиындықтар туғызатын жағдайлар аз емес. Мекемелерге, сауда нүктелеріне қажеттіліг болған кезде мүмкіндігі шектеулі жанның қасында алып жүретін дені сау бір адам міндетті түрде жүру қажет. Өздігінен жүруге толық жағдай жасалмаған.
Бұл отбасы мүшелеріне айтарлықтай кедергі келтіріп, көп уақыттарын алады. Өйткені, қатаң талап етілсе де қазір көптеген елді мекендерімізде, тіпті үлкен қалаларда мекеменің пандустары стандарттарға сәйкес келмейді. Кейбір пандустардан он екі мүшесі сау адамның өзі шыға алмайды. Сол сияқты қарапайым жолжиектер, есіктің табалдырықтары да мүгедек жанның кіріп шығуына ыңғайсыз күйінде қалып отыр.
Бұл мәселе тұрақты айтылып келеді және жаңадан салынып жатқан тұрғын үй немесе құрылыс нысандарын белгіленген стандарттар негізінде салынуын қадағалау керек. Осы айтылған кедергілер біздің орталықта ескеріліп, қызмет алушылардың, атап айтқанда тірек-қозғалыс мүшелерінде кемістігі бар жандардың қоршаған ортаға қолжетімділігін, жүріп-тұруын қамтамасыз етуге де барынша жағдай жасалды.
Бұл Алматы облысының әкімдігі мен «Nur Otan» партиясының «Өзгерістер жолы: барлығына лайықты өмір» сайлауалды бағдарламасын жүзеге асыру үшін әзірленген жол картасының негізінде әлеуметтік нысандарды түгендеу және бейімдеу бағытында кешенді жұмыстар жүзеге асырылды. Атап айтқанда, 6 аймақ бойынша «Кірме тобы», «Қозғалыс жолдары», «Қызмет көрсететін аймақ», «Санитарлық-тұрмыстық орынжайлар», «Ақпарат және телекоммуникация құралдары», «Нысанның аумағы» талапқа сай бейімделді.
Жыл сайын мемлекеттен осы салаға қомақты қаржы бөлініп келеді. Бөлінген қаражат мақсатты жұмсалып, ғимараттардың қалыпты жұмыс істеуіне көңіл бөлініп келеді. 2018 жылы жылу, электр, сумен қамтамасыз ету, кәріз жүйелері күрделі жөндеуден өткізіліп, ғимараттардың сейсмикалық беріктігі күшейтілді. Со сияқты ғимараттардың бұрынғы ескі шатырлары жаңасына ауыстырылды.
Ал үстіміздегі жылы орталық аумағын абаттандыру шаралары жүргізіліп, мекемеге қарасты 5000 шаршы метр алаң асфальтталды, 555 метр болатын сыртқы қоршауы жаңартылды. Заманауи «воркаут алаңы» жасалып, қызмет алушылардың дене шынықтыру мүмкіндігі жақсара түсті. Қазіргі күні аумағы 28х15 болатын айналасы қоршалған спорт алаңы бой көтеріп келеді, бұл өз кезегінде қызмет алушылардың спортпен айналысуына, бос уақыттарын тиімді өткізуіне аса зор ықпал етері сөзсіз.
Қазір ақпараттар заманы. Ғаламтордың пайда болуы ақпарат алмасуды дамыта түсті. Орталықтағы қызмет алушылар мен қызметкерлер туралы мәліметтер әлеуметтік қызмет порталы мен Е-Собес автоматтандырылған жүйелерге уақытылы және түгел енгізіліп келеді. «Мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік қорғау порталына (inva.gov.kz) толықтай тіркелген.
Интернет қолжетімділігі шешімін тауып, әлеуметтік желілер арқылы жұмыс істеу нәтижесінде қызмет алушылардың жақындарымен онлайн байланысы орнатылды. Туған-туыстарымен тікелей байанысқа шыға алады. Орталықтың 2019-2020 жылдардағы жұмыс қорытындысы бойынша қызмет алушылардың жақындарымен қашықтан режимінде ақпараттық-түсіндіру кездесулері 2 мәрте өткізілді. Ватцап, зоом жүйелері бойынша тұрақты байланыс орнатылды және осы бағыттағы жұмыстарды жетілдіру алдағы уақыттағы өз заңды жалғасын табатын болады. CtoudSEE JVS мобилді қосымшасы да қосылды. Сонымен бірге орталықта мемлекеттік мерекелер және өзге де іс-шаралардың жоғары дәрежеде өткізілуі игі дәстүрге айналған.
Өткізілген барлық шараларды БАҚ-та үздіксіз жариялай отырып, халықпен кері байланыс алу мүмкіндігін туғызу мақсатында әлеуметтік желілерде, инстаграмда «Jarkentsentr Meiirim» парақшасы, фейсбукте «Мейірім Жаркент орталығы» арнайы парақшасы құрылып, онда Ұлы Абайдың 175 жылдығына орай ақын өлеңдері, саяси құғын-сүргін құрбандары туралы, фейсбукте «Коронавирусты жеңу уақыт талабы» атты материалдар салынды.
Арнайы кесте бойынша қызмет алушыларды оңалту шараларының барысы туралы да бейнематериалдар үздіксіз жариялануы жақсы жолға қойылып отыр. Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің «Birgemis: Sabagtastyg» және «Birgemis: Qamgor» жобаларын жүзеге асыру шеңберінде еріктілерді әлеуметтік қызметкерлерге бекіту жоспары қабылданып, әлеуметтік-психологиялық, әлеуметтік-мәдени, әлеуметтік-құқықтық қызметтерге қажеттіліктер ескеріліп, елордалық «Kazbrands» қоғамдық қорымен өзара ынтымақтастық туралы меморандум жасалды.
Әлемді жайлаған ковид індеті өмірімізге елеулі өзгерістер енгізді. Қауіпті дерт қанша адамдардың өмірін жалмады. Оған тек алдынала сақтану шаралары ғана тосқауыл болды. Елімізде жарияланған карантинге байланысты орталықтың барлық қызмет алушылары мен қызметкерлері короновирустық инфекцияға қарсы (Covid-19) екпесін алудың 2 компонентін де ауданда алғашқылардың бірі болып ұйымшылдықпен іске асырды.
Пандемия жағдайында санитарлық, дезинфекциялық талаптарды қатаң сақтаудың нәтижесінде орталықтағы қызметкерлер мен қызмет алушылардың денсаулығын барынша сақтауға қол жеткізілді. Карантин кезінде қызметкерлер қауіпсіздік шараларын қатаң сақтап, мекеме аумағынан шықпай, қонып-жатып істеп, жауапкершіліктің ерекше үлгісін көрсетті. Игі іс ізсіз қалмайды, қызметкерлеріміз көпшіліктің құрметіне ие болып жүр, одан артық марапат болмаса керек.
Орталық басшылығы қызметкерлер мен қызмет алушылардың өзара толық түсіністікте қарым-қатынаста болуына, орталық қызметінің қолданыстағы заңнама талаптары мен белгіленген стандарттарға сәйкес атқарылуына, қызметкерлердің қызметтік әдеп қағидаларын қай жерде де қатаң ұстанып, өз қызметтерін адал атқаруына бар мүмкіндіктерді жасап, қызметкерлер мен қызмет алушыларға қажетті жағдайдың бәрін жасау бағытында берік ұстаныммен жұмыс жасап келеді.
Мейірім мекені қашанда мемлекетіміздің Ата Заңымен бекітілген басты байлығы мен құндылығы – адам, оның өмірі мен денсаулығына және құқықтарының сақталуына қажетті шараларды жүзеге асыруға бағытталған жұмыстарды алдағы уақытта да жоғары сапалы деңгейде атқаратын болады.
Амантай РАЕВ, «Мейірім» орталығының директоры.