Ковидке төтеп беру үшін сақтық шараларына салғырт қарамауымыз керек

0

«Ауру айтып келмейді» демекші, біздің елдімізді ғана емес, бүкіл әлемді әбігерге салған коронавирус індетімен күресу қайсібір ел үшін де оңайға соққан жоқ. Республикамыздың әрбір аймағындағы Гиппократ антына адал ақ халатты абзал жандардың ерен еңбегінің арқасында биылғы жылы аурудың бетін қайтару мүмкін болды. Ел басына күн туған, осынау қысылтаяң шақта Алматы облысына қарасты ШЖҚ Қарасай аудандық көпсалалы ауруханасының дәрігерлері де ауруға қарсы күресте алдыңғы шептен көріне білді. Аурухананың тыныс-тіршілігімен толығырақ таныса түсу үшін Қарасай ауданындағы КВИ-1 екінші дәрежелі ауруханасының меңгерушісі Дидар Мұқашевты әңгімеге тартқан едік.

– Дидар Қуатұлы, ковид-19 диагнозымен ауруханаға түскен науқастарға ең бірінші қандай көмек көрсетіледі? Әңгімемізді осыдан бастасақ…

– Науқас ауруханаға түскен сәттен бастап біздің тікелей бақылауымызға алынады. Ең бірінші науқасты палатаға жайғастырып, шағымына құлақ асамыз. Одан соң, тұрғылықты мекен-жайын анықтап, учаскелік дәрігерін құлақтандырамыз. Одан соң, ковид-19 ауруын таратуға жол бермеу мақсатында құрылған арнайы мобильді бригада науқаспен байланыста болған оның отбасы мүшелерінен анализ алып, оларды 14 күндік карантинге жатқызуға шешім қабылдайды. Науқас толыққанды айығып шыққаннан кейін де учаскелік дәрігерлерге актив жіберіледі. Жалпы ковид-19 ауруы тез таралатындықтан, оны ауыздықтау үшін дәрігерлердің барлығы осы бағытта жұмыла жұмыс істейміз. «Бір жағадан бас, бір жеңнен қол» шығарып, бәріміз бірлікте еңбек еткенде ғана жоғары нәтижеге қол жеткізу мүмкін болады.

– Бұған дейін ковидке қатысты жағдай ушығып, ел көлемінде өлім саны жиілегенін білеміз. Сол бір қиын кезеңдермен салыстырғанда дәл қазіргі жағдайға қарап, біз қауіпті дертті біршама еңсердік деп айтуға келе ма?

– Әрине, бүгінгі күні ел көлемінде ковид-19 індетінің таралуы біршама бәсеңдеді. Бұл әлбетте ауруға қарсы жүргізілген қарқынды жұмыстың нәтижесі. Былтырғы жылы бұл ауру барлық елге өз залалын айтарлықтай тигізді. Себебі, бұл ауруға ешкім де дайын емес еді. Коронавирустың клиникалық белгілері тұмау және бактериологиялық ауруларға ұқсас болғанмен емдау қиынға соқты. Емдеу протоколы болған жоқ. Ауруханаларда дәрі-дәрмектер де жеткіліксіз болды. Ал қазіргі таңда ковид-19 індетін емдеу үшін мемлекет тарапынан барлық жағдай жасалды.

– Ауруға шалдыққандардың басым бөлігі қауіпті топтағы кісілер ме? Жоқ әлде бұл ауру жас талғап жатқан жоқ па?

– Былтырғы жылы ковид-19 ауруын жұқтырғандардың дені қауіпті топтағы қант диабеті, гипертония және т.б аурулары бойынша учаскелік дәрігерде тіркеуде тұратын науқастар болса, биылғы жылы бұл індет адам талғап жатқан жоқ. Бір айға толмаған кішкентай нәрестелерден бастап 90-нан асқан қарт кісілерге дейін ауырып жатыр. Яғни, еңбектеген баладан, еңкейген қартқа дейін ауруханаға түсіп жатқан жағдайлар жетерлік.Науқастардың анамнезіне үңіле келе олардың 90 пайызға жуығы тойға немесе қандай да бір көпшілік адам шоғырланған жиындарға барған болып шығады. Вакцина алған кісілердің арасында да ауруға шалдығып жатқандар бар. Бірақ бұл кісілердікі айтарлықтай жеңіл түрде өтіп жатқандығын ескеруге тиіспіз.

– Сөзіңіз аузыңызда, жасы келген кісілердің арасында ауруды жеңіп шыққандары да жетерлік шығар?

– Иә, ауруханаға келіп түскен науқастар арасында жоғарыда атап өткенімдей қарт ксілер де жиі кездесті. Әрқайсысының жағдайлары да әртүрлі. ИВЛ апппаратының қызметіне жүгініп, толыққанды айығып кеткендері де бар. Мәселен, өкпесі 80 пайызға дейін қабынып кеткен, ауыр жағдайда ауруханаға жеткізілген 90 жастағы бір қария болды. Емнің нәтижесі боларына бәріміз де күмәнмен қарадық. Себебі қан ұю жылдамдығы өте төмен. Тромбоциттері жоғары болды. Бүкіл анализдерінің көрсеткіші көңіл көншітпеді. Дегенмен, ол кісі дұрыс ем алып, тыныс алу жаттығуларын дер кезінде жасағанының арқасында ауруынан құлан таза айығып, отбасына оралды. Бұл әлбетте біздің ұжымның жемісті жұмысының нәтижесі деп білемін.

– Әлі де арқаны кеңге салуға болмайтыны белгілі. Дей тұрғанмен, қандай сырқаты бар кісілер аса сақ болуы қажет?

– «Ковид-19 ауруын емдеп жазуға болады» деген сөз ауру аса бір қауіпті емес дегенді білдірмейді. Сақтық әрбірімізге қажет. Дегенмен, қант диабетімен, созылмалы жүрек жетіспеушілігімен, онкологиялық аурулармен ауыратын кісілер өз денсаулықтарына асқан жауапкершілікпен қарауы тиіс. Бұрыннан келе жатқан созылмалы сырқаты бар кісілердің әрбірі тұрақты түрде емін алып, көпшілік жиналатын жерлерге бармай, барынша сақтық шараларын қатаң сақтауға тиісті. Өйкені, бұл кісілердің иммунитеттері өзгелерге қарағанда төменірек болатындықтан, өз өміріне қауіп төндіріп алуы мүмкін.

– Өзіңіз еңбек ететін аурухана ковидті емдеуге қажетті барлық құрал-жабдықтармен толыққанды қамтамасыз етілген ба?

– Қарасай аудандық көпсалалы ауруханасының, КВИ-1 екінші дәрежелі ауруханасы бүгінгі күні науқастарға қызмет көрсетуге қажетті заманауи құрал-жабдықтармен толыққанды қамтамасыз етілген. Былтырғы жылы кислородты станциялар мен кислородты концентраторлардың жетіспеушілігінен проблемалар туындаған-ды. Биылғы жылы қажетті құрал жабдықтар жетерлік. Сонымен қатар, науқастарға қажетті дәрі-дәрмектердің де сегіз айға жетерлік қоры бар. Былтырғы жылы ковидқа шалдыққандарға жақсы көмектесетін бағасы қымбат дәрілер сатып алуға табылмай қиындық туғызса, биыл ондай проблема жоқ.

– Ковид алғаш басталған кезде дәрігерлер арасында ауру жұқтырушылардың қатары артып, тіпті өлім-жітім де көп болды. Мұның себебі, қорғануды білмегендіктен бе, жоқ әлде қорғаныш киімдерімен толық қамтамасыз етілмегендіктен бе?

– Бұл тұрғыда дәрігерлердің ковидпен күресу жолында тәжірибесінің болмағандығы да өз залалын тигізгені сөзсіз. Дегенмен, дәрігерлер деп бір жақты айтуға келіңкіремейді. Өйткені ауру жұқтырушылар арасында медбикелер де, тазалықшылар да болды. Сондай-ақ, жағдайға салғырт қарайтын кейбір науқастар, жедел-жәрдем көмегіне жүгінудің орнына жеке амбулаториялық орталықтарға барып, ем алып, аурудың одан әрі таралуына жол ашты. Дертке шалдыққан көптеген науқастарға дұрыс диагноз қойылмады. Олардың көпшілігі тұмау немесе бактерологиялық пневмония бойынша ем қабылдады. Осының барлығы дәрігерлердің дертке шалдығуына әкеліп соқтырды.

– Халық ковидке қарсы төтеп беруі үшін күнделікті тіршілікте қандай қағидаларды ұстанулары керек?

– Ең біріншіден халық ковидке қарсы төтеп беруі үшін ең алдымен екпе салдыруы керек, екіншіден үйден шыққан жағдайда міндетті түрде маска қолдануы қажет. Сонымен қатар бұл тұрғыда қолды қайта-қайта жуып, антисептик қолдану да маңызды рөл атқарады. Адам көп жиналатын жерге мүмкіндігінше бармауға тырысу керек немесе аз баруы керек. Сондай-ақ, үйдің тазалығына жете көңіл бөліп, жиі-жиі желдетіп тұруды да назарда ұстаған жөн.

– Әңгімеңізге рахмет! Еңбектеріңізге жеміс тілеймін!

Гүлмира САДЫҚ